Алматы облысының жаңалықтарыЗнай нашихҚоғамТұлға

Нұржан Нұрмашұлы: «Ауылды көркейту – ел экономикасын дамытудың алғышарты»

Қара нарға жүк артып, қара шаңырағын қастерлеген әр қазақтың қасиетті мекені, жүрегінің темірқазығы – ауыл. Себебі, ауыл дегеніміз – бізге дейінгі мың сан ұрпақтың кіндік қаны тамып, тері сіңген киелі мекен. Демек, ауыл – қазақ халқы үшін ұлттың ұйытқысы, балқаймағы. Осы орайда, еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз», —  деген сөзі ойға оралады. Ауылда туып, қазақы қонақжайлылық пен ұлтымыздың игі қасиеттерін бойына сіңірген еліміздің қайсар ұлдарының бірі, аудандық мәслихат депутаты Сержанов Нұржан Нұрмашұлын ауылымыздың дамуы мен өркендеуі туралы әңгімеге тартқан едік.

— Нұржан аға, әңгімені бастамас бұрын біздің оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

— Мен 1977 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылында дүниеге келдім. 1983-1993 жылдары өз ауылымдағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алдым. Мектеп бітірген жылы оқуға тапсыруға мүмкіндік болмай, ауыл іргесіндегі әскери бөлімде қазандық цехтың операторы болып қызмет еттім. 1994 жылы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Иниститутында Жалпы әскери командирі, шекара қызметінің маманы, кинолог мамандығына оқуға түсіп, 1998 жылы алғашқы әскери шенім – лейтенант шенінде Алматы облысы 2035 әскери бөлімінің, Шонжы шекара отрядының Қызыл шекара бекетінде еңбек жолымды бастадым. Міне, осы сәттен бастап мен еліміздің түкпір-түкпірінде шекара бекеттерінде, әскери бөлімдерде түрлі қызметтерді атқара жүріп, 21.12.2009 – 01.07.2012 жылдары аралығында Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы № 2084 әскери бөлімінің командирі болып әскери қызметімді атқарып, подполковник шенінде әскери запасқа шықтым. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін жеке қауіпсіздік ұйымдарында жұмыс істедім. Қазіргі таңда «MEDIN SECURITY» күзет агенттігі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарып жүрмін.

— Әскери саланы таңдап, ел қорғауға деген құлшынысыңызды кім оятты?

— Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Ата-анам 11 баланы дүниеге әкеп, тәрбиелеп өсірді. Барлығымызды ештеңеден тарықтырмай, жоғары білім алуымызға барынша мүмкіндік жасады. Ең үлкен ағам Нұрлан әскери салада қызмет еткендіктен, соңынан ерген інілерін, яғни бізді де осы салаға баулып, жастайымыздан жауынгерлік рухта тәрбиеледі. Аға-бауырларымның барлығы қорғаныс саласында қызмет етті. Әкем Нұрмаш бақиға аттанғанымен, Нұрлан ағамыз бізге әкедей қамқор болып, өмірлік жолымызға бағыт-бағдар берді. Ал, анам қазір 81 жаста. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, менің қолымда, немере-шөберелерінің ортасында әжелік ақылы мен мейірімін төгіп, ғұмыр кешіп жатыр. Жұбайым Алмагүл екеуіміз бір сыныпта оқып, студенттік шақта отбасын құрдық. Ата-анадан көрген өнегелі тәрбиенің арқасында жан жарыммен 26 жыл тату-тәтті өмір сүріп, бес бала тәрбиелеп, екі немере сүйіп отырмыз.

— Саналы ғұмырын әскерге, Отан қорғау ісіне арнаған жанның депутат болуына не түрткі болды?

— Мен әскери запасқа шыққан соң 2012 жылы отбасыммен Іле ауданына көшіп келіп, осы ауданның дәм-тұзын татып жүргеніме де он жылдай болып қалыпты. Өзім ауасын жұтып, нәпақамды тауып жүрген, ұл-қызым білім алып, өсіп-өніп жатқан аймағым – Іле ауданының, Энергетический ауылдық округының дамуына, мекен еткен ауылымды көркейтуге үлесімді қоссам деуші едім. 2020 жылы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясына мүше болып қабылдандым. Осы партияның атынан аудандық мәслихатқа депутат боп сайландым. Бірақ, айта кетер жайт, мәселе сенің қай партияның құрамында болуыңда емес, ең басты мәселе елге не беретініңде, өз жұртың үшін қандай игі іс атқара алатыныңда. Осы орайда, мен «Ауыл» партиясының негізгі жеті бағытын басты бағдар етіп, өзімнің депутаттық қызметімнің жоспарын да осы жеті бағытқа қарай түздім. Себебі, ауылымызды көркейтуге күш салғым келеді. Егер ауыл көркейсе, еліміздің экономикасы да дамып, тұрғындардың әл-ауқаты, әлеуеті көтерілер еді.

