МҰҚАҒАЛИШЫЛАР АЛМАТЫ МЕН ҚАРАСАЗ АРАСЫН ВЕЛОСИПЕДПЕН ЖҮРІП ӨТТІ
Осыдан аз уақыт бұрын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Хан Тәңірін бетке алған велошерушілер 330 шақырымдық жолды сәтті жүріп өтті. Бұл туралы «Жетісу» газетінің тілшісі мәлімдеді.
Алматы қаласынан ақиық ақынның кіндік қаны тамған Қарасаз ауылына шыққан велошеруге қатысушыларға ақ жол тілеген салтанатты шараға Жұлдыз Мұқағалиұлы, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбаев, «Қарасаз Аманат» қорының жетекшілері, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мүсірәліұлы, Алматы ұлттық медицина колледжінің директоры Тасболат Игембердиев, Ұлан Сәрсенбаев және Райымбек аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жұмақанұлы қатысып, төрт күнге созылатын велосапарға сәттілік тілеген болатын.
Жетісулық велошерушілерге қолдау көрсеткен Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы болды. Алматы – Қарасаз бағытын бетке алған велошеруге қатысушылар жолай Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарынан өтіп, Қарасаз ауылындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен сапарларын аяқтады.
— Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ақын мерейтойын арқау еткен велошерудің басты мақсаты – 330 шақырым жолды жүріп өту ғана емес, қара жолды қара өлеңмен өрнектеп, жолүсті аялдаған ауылдарда ақын өлеңдерін жатқа оқып, жыр-ғұмырын насихаттау, жырсүйер қауыммен байланыс жасау, – деді шерушілер капитаны Дүйсен Бозбашаев.
Велошеруге қатысқандар қатарын Райымбек ауданының қазақ күресінен аға бапкері Дүйсен Бозбашаев, қазақ күресінен спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов, «Жетісу» телеарнасының қызметкері Еркін Тынымсейітов, Қазақстан қолөнері одағының мүшесі Берікбол Молдабеков, Дүйсен Мұхиұлының шәкірті Бекзат Дүйсенбекұлы және ақын өлеңін насихаттаушы Дарубай Мамутұлы толықтырды.
Велошабандоздарға Жұлдыз Мұқағалиұлы әулет атынан ризашылығын білдіріп, ақын ауылына аман жетуіне, сапарларының сәтті болуына тілектестігін білдірген болатын. Ақсамайлы аға буынның ақ баталары қабыл болып, төрт күн жүріп, Қарасазға жеткен велошабандоздарды ауыл жұрты зор қошеметпен қарсы алды. Сапар соңында велошеруге қатсушылар ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Ұлбосын ИСАБЕК
Алматы облысы