ҚАМБАСЫ ТОЛҒАН ҚОЖАЛЫҚТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың экономикаға өлшеусіз үлес қосып жатқан саласы. Аталмыш саланың ел экономикасын дамытудағы Президентіміз Қ. Тоқаевтың тікелей қадағалауымен жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыраудағы рөлі өте маңызды. Жыл сайынғы дәстүр жалғасып, Іле ауданының Мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінде аудан әкімі Бағдат Қарасаев бастаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлім басшысы, агро саласының ардагерлері, шаруа қожалықтарда биік белестен көріне білген шаруалары қатысқан үлкен мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шарада аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы сөз сөйлеп, ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерін, мерейлі мерекеге жиналған ел-жұртты мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының жылдық қорытындысы бойынша баяндама жасап, ауданымыздың қамбасын толтырып, ырысын молайтып жүрген шаруа қожалықтарын марапаттады. Оның ішінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін «Междуреченск Агро» ЖШС сауыншысы Тілеуова Жадыра Әкімбайқызы, ҚР Ауыл шарушылығы министрлігінің Құрмет грамотасы «Іле Ирригация» СШ МКК басшысы Бейсембаев Жеңісбек Жұмабекұлы, «Машучиван» шаруа қожалығының басшысы Машучиван Режеп Гасирович, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «Омаров» шаруа қожалығының басшысы Омаров Марат Болатұлы, «Монтажник» шаруа қожалығының басшысы Жолдасбаев Ермек Каимұлын марапаттады.
Салтанатты мерекеде еңбектегі зор табыстары, өндірушілік жоғары сапалары үшін ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы және жемісті еңбегі үшін аудан әкімінің грамотасы мен алғыс хаттары бірқатар шаруа қожалығы басшылары мен қызметкерлеріне табысталды.
Шара барысында «Монтажник» шаруа қожалығының басшысы Ермек Каимұлы сөз сөйлеп жиылған қауымды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады: «Мен 2000 жылдан бері өз өмірімді осы ауыл шаруашылығы саласына арнап келемін. Біздің «Монтажник» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі егін егіп, ірі қара малды өсірумен айналысады. Қожалықта 13 мың гектар жеріміздің 6 мың гектарына бидай, арпа, жоңышқа егіледі. Қазір 112 сауынды сиырымыз бар. Әр сиырдан 18-20 литр сүт сауып отырмыз. Қожалықта күніне 2 тонна сүт өндіріледі. Жұмысшыларымыздың орта жалақысы 180 мың теңгені құрайды. Біз ары қарай дамуды көздеп отырмыз. Осы мүмкіндікті жасап отырған мемлекет басшысына және жергілікті билік өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Бүгінгі ауылшаруашылығы қызыметкерлері күні құтты болсын», — деді.
Іс-шарада маңдайлары адал еңбекпен жарқыраған шаруаларды көріп көңілің жайланады. Күлімдеген көктеммен жарысып дән сеуіп, ала жаздай егінді өңдеп, берекелі күзде шашаусыз жинап алған диқандар енді аздап бір дем алып, келер жылғы дала жұмыстарына кіріспек. Олар қолда бар техникаларын тағы бір жаңалап, малды шығынсыз қыстан аман алып қалуға қамданып отыр. Мерекелік іс-шараның соңы аудандық көркемөнерпаздар дайындаған шағын концертпен аяқталды.
Бағдат ЧОЙБАСОВ