Алматы облысының жаңалықтарыЗнай нашихҚоғамТұлға

ВАЛЕНТИНА ТАЛЮС: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ ПАРЫЗ

ДЕПУТАТ МІНБЕРІ

Соңғы кезде аудандық мәслихаттың депутаты Валентина Талюсті көрген азаматтар «Ой, жарайсың! Қазақ тілін жақсы білетін қыз екенсің. Қай ұлттансың?» немесе жәй келбетіне қарап «Өзге ұлттың қызының қазақ тілінде жатық сөйлеуі өте қызық көрінеді екен!» – деп таңданып жатады. Біз осы пікірлер жайлы және қазақ тілінің дәрежесі жайлы кейіпкеріміз педагогика-психология пәні бойынша №16 орта мектептің ұстазы Валентина Талюстан сұрап көрдік.

– Валентина ханым, сәлеметсіз бе! Қазақ тіліне деген сезіміңізбен бөліспей тұрып жаңа оқу жылындағы жаңалығыңызбен бөліссеңіз?

– Ең алдымен, әліппеміз қайта оралды. Әліппе – қазақ баласының ғылымға барар шырағы екенін түсіндік. Осы шырақтан қос қолдап ұстауымыз керек. Екіншісі, жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалықтардың бірегейі десем артық болмас, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан басталды. Онда «Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз» – дей келе, «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасын тілге тиек етті. Қашықтықтан оқыту бойынша да онлайн форматтың тиімді екенін айтты. Расында да қазіргі ғаламтордың қарыштап дамуы тұсында ұстаздың өзі цифрлық техниканы кеңінен қолдануы тиіс. Ғылымға бет бұру осындай нақты тапсырмалардан тұратынын сезінсек екен. Алдағы уақытта осы жаңа бағытты мақсат, меже етіп қойып, үлкен жұмыстарды атқаратын боламыз. Қазіргі кезде ешқандай ауылдың қарадомалағы білімсіз қалмайды. Оған куә жылдағы өткізілетін «Мектепке жол» акциясы аясындағы көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылар ауыл, аудан кәсіпкерлерінің көмегімен оқу-жазу, мектепке керек киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Осы игілікті істе аудандық мәслихат депутаттары да қалыс қалмай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қамқорлық акциясына атсалысуда. Барлық округтерде белсене қатысуда. Мен осы кезді пайдалана отырып әріптестеріме үлкен алғыс айтамын. Елдің азаматы деген атаққа лайықсыздар.

– Сіз үшін қайырымдылық деген не?

– Қайыру деген сөз шығар. Елден не алдың, соны өзіне қайырып беру. Қандай тәрбие алдың соны қазақ еліне әдемілеп сыйға тарту. Мұқағали атамыз «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» – деп жырлағандай, әр кезде жасаған үлкен жақсылықты, үлкен жүрекпен қадамдарды өзіне ыстық ықыласпен беру. Менің пайымым осындай. Мүмкін қайырымдылықтың көкжиегі одан да әрі шығар. Оны бір Жаратушымыз біледі.

— Қазақ тіліне деген жанашырлық сезімін кім оятты?

– Мен батыстың қызы болғандықтан болар, тік мінездімін. Мәймөңкелегенді ұнатпаймын. Маған қарап таңғалудың қажеті жоқ. Қазақтың қайнаған ортасында жүріп, қазақша түсінбеу деген нағыз сатқындық шығар. Өзім Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында М. В. Ломоносов атындағы орта мектепті бітірдім. Мектепте де, одан кейін жоғары оқу орнында да орысша білім алдым. Негізі мен кемпір-шалдың қызымын. Атам Хасанбек Баянұлы – қазақ, апам Нина Владимировна беларус ұлтынан. Ата-әжемнің қызы болғандықтан, ерке болып өстім. Атамның алдында отырып-ақ қазақ тілінде сайрадым. Атама өмір бойы рахметімді, шексіз алғысымды білдіремін. Бірақ, бір ескертетінім бар. Тәрбиені қазақша бермей, ешқандай бала қазақ тілін сүймейтін болады. Өйткені, атам қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» — деген керемет қанатты сөз бар. Осы нақылдан мықтап ұстансақ, бәрі жақсы болады.

– Валентина ханым, әлеуметтік желіде белсенді екеніңізді білеміз. Парламент мәслихатының депутаты Дана Нұржігіт өзінің фейсбук парақшасында педагогика-психология пәні ұстаздарының жұмысы жайлы ой толғаған еді. Осы мәселе төңірегінде сіздің пікіріңізді білсек…

– Қашықтықтан оқытудан кейін балаларға психологиялық қолдау қажет деген пікірмен келісемін. Біз, педагог-психологтар, сыныптағы және балалар арасындағы психологиялық ахуалды жақсарту үшін бар күшімізді саламыз. Жеке психологиялық консультациялар жалғасуда. Мен және менің әріптестерім психологтардың жалақысы тақырыбын парламент деңгейінде қозғағанына өте риза болдық.

Мен сондай-ақ, осы бағытта қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру курстарының болғанын қалаймын. Осы бір еліміздің білім саласында белең алған олқылықты бірге түзеуге атсалысуға дайынбыз.

Бұл деген керемет бастама ғой. Темірді қызған кезінде соққанымыз құба құп болады.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button