Алматы облысының жаңалықтарыДень победыҚоғамСпортТұлға

Нұртуған БЕКМҰРАТ: ЖАСТАРЫМЫЗ ТЕК БИІК БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРУҒА ҰМТЫЛСЫН

Жанарынан жалын атып, шаршы алаңда жаға жыртысқанда, кез келген спортшыны жеңіске жетелейтін оның алға қойған мақсаты мен оған жетелейтін сенімі болар. Тас-түйін болып дайындалып, әр жаттығуда көл-көсір тер төгіп, өзіңді жігерлендіріп отыратын да ішкі күшке матап байланған сенім болмаса жетістікке жетуің екіталай. Біздің бүгінгі тәуелсіз елдің тарланы, жас балуан, джиу- джитсу күресінің сайыпқыраны, биік белесті бағындыратынына сенімі мол Бекмурат Нұртуған Жұмабайұлын баршаңызға таныстырмақпыз.

Жасы небәрі жиырманы алқымдағанмен бозбаланың джитсер болып қалыптасқанына мына бір хронологиясы дәлел. Нұртуған Жұмабайұлы Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының бапкері; Бразилиялық джиу-джитсудан күлгін белбеу иегері; Джиу-джитсудан жастар арасында ҚР-ның чемпионы; Джиу-джитсу және грэпплингтен бірнеше дүркін халықаралық жарыстардың чемпионы; Джиу-джитсудан Қазақстан республикасының спорт шебері атағын алып үлгерген.

Нұртуған ассалаумағалейкум! Қазір елімізде, Іле ауданымызда бұқаралық спорттың қарыштап дамып келе жатқанын білеміз. Олардың белсендісі – осы джиу-джитсу күресі. Джиу- джитсуға қалай келдің?

– Мен бала кезден спортқа қызығып өстім. «Ағасы бардың – жағасы бар»,  деген бар ғой. Осы мен барып қатысып жүрген «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Орынбасаров ағамыздың ізін басып, осы спорттың табалдырығын аттадым. Джиу-джитсу күресі – күрделі спорт. Онда тек бұлшық етіңді шынықтырып қана қоймайсың. Тәртіпке, еңбек етуге баулиды. Өйткені қарсыласыңмен шар-шы алаңда бетпе-бет қалғанда сені алға сүйреп шығатын жалғыз жол – еңбек. Кездесуге дейінгі еңбегіңмен жетістікке жетесің. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін өзіңді аямауың керек. Қазақта «Егер атыңды аясаң, айылыңды қатты тарт» — деген жақсы сөз бар. Дәл осы нақыл біздің спортқа  қарата айтылған сияқты.

– Алға қойған мақсаттарың қандай?

– Қара күшке сеніп, қатарыңнан қалып қоюға болмас. Қазір мен Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогигалық Университетінде өнер, мәдениет және спорт кафедрасында білім алып жатырмын. Мүмкін болашақта спорт саласын дамытудағы жаңа бір ғалымның есімін танып қалуларыңыз да мүмкін. Осы саланы дамытсам деген арманым бар. Қандай да бір дәрежеде қазақ спорты жан-жақты зерделеніп, зерттелгені дұрыс. Жәй ғана шаршы алаңда немесе жаттығу залында ғана үйретіп қоймай, оның өзіндік методикалық кітаптары да шығуы керек. Жалпы болашақта қазақ спортын реформалау өскелең ұрпақтың қолында ғой. Жастарымыз биіктікті бағындыруға ұмтылсын. Сондықтан алға қойған мақсат таудай.

Сізді алға не жетелейді?

– Күнімді сәтті ететін – менің достарым. Мені алға жетелейтін де осы джиу-джитсудағы жұдырығы тас түйін жігіттер. Білек күштері білеуленіп иықпен иық тірестіргенде алапат күшпен арпалысып кетесің. Алақұйын өмірге мені осылай баптайды. Мен спорттағы барлық достарыма алғыс айтамын. Олар маған шексіз, шетсіз мотивция сыйлайды. Адам жақсы өмір сүру үшін көп нәрсенің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жеңіл жаттығулар мен жақсы достарың болса жетеді.

Өз замандастарыңызға берер кеңесіңіз бар ма?

– Әрине. Жастық шақ деген көкпеңбек бір дәурен екен. Күш бойыңда ақыл жолда сияқты. «Елдің болашағы – жастар» болғандықтан, Абай атамыз айтпақшы «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» — деп не ғылымнан, не спорттан қапы қалмайық дегім келеді. Ерте тұрып, еңбектенейік демесем де, ертеңгі күнге бүгін зер салуға шақырамын.

Кімдерге алғыс айтасыз?

– Алдымен Жаратушымызға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Өйткені маған кереметтей ата-анамды сыйлады, асқартаудай ағам бар. Жұмақтың төріндей кең құшағы бар әпке берді. Адал достарым мен темірдей тәртіпті талап ететін жаттықтырушыларыма мың алғыс айтамын. Алғыс айту үшін көптеген адамдардың атын атауға болады. Мені жиырма жасыма дейін сатылап дамытқан барлық аға-апаларыма мың алғыс.

Биыл еліміздің туы көк аспанда желбіреген тәуелсіз, іргесі берік ел болғанына, міне, 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Осы отыз жылда спорт саласындағы азаматтар талай биіктікті алды. Елімізді шет елге танытқан да солар. Міне, сол азаматтарымыз аман болсын! Әлі де талай Олимп шыңын Алаштың айбарлы ұлдары бағындырады деп нық сеніммен айта аламын! Ләйім солай болғай!

— Сұхбатыңызға рахмет!

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button