— Ол бағыттарды атап өтсеңіз.

— «Ауыл» партиясының басты бағыттары – «Халық рухын жаңғырту», «Отбасы мен ананың рөлін арттыру», «Жастар – өзгеріс факторы», «Ауылды өркендету – мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаты»,  «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жүрегі», «Қуатты кәсіпкерлік – өркендеген ел» және «Сындарлы сыртқы саясат» болып жіктеледі.

— Депутат болып сайланғалы осы бағыттар бойынша атқарған жұмыстарыңызға шолу жасасақ…

— Өтеген батыр кентінің іргесіндегі Қарасу ауылы бұрын жеке тұлғаның трансформаторынан электр қуатын алатын. Ол бір күн жанса, бірде үп еткен желге сыр беріп, сөніп қалып, халық қатты әбігерге түсетін. Депутаттық мандатты қолға алғалы осы мәселені көтеріп, Қарасу ауылының жарығы мемлекеттік мекемеге өтуіне және ауыл ішінде көше шамдарының қойылуына себепкер болып, осы істің басы-қасында жүрдім. Ауылдық округтің тұрғыны Ұлан есімді жігіт Қуат ықшам ауданындағы тиесілі жерін ала алмай жүрген екен. Осы жігіттің 15 сотық заңды жерін иеленуіне ықпал еттік. Бір күні Жаңаталап ауылында ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жем шығарумен айналысатын Ким Вячеслав Александрович есімді кәсіпкер хабарласты. Осы кісінің зауыты өз ісін уақытша тоқтатып тұр екен. Біз соған смета жасатып, «Ауыл» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасына жолығып, жасаған сметамызды ұсынып, Вячеслав Александровичтің шаруасын дөңгелетуге субсидия бөлу үшін Елордамыздағы Ауылшаруашылық министрлігіне сұраныс жібердік. Одан бөлек, Энергетический ауылдық округының әкімі Рахимов Қанатқа сауалнама жазып, Қарасу ауылындағы екі көшеге асфальт жол салуға және жарық шамдарын тартуға сұраныс беріп, бюджетке өзгерістер енгізуге өтініш білдірдік. Алла қаласа бюджеттен ақша бөлінсе, аталған көшелерге тақтайдай асфальт жол салынып, самаладай шамдар жарқырап тұратын болады. Жастардың, оқушы балалардың лайықты білім алуына жағдай жасау мақсатында өтініш білдірген мектептердің оқушыларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарын алуға көмек көрсеттім.

— Нұржан Нұрмашұлы, алдағы уақытта атқаратын жоспарыңызбен бөліссеңіз…

— Халық сенім артқан соң, ел үмітін ақтап, ауылдың көркеюіне атсалыссам деймін. Қазіргі кездегі күйіп тұрған мәселенің бірі – Өтеген батыр ауылында көлік көбейіп, көшелер тарлық етеді. Арнайы автотұрақ жоқ. Осы мәселені қолға алып, көлік кептелісі мен жол-көлік оқиғаларының алдын алуды көздеп, автотұрақ салуға, мүмкін болса жолды кеңейтуге әкімшілікке сауалнама жолдадық. Одан кейін Энергетический ауылдық округінде бар-жоғы 4 мектеп бар. Осы мектептерде бала саны шектік саннан өте көп. 4 мектеп – біздің округ үшін тым аз. Кем дегенде тағы 3 мектеп салынуы керек деп ойлаймын. Мәселен, Теміржолдың арғы бетіндегі саяжайлардың, Қарасу ауылының тұрғындары балаларын оқыту үшін Өтеген батыр ауылында орналасқан мектептерге алып барады. Жол алыс. Кешкі уақытта мектептен шыққан бала үйіне жеткенше алаңдайсың. Сол себепті, Қарасу ауылына, темір жолдың арғы бетіне мектеп салынуы қажет. Сондықтан, Энергетический ауылдық округіне тағы да мектеп салу мәселесін көтеріп, алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттеміз. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткен саяжай тұрғындарымен болған кездесуде тұрғындар кезек күттірмейтін мәселе ауызсу, жарық мәселесін шешіп беруімізді сұрады. Осындай олқылықтың орнын толтырып, мәселені шешу үшін ауылдық округ әкімі Қанат Рахимовпен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз.

— Нұржан Нұрмашұлы, ауданымызда атқарылып жатқан көптеген келелі істің басы-қасында жүріп, күрделенген мәселенің оң шешімін табуына үлес қосып жүрген ел тізгінін ұстаған азаматтардың бірісіз. Ел игілігі үшін атқарып жатқан қызметіңізге табыс тілейміз.

— Рахмет, айтқаныңыз келсін.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button