Өрт сөндіру, өмір сыйлау
Елдің амандығын, тыныштығын тілеушілердің бірі өрт сөндірушілермен құтқарушылар қызметі екені сөзсіз. Өрт сөндіру мамандығына физикалық тұрғыдан ғана мықты болмайды. Онда адамгершілік, рухани терең, жігерлі, қайсар болуы керек. 1995 жылы ҚР бірінші Президентінің Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Содан бері жыл сайын, дәстүрлі түрде өрт сөндірушілер мен құтқару қызметі осы күнді салтанатты түрде атап өтіп, өздерінің жұмыстарына сараптама жүргізеді.
Біздің ауданда Боралдай округінде №13, Күрті ауылдық округінде №31 құтқару посты мен №12 Өтеген батыр ауылындағы орналасқан өрт сөндіруші биргадасы күн-түн демей елдің амандығы үшін қалт етпей қызмет етіп келеді. Олар жыл сайын төтенше жағдайларды жою үшін арнайы медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.
Бұл туралы №12 Өрт сөндіру бөлімшесінің басшысы Азаматтық қорғау майоры Ұлан Тілеуұлы: «Бізге тілшілер «Қызметіңізде басыңыздан өткен ең қиын жағдай туралы айтасыз ба?» — деп сұрақ қояды. Адам қайғылы жағдайға ұшырағанда оның жеңілі түрі мүлдем болмайды. Сондықтан жылда психологиялық, медициналық тексерулерден өтіп тұрамыз. Физикалық тұрғыдан да солай болады. Біздің жігіттер өз қызметтерінде жылда жаңа іс-қимыл үйренеді. Мобильді болуға жаттығамыз. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда осы еңбегімізді көбісі бағаламайды. Мысалы біздің Ац-5-40 өрт сөндіру көлігіміз бар. Яғни, 5 тонна суды, секундына 40 литр суды сыртқа атып, 6 минуттың көлемінде сыртқа шығарып үлгереміз. Кейбір адамдардың «Осылардың суы неге тез бітеді?» деп ренжіп тұратыны да сондықтан. Содан кейін гидрант құдықтардан су алуға тура келеді. Ауданымызда су алатын 284 гидрант құдығымыз бар. Олардың кейбіреуі жарамсыз. Өтеген батыр ауылына тиесілі 60 гидрант құдығы бар. Гидранттардың жұмыс істеп тұруының маңыздылығы неде деген заңды сұрақ туады. Ол жерден біз суды цистернамызға толтырып қана қоймай, ыңғайлы тұста болса үздіксіз су алып бірден өртеніп жатқан нысанға су атқылай аламыз» — деді.
Тұрғындардың өрт сөндірушілердің кешігіп келеді деген уәжіне айтар сөзі де бар болып шықты. Басшының айтуынша оларға хабар көбінесе кешіктіріп беріледі екен. Өрт басталғанда алдымен өз беттерінше су шашып өшіре бастайды. Жалын бой бермей өршігенде өрт сөндірушілерге телефон соғады екен. Өрт сөндіру бөлімшесі ауданымыздың кез келген бұрышына он минуттың көлемінде жетеді. Өкінішке орай жолдағы көлік кептелістері уақыттың еріксіз созылуына алып келеді екен.
Аудан көлемінде өрт сөндіру бөлімшелерінде не бары 37 қызметкер жұмыс істейді. Оларға 10 өрт сөндіргіш көлігі бекітілген. Жаздың ыстық аптабында дала өртімен айналысса, қыс түсе жылу берілген уақытта газбен уланған және үйдегі пештің аяқасты істен шығып жану үрдісі жиілейді екен. Яғни 37 қызметкер екі ауысымда 24 сағат халыққа қалт етпей қызмет етеді екен. Бөлімшенің негізгі жұмыс бағытына өрт сөндіруден бөлек, үгіт-насихат жүргізу кіреді. Мезгілдерге байланысты қазіргі кезде қызметкерлер жер үйлердегі пеш құбырларын тексеріп, өрттің алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде. Күнде жалындаған оттың ішінде жүріп, өз өмірін қатерге тіккен өрт сөндірушілерге арнайы алғыс хатпен немесе ғаламтор желісі арқылы да атқарған жұмыстарына алғыс айтып, шынайы разылығын білдіріп жататындар да болады екен.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап, №12 өрт сөндіру бөлімшесі 749 рет шақырту алған.
Биыл өткен жылмен салыстырғанда шақырту екі есеге артып отыр.
Аудандық газетті пайдалана отырып, №12 Өрт сөндіру бөлімшесінің басшысы Азаматтық қорғау майоры Ұлан Тілеуұлы өрттің алдын алу бойынша кеңестерін айтып өтті. Ол «Тұрғындарымыз алдымен есік алдындағы шөптерді уақытылы шауып отырса қоқысқа өртке қауіпті заттарды бей-берекет тасталмаса екен. Үйде кішкентай балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмасын. Жер үйлердің құбырларын уақытылы тазалап тұрса құба-құп болар еді», — деді.
Б. ЧОЙБАСОВ
СУРЕТТЕ: №12 өрт сөндіру бөлімшесі кезекті техникалық тексеріс уақыты.