Алматы облысының жаңалықтарыЗаң және бізҚоғам

Прокурорлық қадағалау заң көзімен

Еліміздің Конституциясы мемлекетіміздің құрылымын айқындаған, егемендігін бейнелейтін, барлық заң мен заңнамалардың «қайнар бұлағы» саналған аса маңызды құжат болып табылады.

Әсіресе, тәуелсіз  мемлекетіміздің өсіп-өркендеуімен дамуы жолында және елдегі саяси процестердің қалыптасуында Ата заңымыздың орны ерекше.

Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуел-сіздігімізді бекітіп, мемлекет пен азаматтық қоғам-ның қалыптасуына негіз болатын басты шарттарды қалыптастырады. Ең қымбат қазынасы-адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылып, олардың қорғалуына сенімді кепіл болды.

Сонымен қатар, Конституция елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени, рухани ахуал мен халық игілігі үшін қарқынды дамуына қажетті жағдайларды айқындап береді. Нәтижесінде, мемлекеттік басқару институттарының барлығы негізгі занда көрсетілген талаптармен құқықтық негіздермен  қамтамасыз етілді.

Осының негізінде ҚР демократиялық құндылықтар қалыптасты, нарықтық экономикалық реформалар өз нәтижесін беріп, қоғамдық келісім мен тұрақтылық орнықты.

Қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда прокуратура органдары да өз үлесін қосып келеді. Қадағалаушы органның мәртебесі 1995 жылдың 30 тамызында өткізілген бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның 83-бабында жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган болып айқындалып, 1995 жылдағы Қазақстан Республикасы «Прокуратура туралы» Заңында көрініс тауып, мемлекеттік органдар жүйесіндегі ерекше орган ретінде белгіленді.

Сондай-ақ, мемлекет Басшысының ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында прокуратураны құқық қорғау жүйесінің «ұйытқысы» деп көрсетілуі де үлкен сенімнің артылуының белгісі. Онда Конституциялық құқықтардың басты мақсаттары ретінде Конституцияның идеялары мен қағидаларын және оның құқықтық құндылықтарын жүзеге асыру мәселелері көрсетілген.

Демек, мемлекеттік биліктің барлық саласының өкілдеріне, құқық қорғау және сот органдарына, қоғамдық ұйымдар мен азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктейтін кешенді шара.

Конституциялық міндеттеріне сәйкес, прокуратура мемлекет атынан заңдардың, Президент жарлықтарының және өзге нормативтік құқықтық актілердің дәл және бірыңғай қолданылуына, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және атқарушылық істер жүргізудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыруға, кез келген заң бұзушылықты анықтау және жою жөнінде шаралар қолдануға, сондай-ақ Конституция мен заңдарға қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық келтіруге тиіс.

Ең алдымен адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокурорлық қадағалаудың басты мақсаты мен міндеті болып табылады.

Ата Заңымыз — еліміздің басты тарихи құндылығы. Ол – Гимн, Ту және Елтаңба секілді халықаралық қоғамдастықта біздің мемлекеттілігімізді мойындататын негізгі құжат. Елдің бірлігі мен мызғымас татулығының нышанына айналған Конституцияны – құрметтеу патриоттық парызымыз.

Болашаққа керуен тартқан тәуелсіз Қазақстанның әлемдік кеңістікке тұғыры биік болсын!

Е. БЕЙМБЕТ,

Іле ауданы прокуратурасының прокуроры

Басқа жаңалықтар

Back to top button