Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымЗаң және бізҚоғам

Құқығымызды білсек, жатқа жем болмаймыз

Әр елдің басты заңдылықтарын, даму бағытын, өмір сүру тәртібін айқындайтын ең негізгі құжаты – Ата заңы, яғни Конституциясы бар. Ата заң Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел екенін заң түрінде бүкіл әлемге жария еткен ерекше құжат болып табылады.

Ата заң елдің қасиетті құн-дылықтарына, ұлттық қазынасына басқаның қол сұқпауына, тіліміз бен дініміздің еркін дамуына, сөз бостандығына, әркімнің шектеусіз жүріп-тұруына, өз ар-ожданын қорғауына, адал еңбегімен тапқан жеке меншік дүние-мүлкін сақтауына кепілдік береді.

Сондықтан да зайырлы Қазақ мемлекетінің Ата заңының мызғымас беріктігі ұлттық идеологияның негізгі түп қазығы болып табылады. Ата заң халықты өткен тарихпен де, болашақпен де байланыстырып тұрған алтын арқау іспеттес. Оның тұтас болмысынан мемлекет мерейінің үстемдігі айқын көрінеді.

Елімізде терезесі тең болып, тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқан 100-ден аса ұлт өкілдері осы ең басты құжатымыз – Ата заңымызға бағынады, әрі олардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ете отырып, еш шектеу көрмей, емін-еркін жүріп-тұруына Ата заңымыз кепілдік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Конституциясы – өте саналы да салиқалы, үлгілі де өнегелі заңдар жинағы, әрі бүгінгі күні әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Ата заңы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Содан бері Конституциямызға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал мемлекетіміз өз тәуелсіздігін жариялағалы бері Ата заңымыз төрт рет өзгертілгенімен, ол халық пен мемлекет арасындағы коммуникативтік күш ретінде өз дәрежесін сақтап қалды.

Ата заң Қазақстанның әр азаматына еркін өмір сүруге, білім алуға, өзі қалаған мамандығы бойынша еңбек етуге, денсаулығын сақтап, одан әрі жақсартуға толық құқық береді. Соның нәтижесінде Қазақ елі дүние жүзіндегі барлық демократиялық елдермен қатар тең дәрежеде аяқ басып, татулығы жарасқан көпұлтты халықтардың достығымен, ынтымақ-бірлігімен әлем жұртшылығына үлгі-өнеге көрсетіп отыр.

Ата заң бойынша, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары дейтін болсақ, сол Ата заңды білу – әр азаматтың міндеті. Мысалы, күнделікті тіршілікте кез келген адам қандай да бір қиыншылықтарға тап болып, оның құқығы аяққа тапталуы мүмкін. Сондай сәтте Ата заңымыз көмекке келіп, мәселенің ақ-қарасын ажыратып береді. Ал ол үшін әр азамат Ата заңды, яғни Конституция ережелерін білгені абзал. Тек біліп қана қоймай, әр азамат заң талаптарын бұзбауға, оны әрқашан дәріптеуге, өзіне жүктелген міндетті адал орындауға тырысуы керек.

Сонда ғана Ата заңымыз мық-ты, әрі берік болмақ. Заңның мықтылығы атында емес, адалдығы мен әділдігінде екендігін ұмытпайық. Өйткені заң дегеніміз – өмір сүру тәртібі, қоғамдық нормалар жиынтығы. Ата заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы әр алуан халықты бір тудың астына біріктіру, оларды салауатты өмір салтына баулу, жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады.

Қазақстанда білім беру саласына, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу ісіне қашан да баса назар аударылатыны сөзсіз. Өзім талай жылдан бері еңбек етіп жүрген осы білім беру саласында Ата заңымыз үнемі ардақталып, басты құжат ретінде қолданылатынына куә болып жүрмін. Қандай бастама көтерсек те, қандай іс-шара өткізсек те, соның бәрі Ата заңымызды негізге ала отырып жүргізіледі.

Сондықтан да елімізде ұрпақ тәрбиелеу ісі жоғары деңгейде деп айта аламын. Мұның бәрі мемлекет басшысының, Қазақстан үкіметінің жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасы деп білемін. Ендеше осы ардақты Ата заңымыздың мерейі әрқашан үстем бола берсін! Ата заңы үстем елдің заманы қашан да тыныш болмақ.

Мемлекетті шын мәніндегі ба-қытты қоғамға бастауға қабілетті құндылықтар тек Конституция арқылы ғана өмірге келіп, сол арқылы ғана жүзеге асырылады.

Мемлекеттік басқару мен бұқара арасындағы байланыс тек Конституция арқылы ғана үйлесім табады. Ал мемлекетіміздің тұрақты дамуына, экономикамыздың өркендеп, Қазақстанның өркениетті ел ретінде танылуына тек Конституциямыз ғана кепілдік бере алады.

Еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтай отырып, Ата заңымызды қастерлей білсек, біз әлі талай жетістіктерге жетеріміз сөзсіз. Ол үшін ең алдымен ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болып, ынтымақ пен береке-бірлігіміз арта берсін!

А.Абдельдинов,

Төлеген Айбергенов атындағы

№48 орта мектеп тарих пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button