#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

Еңсемізді көтерген еркіндік

Тәуелсіз болудың бір белгісі – дербес шешім қабылдау. Кеңес одағының құрамындағы кезеңде Қазақстан әр саладағы байламын Мәскеуге айтуға міндетті еді.

Бұл талап кино саласын да айналып өтпеді, қазақ кино тарихында көрермен көңілінен шыққан әрбір фильм әу баста жазылған сценарийден экранға шыққанға дейін Мәскеудің «тезі мен сүзгісінен» өтетін. Қазақ қызының эталоны іспетті Жібек образын  халық жадына мықтап шегелеген «Қыз Жібек» фильмінің де осындай «сүзгіден» өткені көзі қарақты қауымға мәлім. Бұл талап қазақтың талантты ұл-қыздарының талайының тауын шағып, өрісін тарылтқаны жасырын емес.

Тәуелді болудың бір белгісі – еліңнің тарихынан бейхабар болу. Қарапайым мысалмен айтсақ, қазақтың қанша ұл-қызы жоғары білім алу үшін Қазақ хандығының тарихынан бұрын КППС тарихын жаттады. Соның ықпалымен қанша буынның ата жолынан адасып кеткенін ойласақ, тәуелсіздіктің бағасын шын түйсінеміз.

Тәуелсіздік алу мен тәуелсіз ел болудың аты бір болғанымен, заты бөлек. Тарих қойнауына енген 30 жылда біздің ел ұмытқанын еске түсіріп, жоғалтқанын тауып, өшкенін жағу жолында көп еңбектенді. Мемлекет ретінде түрлі құрылымдарды нығайтты.

Бүгінгі жас буын – тәуелсіздік алған жылдардағы жас буынға қарағанда әлдеқайда дербес, өзгенің тарихынан өз еліміздің тарихын жетік білетін ұрпақ. Бұл – тәуелсіздіктің күнделікті көзге көріне бермейтін ең кішкентай белгісі.

Жас ұрпақ өздерінің осы еркіндігін аға буын секілді емес, қалыпты дүние санайды. Ал ол шынайы тәуелсіз ұрпақтың өсіп-жетілгенін білдіреді. Бұл ұрпақ аға ұрпақ секілді ел тәуелсіздігінің белгілерін ғана місе тұтпай, егемендікті нығайту мен мемлекетті дамыту жолында еңбек ететініне сенім мол.

Назым ДҮТБАЕВА,

журналист, ҚР Мәдениет саласының үздігі

Басқа жаңалықтар

Back to top button