#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

ТӘУЕЛСІЗДІК КӨШЕСІ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ

Междуреченск ауылындағы жалпақ жұртқа «Тупик» атымен белгілі Тәуелсіздік көшесіне жергілікті кәсіпкер «Nur Otan» партиясынан сайланған аудандық депутат Нұрлан Түймелиев өз қаражатына жарық шамдарын орнатты. Осыдан екі-үш ай бұрын  Нұрлан Ілесұлы Междуреченск ауылының белсенді ақсақалдарымен канвассинг кездесу ұйымдастырған болатын. Сондағы ауылдың адамдары Тәуелсіздік көшесіне жарық шамдарын орнатып беруін өтінген болатын. Міне, бүгін сол бір өтінішті орындаудың сәті түсіп, ауыл адамдарын қуантты.

Междуреченск ауылдық округіндегі Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Серік Баймұхамбетов: «Қазір осы кәсіпкерлерге қарап қалдық қой. Жергілікті биліктегі азаматтарға бір-екі рет осы мәселе жөнінде жолыққанда құрғақ уәдемен кейінге қалдырып келген болатын. Тәуелсіздік көшемізде 15 шақты үй бар. Кірісі бар, шығысы жоқ көше болғандықтан жалпақ жұрт «тупик» атап кеткен. Қараңғы көшеде кешке таман бұзықтық та жиі жасалады. Арақ ішіп, төбелеседі, күл-қоқыстарын шашып кетеді деген сияқты. Енді, міне, Нұрлан Ілесұлы бауырымыздың жомарттығымен көшеміз жап-жарық болды. Жарық жанған күні көрші-қолаң,  бала-шағамызбен ойнап, көшеге шықтық. Балалар асық ойнап көңіліміз көтеріліп қалды.  Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Нұрлан бауырымыздың жұлдызы жана берсін!», – деп ақ батасын берді.

Көп ауылдарда негізгі орталық көшеге жарық тартылғанымен, барлық ауылдардың ішкі көшелері жарықсыз. Жергілікті биліктің айтуынша шығындалған энергетикалық қуаттың шығынын төлеуге жергілікті бюджеттің шамасы келмей қалатын көрінеді. Сондықтан қысқа жіп күрмеуге келмей, тұрғындардың наразылығын тудырып жататынды.

Игі істің басы-қасында жүрген кәсіпкеріміз Нұрлан Ілесұлы: «Ауыл ақсақалдарымен канвассинг өткізген кезімде маған көшелеріне жарық шамын орнатып беруді өтінген болатын. Барлық жұмсалған  қаржымыз 300 мың теңге. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Тәуелсіздік көшесіне тартқан сыйым болсын. Біз үшін ауыл ағаларынан алатын ақ батадан артық ештеңе жоқ», – деді. Кәсіпкер Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деген көше атауы әр ауылға берілуі керек деген ойда екен. Ол жоспарын аудандық мәслихаттың кезекті жиналысында көтермек.

Б. ТОҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button