ЕКПЕ ЕГУ – ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ
Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады. 2019 жылдың көктемінен елді дүрбелеңге салған короновирустың қарқыны әлі де қатты. Былтыр тәжтажалдың құрығына ілінгендердің көбі о дүниелік болып, бақиға аттанды. Ол кезде тек Қазақстан емес, әлемнің ақ халатты абзал жандары науқастарға қандай ем жасау керектігін білмей, қарлығаштай қанатымен су сеуіп, әр науқастың өмірі үшін күресті. Тіпті, олардың ішінде өзгенің өмірін сақтау жолында өзін құрбандыққа шалғандары да бар. Қаншама сараптама мен зерттеуден кейін коронавирусты біржола жойып жібермесе де, сырқаттың бетін қайтарып, ауру процесінің жеңіл өтуіне мүмкіндік туғызатын түрлі вакциналар шығып жатыр.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу барысында ел Президенті Қ. К. Тоқаев тұрғындарға вакцина салуды уақытылы және жаппай ұйымдастыруды, эпидемиологиялық жағдайды қатаң түрде бақылауды ұсынды.
Халықтың келісімімен қыркүйек айына дейін елімізде 10 млн. жуық адамды егу жоспарланған. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Сол себепті ел арасында вакцина жайлы түрлі әңгіме тарап, тіпті, вакцина егу адамдарға чип салудың бір жолы дегендер де болды. Коронавирусқа екпені егуді тұрғындардың бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Ол – табиғи заңдылық. Себебі, адамдардың бірі елге келген жаңалыққа (бұл жерде вакцина туралы) тосырқай қараса, бірі ел ішін ала тайдай бүлдіріп, бүйректен сирақ шығаруды көздейді. Өзгенің жетегіне еріп, түрлі қауесетке сеніп, естігенін екі есе өсіріп айтушылар да бар.
Дегенмен, саналы түрде вакцинаның қажет екенін түсініп, өз денсаулығын сақтау арқылы қоғамның денсаулығына алаңдайтын жандар ерікті түрде екпе салдырып жатыр. Бастапқы кезде мен де вакцина жайлы түрлі әңгімені естіп, әлеуметтік желілерден оқып, салдыруға қорыққаным рас. Бірақ, бойдағы үрей мен қорқынышты жеңіп, өзім үшін, айналамдағы жақындарымның өмірі үшін екпе салдырдым. Дәрігерлердің айтқан нұсқауларын орындап, екпе салдырғаннан кейінгі күтімді күшейттім. Иммунитетім толық қалыптасқанша өзімді оқшаулауға тырыстым. Вакцина салған кезде еш өзгеріс болмады дей алмаймын. Бастапқыда сәл дене қызуым көтерілді. Бірақ, жұрт дабыра қылып айтқандай аса қиын жағдайға тап болмадым. Вакцина індеттен қоғамды құтқарып, болашақты көрсететін жолдардың бірі болғандықтан ақылмен әрекет ету керек. Жалғыз дәрігердің күші бүкіл халыққа жетпейді.
Сондықтан, виурс жұқтырмаудың басты жолы екпе салдыру деп түсінемін. Алматы облысы қызыл аймақта тұрғанын қарапайым халық білсе де, сақтық шараларын сақтамайды. Бірі бетперде тақса, бірі бетпердесіз қаланы шарлап жүр. Олардың бойынан үрейдің нышаны байқалмайды. Біздің қызыл аймаққа кіруіміздің басты себебі – осы болар.
Елге келген індеттің салдарынан көптеген мекемелер жабылып, оқу орындары онлайн білім жүйесіне көшті. Оқушылар онлайн форматта білім алды дегенмен, мектепке келіп, ұстаз алдын көргенге жетпейтінін мұғалім де, оқушы да, ата-ана да түсінді. Алдағы оқу жылында онлайн білім алудан құтылып, мектепке келіп дәстүрлі түрде білім беру форматына көшеміз десек, ендеше, денсаулық сақтау және санитарлық дәрігерлердің тілін алып, екпе ектіруіміз керек.
Екпе егу – өз денсаулығымызды сақтап, иммунитетімізді көтеру арқылы жақындарымыздың да өмірін сақтау. Ендеше, өз денсаулығымыз өз өміріміз өз қолымызда екенін ұмытпайық.
Мақсат ШЫҢҒЫС,
№36 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі