#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

АРДЕГЕРЛЕР ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІН БЕРДІ

Чапай ауылдық Мәдениет үйінде Іле аудандық ардагерлер ұйымының IV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиын барысында Алматы облысы бас санитарының талабы бойынша барлық санитарлық талап қатаң орындалды.

Бұл жиындар Алматы облысы бойынша барлық аудандарда өткізілген. Енді кезек Іле ауданына да келді. Конференцияға дейін ардагерлердің ауылдық округтердегі барлық бастауыш ұйымдары өздерінің есеп беру-сайлау жиындарын өткізіп, төрағаларын сайлады. Қорытынды жиында аудандық ардагерлер ұйымының IV есеп беру-сайлау конференциясына бас қосты.

Ардагерлердің аудандық конференциясына бастауыш ардагерлер ұйымдарынан сайланған делегаттар, шақырылған аудан мекемелерінің басшылары толығымен қатысты. Ең алдымен Чапай әкімшілігі ғимаратында ауылдық ардагерлер үйінің ашылуы өтті. Екі бөлмелі жайлы орында ардагерлерге арналған барлық жағдай жасалған. Ауыл ардагерлері ғана емес аналар кеңесі де дәл осы жайлы бөлмеде бас қосып, ауылдық тұрмыс-тіршілігін талқылайтын болады.

Сонымен конференцияға Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы мен аудандық маслихаттың хатшысы Абилова Роза Михайловна, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Тұрымбетов Ерболат Сапарұлы қатысты.

Ақсақалдар аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ауданымыздың Құрметті азаматы Надірбекова Ғалия Надірбекқызы, Боралдай кенті қоғамдық кеңесінің төрағасы Найзабеков Келгенбай, Чапаев бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Атамбаев Орынбасар, Жетіген округі бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Тоқымбаев Оразхан, Күрті округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Абықаев Ахмет, Ащыбұлақ округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, ауданымыздың Құрметті азаматы Исабек Қызайбеков сынды бақиға аттанған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алумен бастады.

Президиумда Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы – Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы – Исаев Әмзе Әлдібекұлы, аудандық қоғамдық кеңесінің төрғасы – Тұрымбетов Еролат Сапарұлы, Энергетик ауылдық округінен ауданның Құрметті азаматы Кененова Төрткен Кененқызы отырды.

Конференцияның күн тәртібінде «Аудандық ардагерлер кеңесінің есебі туралы» баяндамасымен аудандық ардагердер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы сөз алды. Екі сағат көлемінде аудан ардагерлерінің 4 жыл ішінде жасалған іс-шараларымен, қоғамдық жұмыстарын жіпке тізгендей баяндады.

Конференцияда жарыссөзге қатысқандар қатарында Байсерке бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Магай Юрий Васильевич «Жастарға отансүйгіштік тәрбие беруде бастауыш ұйымдардың рөлі» тақырыбында сөз қозғаса, «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» атты тақырыпта Казцик округі аналар Кеңесінің төрайымы, Топарова Баян өз ойын білдірді. Конференцияда Іле ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасын сайлау ашық дауыс түрінде жүргізіліп, ауданымыздың Құрметті азаматы Исаев Әмзе Әлдібекұлы сайланды.

Жиын соңында Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы өз тарапынан «қанағаттанарлық» деген баға беріп, қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды.

Есепті кезеңнің ескеретін тұстары

Біздің ауданда 22943 зейнеткер, 7 Ұлы Отан соғысының, 541 тыл, 226 Ауған соғысының ардагерлері бар. Соғыс ардагерлеріне әлеуметтік қорғау, сапалы медициналық қызмет көрсету, жеңілдетілген дәрі-дәрмек берілуі қала, аудан ардагерлерінің төрағаларының тұрақты бақылауында.

Біздің аудандағы барлық 10 ауылдық округтердегі 31 елді-мекендерде құрамында 22435 мүшелері бар 97 бастауыш ардагерлер ұйымдары қатарларында әр ұлттың дана қарттары ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты, ата-баба дәстүріміз бен салт-санамызды насихаттап, тілімізді, дінімізді дамытуда, оларға елжандылық пен имандылық тәрбие беруді қалыптастыруда ықпалдары өсіп айтарлықтай жұмыс жасап келеді.

Жастарды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, бабалар аманатымен таныстыруда ауданда «Ата-баба дәстүрі ұр-паққа аманат» атты бағдарлама негізінде ардагерлердің бүгінгі таңда әсіресе, жастарға, ата-баба дәстүріміз бен салт-санамызды, тілімізді, дінімізді дамытуда, оларға, елжандылық пен имандылық тәрбие беруде жас отаулар тірліктеріне ықпалдары арта түскен.

Бүгінде біз ұлтаралық қатынас, жастар тәрбиесі, көпұлтты халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасына сондай-ақ, отбасылық тәрбиеге аса мән беріп отырамыз. Олай дейтініміз, осы мәселелер болашағымызға біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүддеге айналып отыр. Осы мәселерді шешуде біздің аудандық ардагерлер ұйымы аудандық аналар кеңесі және басқа да қоғамдық ұйымдарымен және ауданымыздағы 34 ұлттар мен ұлыстар өкілдерінінің ардагерлерімен тығыз байланыста бірлесіп нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Жыл сайын ауданда қасиетті ораза айында, бастауыш ардагерлер ұйымдары тұрғындарға ауызашар ұйымдастырып, халықтың ризашылығына бөленуде. Сондай-ақ, ардагерлер ұйымдары тарапынан ҚР мемлекеттік мерекелері мен Ұлы Жеңіс пен Тәуелсіздіктің төл мерекелері және қарттар күні мерекесіне арналған шаралар өткізіліп келген.

Республикалық ардагерлер ұйымы құрылғанының 30 жылдығына орай ауданда біршама іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілген. Бұл шараларға ардагерлер ұйымдары белсенді түрде қатысып, жастарға үлгі өнеге бола білген.

Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акциясы,тағы сондай, «Ұлт болам десең бесігіңді түзе», «Ел болашағы — жастар» атты танымдық аудандық шара бастауыш ардагерлер ұйымдары мен аналар кеңестерінің арасында әр түрлі салт-дәстүрлер, театрландырылған көріністер, қойылымдар арқылы ауыл ақсақалдары мен әжелердің және жастардың қатысуымен өткізілген. Ардагерлердің ұйымдастыруымен Астананың 20 жылдығы мен Іле ауданының 90 жылдық мерейтойына, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен Абайдың 175, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ауданда ауқымды іс-шаралар өткізілген. Аудандағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының арасында «Қайран ерлер – қаҺарман ардагерлер» атты өнер фестивалі, Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Артында өлмейтұғын сөз қалдырған» атты ардагер ақындардың мүшәйрасы мен композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына байланысты «Шәмші әндерінің үздік орындаушылары» атты ардагерлер арасында онлайын конкурс өткізілген.

Ардагерлер ұйымдары ҚР Тәуелсіздік мерекесіне арналған Онлайн режимдегі іс-шараларға қатысып 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен ҚР Парламенті мен маслихат депутаттары сайлауын өткізуге белсене қатысқан.

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button