Басты құндылығымыз
Тәуелсіздік. Егеменді ел болып, бесігімізді түзегенімізге 30 жыл.
Осы бір қасиетті сөзді ұлықтау мақсатында Боралдай кенті бойынша «Тәуелсіздік — біздің ең басты құндылығымыз» атты эссе байқау ұйымдастырылды. Үздік деп танылған жазбалар Боралдай кентінің әкімі Қоңырбаев Данияр Төлеуханұлының алғыс хаты және арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Ең үздік деп танылған №17 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ибраимова Айгүл Маратқызының жазбасын өздеріңізбен бөлісуді жөн санадық.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Оның астарында қаншама ұл-қыздарымыздың көз жасы, тағдыр тәлкегі жатыр. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері еркіндікті аңсап, найзаның ұшы, білектің күшімен ұлан-ғайыр жерімізді бүгінгі күнге дейін сақтап келген болатын. Сол апталдай арыс азаматтардың ізін жалғаған жалынды жастарымыз желтоқсанның ызғарына қарамастан, бейбіт түрде алаңға шықты. «Халқымызды қазақ басқарсын, өзге ұлтқа билетпейміз!», деген ниетпен өз үндерін білдірген жандарды жан-жақтан қыспаққа алуға тырысты. Озбыр саясаттың тырнағы тым қатты еді. Ысқырып соққан желтоқсанның желімен қатар, өрімдей жас боздақтарымызға иттерін айтақтатып, тіпті қару қолдануға дейін барды. Нәзік бойжеткендеріміздің шашынан сүйреп, шымбайларына тиді. Арыстай азаматтарымызды тепкінің астына алып, аяусыз ұрып-соқты. Арман қуып келген талай студент оқудан шеттетіліп, болашақтары бір мезетте ғайып болды. Армандары көмкерілді, тағдырларын тәлкек етті. Талайы темір торға тоғытылып, жазықсыздан жаланың астында қалды. Аппақ алаң қызыл қанмен боялып, қаршадай ғана ұландарымыздың қаны жерге тамды. Қылышын сүйреген қыспен бірге, қатыгездер өз басымдықтарын көрсетуге барынша тырысып бақты. Күшпен көтеріліске тойтарыс береміз деп, қаншама солдат сапқа тұрып, бейбіт шеруге «ұлтшыл» деген айып тағылды. Күнделікті күйбің тіршілік бір мезетте ғайып болып, ел аумағында бұрын-соңды болмаған үлкен төңкерілістер орын алып жатқан болатын. Көптеген оқу орыны өз тәрбиеленушілерін сыртқа шығармай, білім ордасында тұмшалауға тырысты. Өзінің билігін жүргізіп үйренген сұрқия саясат қанша жерден құйтырқы әрекетке барса да, қасқайып қарсы тұрған, қайсар елдің ұландарына төтеп бере алмады. Елдің жаппай көтеріліп, жағдайдың шиеленісіп кетуінен сескенген олар, еріксіз қойған талаппен келісіп, елімізге еркіндіктің енуіне жол берді. Жанұшыра елім деп, жерім деп шырқыраған шын жанашыр ұл-қыздарымыздың үні, үзілген тағдырлар елімізге Тәуелсіздікті алып келді. Сабағынан ерте солған жауқазындар, тарихта мәңгі алтын әріптермен сақталатыны анық. Асылдың сынығы, қайсар рухты елдің ұрпақтарының ерен ерлігі ешқашан есімізден шықпақ емес.
Тәуелсіздіктің бізге берер сыйы өте мол. Әлем бойынша тоғызыншы орынды иеленген жерімізге шекара сыздық, төл теңгемізді айналымға шығарып, Ата Заңымызды қабылдадық. Есілдің бойында еңселі Елорда бой көтеріп, аспанмен астасқан Астананың күннен күнге көркейіп келе жатқанына бәріміз куә болудамыз. Ел еркіндігінің нышандары көгімізде желбіреген көк байрақ пен, әуелеген әнұран, еркіндіктің нышаны елтаңбамызды бекітіп, ұлттық рәміздерімізді құрмет тұтудамыз.
Егемендікке қол жеткізгенімізге тек отыз жыл ғана болса да, осы уақыт ішінде көптеген өзгерістер орын алды. Еліміздің саяси билігі нығайып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарған. Заман ағымына орай жаңа-шылдықтан қалмай, дамудың алдыңғы шебінде, қадымдап алға басып келе жатырмыз. Озық отыздықтың ішіне кіріп, санаулы уақыт ішінде әлеммен терезені теңестірен деңгейге жеттік.
Білім беру саласы бір жолға қойылып, үздік шәкірттер тәрбиелеу барысында білікті маман даярлау үрдісі де үздіксіз жүргізіліп келеді. Ел аумағында мектепке дейін білім беру, мектеп, колледж, және жоғары оқу орындары бой көтеріп, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт ұландарын тәрбиелеу мақсатында, сапалы білімге аса мән берілуде.
Көркіне көз тоймайтын, биік-биік ғимараттар бой көтеріп, сәулет-құрылыс қарқыны да қарыштап дамып, қаншама жаңа пәтерлер ел игілігіне берілді, қаншама мәдени ошақтар пайда болды. Мұның бәрі, білікті мамандардың ел аумағында көптеп кездесетіндігінің дәлелі. Талай жылдар бойы тұншыққан тарихымыз өзінің тамырын тереңге жайып, жан-жақты зерттелуде. Тіліміз мемлекеттік мәртебесіне көтерілді. Ұлттың бойынан ұмыттыруға тырысқан әдет-ғұрып, салт-санамыз жаңғырып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, оны дәріптеу барынша жан-жақты жүргізілуде.
Тәуелсіздік аясында түрлі ұлттар мен ұлыстар татулықта, бірлікте, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келеді. Қазақтың қонақжайлылығы қашан да көрініс тауып, өзге ұлт өкілдерін сыртқа теппей, құшағына сыйдыра алған. Әрине, бұл ұлтымыздың қаншалықты ұлы екендігін дәлелдеп, мейірімділікті байқатып тұрғандай.
Егемендікпен бірге, ой еркіндігі де келді. Ел тұрғындары өз ойын бүкпесіз жеткізіп, болашаққа үлкен мақсат құра алады. Сыңғырлаған сәбилердің шат күлкісі, бейбіт күннің нағыз көрінісі. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» осы шығар, бәлкім?!
Тәуелсіздік таңы ата берсін! Енді еліміз ешқашан қиындық көрмей, дамудың дара жолына түсіп, бұдан да биік шыңдарды бағындырсын дегім келеді. Егемендігіміз ұзағынан сүйіндіріп, еркіндігіміз мәңгі болғай!
Ардақ Ахметжанқызы
Боралдай кенті әкімі аппаратының
бас маманы