Алматы облысының жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

САНЫМЫЗ КӨБЕЙІП, САПАМЫЗ АРТСЫН

ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ

Әлем коронавирусқа дейін және кейін болып екіге бөлінді. Пандемия жаһанды ә дегеннен есеңгіретті. Қай сала болмасын тұралап, қиын кезеңді еңсердік. Әлі де еңсеріп келеміз. Көрінбейтін кеселмен бетпе бет келгенде шүберек жанымыздың амандығы басты байлық екенін кім де болмасын үнсіз мойындады.

Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Індет бірінші кезекте адам өмірі үшін арпалысқан ақ халаттылар үшін үлкен сынаққа айналды. Денсаулық сақтау саласының мамандары тізе бүкпей күндіз-түні алдыңғы шепте қызметте болды. Мұны соңғы Жолдауында ел Президенті басымдық беріп атап өтті.

«Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер сұраныс білдіруде. Адамзат көптеген індетті бастан өткерген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екпе алып жатқан азаматтардың күн сайын көбейіп жатқаны қуантады. Вакцина алуға барлық мүмкіндік жасалған. Бүкіл құрылымдар осы жұмысқа бес саусақтың саласындай жұмылдырылған. «Nur Otan» партиясының да алға қойған басым бағыттарының бірі осы жолдаудағы міндеттермен ұштасып жатыр.

Аудандағы ахуалға тоқтар болсақ, қазір 18 егу пункті ұйымдастырылды. Онда 35 білікті дәрігер мен 72 медбике азаматтарды қабылдайды. Одан бөлек, 5 жылжымалы егу бригадамыз бар. Сөзге тұздық, вакциналау басталғаннан бері Іле ауданында 95516 тұрғын екпенің бірінші, 87134 адам екінші компонентін алып үлгерді. Кезең-кезеңімен ауруханаларың материалдық-техникалық базасы да жаңартылып жатыр. Мәселен, биыл 3,8 млн теңгеге медициналық жабдықтар мен 991 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. Келер жылы да қазына қаржысынан бұл саладағы жұмысқа ақша бөлінеді.

Қоғамдық иммунитет қалыптаспайынша, ауру іргесін алыс салмайтыны түсінікті. Вирусты жеңу тек құзырлы мекемелердің мойнына жүктелген міндет емес. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүруі үшін ауданы әкімі Бағдат Қарасаев өз орынбасарлары, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, орталық және Боралдай кенті ауруханаларының директорларына, ауылдық округ әкімдеріне эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды, қоғамдық иммунитет қалыптастыру мақсатында халықтың 60 пайызын вакцинациялауды, ауруханаларда тиісті құрал-жабдықтардың,  дәрі-дәрмектердің қажетті қорын қамтамасыз етуді, жоспарлы операциялар мен скринингтерді назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Халық санағы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 18 миллиондық межеден асып кеткеніміздің өзі үлкен қуаныш. Демографиямыздың дұрыс дамып жатқанының айғағы. Соңғы он жылдықта бала туу көрсеткіші Қазақстанда күрт көбейді. Сәйкесінше, балабақша мен мектептерде орын тапшылығының сезілуі заңдылық. Мемлекет  басшысы орта білім беру жүйесіндегі өткір осы проблемаға айырықша тоқталды. Республика бойынша 225 мың оқушыға орын жетпейтіні ойландыратын статистика. Сол себепті, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бала туу көрсеткішінің артуына байланысты салынатын мектеп-тердің санын 800-ден 1000-ға дейін көбейтуге тапсырды.

Бұл мәселе барлық қала-аудандарға ортақ. Әсіресе, мегаполис іргесіндегі елдімекендер орын тапшылығының қиындығын көріп келеді. Іле ауданына қатысты сандарды сөйлететін болсақ, 19 үш ауысымды мектебіміз бар. Нақтырақ айтсақ, 4583 оқушыға орын тапшы. Өзекті мәселе жоспар бойынша шешімін табады.

Ауданда күні кеше ғана ашылған 3 жаңа мектеп үш ауысымдылықты жою жолындағы үлкен қадам. Жыл соңына дейін жаңа мектептер санын тағы бір білім ордасы толықтырмақ.  Ал, алдағы жылы Боралдай кентінде, Междуреченск және Көкқайнар ауылдарында 1500 орынды және Жаңаталап ауылында 600 орынды мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Дегенмен, проблеманы түбегейлі шешу үшін оның өзі жеткіліксіз. 

Сондықтан, аудан әкімі Өтеген батыр, Ащыбұлақ, Байсерке ауылдық округтері мен Боралдай кенті әкімдеріне 1500 орынды мектептер салуға жер телімдерін қарастыруды, оларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарын жүргізуді, педагогтарды қайта даярлауды, оқушыларды ғылым жолына бағыттауды тапсырды.

Жоспар ойдағыдай жүзеге асса, Президент тапсырмасына сәйкес орын тапшылығынан құтыламыз деп нық сеніммен айта аламыз. «Nur Otan» партиясы да бұл мәселені назарында жіті ұстап келеді.

Б. ТАЛҒАТҰЛЫ,

аудандық мәслихат депутаты

Басқа жаңалықтар

Back to top button