#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

ОЙЫҢ АЗАТ, ҚИЯЛЫҢ ЕРКІН БОЛМАСА, ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕН ПАЙДА ЖОҚ

Тәуелсіздік – күллі қазақтың өмірінің мәні. Ұлт ретінде де, адам ретінде де біреуге тәуелді екеніңді біліп өмір сүру – қиынның қиыны. Тәуелді адамның ой-қиялы еркін дегенге кім сенеді? Дәл сол секілді өнер мен ғылымда да еркін ел ғана жетістікке жете алмақ.

Ой мен қиял еркіндігі бәрінен маңызды. Кез келген тығырықтан осы еркіндік алып шықпақ. Айталық, қазақ танымындағы көш ұғымына оралайық. Ұғым болғанда көш динамика ғой. Демек, қазақ үнемі қоныс ауыстырып, қозғалыста жүрген халық. Көш болған соң бір елден бір ел алыс отырады. Жұт жылдары бір-біріне қоныс беріп, жайылым ұсынып ымыраға кеп, осы жазиралы даламызда тіршілік етіп жатады. Қонысы жақын отырған екі ауылдың адамдары бір-біріне бауыр басады. Мезгіл жетеді. Қайта қоныс аударады. Әлгі бір-біріне бауыр басқан қазақтар: «Ауылым көшіп барады белден асып, белден асқан бұлтпенен араласып», – деп ән шығарады.

Табиғаттың заңдылығына, малдың жайылымына тәуелді қазақ. Ол қоныс аудармаса, оты қашқан жерден мал тәуір болмайды. Төрт мезгілге, табиғатқа тәуелді бола тұра, ол әлгіндей сөзбен керемет сурет салады. Бұлтпен араласып бара жатқан көшті көз алдыңызға елестетіңізші.

Міне, уақыт пен кеңістікке тәуелді қазақтың қиял еркіндігінің жемісі. Ой-қиялдың еркіндігі деп отырғаным – осы. Бірақ ой-қиял еркін болуы үшін де адам ментальді тұрғыда еркін болуы керек. Ол қалай дейсіз бе? Әлгі бұлтпен араласып бара жатқан көштің адамдары қайда көшеміз, мына жұртқа қонуға бола ма деп ешкімнен рұқсат сұрамайды. Ол көштің ата-бабасынан қалған жайылым-өрісі, қонатын жері бар. Қазіргі қазақ оқымыстылары В. Франклдың «Өмірдің мәні не?» сұрағын төтесінен қоюды, осы тақырыпты талдауды сәнге айналдырып жүр ғой. Ол да дұрыс шығар. Сол В.Франкл лагерьдегі түрлі азаптаулардан өмірден мән тапқандар ғана тірі қалады деп айтады емес пе? Демек қамаудағы адамның әлгі айтқан ой-қиялы азат болса, ол сол жерден аман шығуға талпынады деген сөз.

Тәуелсіздік дегенде біз әр қазақтың ой-қиялының азаттығы туралы ойлауымыз керек. Әлбетте, қиял азат болуы үшін сауат пен саулық керек. Сауатты адам ғана еркін ойлау мүмкіндігіне ие. Ал, саулықтың жөні бөлек. Денсаулық жоқ болса, дертке тәуелдісің. Сондықтан осы сауат пен саулықты тәуелсіздіктің қос қанаты дер едім. Тәуелсіздік біз айта беретін самұрық құсы шығар, бәлки Туымыздағы құс патшасы – қыран ба екен?! Әйтеуір ой мен қиял еркіндігінен жаралған осы құстың қос қанаты әлгі айтқан – саулық пен сауат.

Айнұр ТӨЛЕУ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Басқа жаңалықтар

Back to top button