ІЛЕДЕГІ ІРГЕЛІ ІС
Соңғы екі жылдың ішінде індет күйретпеген сала қалмады. Пандемиядан келген шығын орасан. Қазір әлем ауыр соққыдан нокаут алып, аяғына әзер тұрған боксшының күйін кешіп тұр. Дегенмен, жығылдым деп ығатын сәт емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге жолдауында орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдағанымызды хабарлады. Ендігі мақсат – экономикадағы орнымызды бекемдеу.
Пандемия кезінде азаматтар мен кәсіпкерлер Үкімет тарапынан қолдау көрді.
Сөзге тұздық: «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба сәтті жүзеге асты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға сеп болды. Осы орайда, Іле ауданында атқарылған ілкімді іс көп. Аудан әкімі ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан Халқына Жолдауын талқылауға арналған аудандық актив жиынында Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін ұзартуды тапсырғанын айтқан еді. Алға қойған жоспар ойдағыдай орындалып келеді. «Қарапайым заттар экономикасы» – бұл елдің ішкі экономикасын дамыту аясында импортқа телмірмей, отандық тауар өндірушілерді қолдау бағдарламасы. Осыған байланысты, жеңілдетілген несиемен құны 15,8 млрд. теңге құрайтын 11 жоба сәтті жүзеге асырылды. Бұл көрсеткішке тоқмейілсімей, алдағы уақытта тағы 5 жобаға 7 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Іле ауданында ірі кәсіпорындардан бөлек, шағын және орта бизнес субьектілері көп. Осы орайда, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Көрінбейтін кесел кесірінен кәсіптің тұралап қалуына жол берілмеді. Жыл басынан бері 19 кәсіпкерлік субьектісіне жалпы құны 5 млрд. теңгеге жете қабыл ақша үлестірілді. Желтоқсан айының аяғына дейін бұл көрсеткіш 40 жобамен толығып, қосымша 10 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ауданның кәсіпкерлік бөлімі, ауылдық округ әкімдері де іргелі істе қалыс қалмай, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы шарықтамауын қатаң қадағалауға алды. Іле ауданының әлеуеті зор. Сондықтан, алдағы уақытта өзге инвесторлар өз бизнесін бастап, тұрғындарды жұмыс күшімен қамтиды деген үміт бар. «Nur Otan» партиясының жиынында да осы әлеуметтік мәселені бақылауда ұстау жиі көтеріледі. Илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, алға қойған анық мақсатты еңсеру біріккенде жеңілірек болады деген ойдамын.
Бұл жаз шаруалар үшін оңайға соқпады. Әсіресе, елдің батыс өңірі жем-шөптен тапшылық көргені бәрімізге белгілі. «Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек» – деп ел Президенті өз жолдауында өзекті мәселеге тоқталған еді. Ауыл шаруашылығында мұндай олқылық қайталанбас үшін жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту, өңірлерді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету тапсырылды.
Қазір аудандағы жайылым жердің көлемі 478 мың гектардан асып жығылады. Дегенмен, оның басым бөлігі жеке шаруа қожалықтарының иелігінде болғандықтан, ауыл тұрғындары үшін мал жаюда тапшылық сезіледі. Тексеріс барысында пайдалынылмай жатқан 11540 гектар жер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Бүгінде 147,9 мың тонна жем-шөп дайындау қажет. 130,0 мың тонна шөп (88%), 22,0 мың тонна пішендеме (67,0%), 32,6 мың тонна (100%), 18,2 мың тонна (14,5%) жемдік астық дайындалды», – деп аудан әкімі Бағдат Қарасаев өз баяндамасында атап өткен болатын. Бұл көрсеткіштерге қарап, шаруалар қыстан қысылмай шығады деп ой қорыта аламыз.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды жайт – су нысандарының экожүйесін сақтау. Бұл мәселеде де ауданның алда атқарар жұмысы айқын. 2025 жылға дейін «Даму» бағдарламасының аясында 7 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмысы жүзеге асырылады. Оның ішінде, 10 канал- Байқан, Еңбек, Қатаржанов, Туғанбай, Көтерме, Чала, Құралас, Қызыл Ту, Теріс және Қосөзеннің халық игілігін көрмек.
Б. ТАЛҒАТҰЛЫ,
аудандық мәслихат депутаты