САБЫР ТҮБІ — САРЫ АЛТЫН!
«Көреріңді көрмей, көрге кірмейміз» — дегендей-ақ жасым келіп, қартайған шағымда бейбіт жатқан елімде жан түршігерлік мұндай келеңсіздікті көремін деп ойлаппын ба?
Қолдан келер шара жоқ, жүрегім сыздап, қан қысымым көтеріліп, өзімді қоярға жер таппай, екі көзім теледидарда, санама салмақ түскені сонша ма ауырып жатып та қалдым. Әсіресе өрімдей жастардың, полиция қызметкерлерінің айуандықпен өлтіргендерін көргенде, кеше ғана жайнап тұрған ару Алматынының ірі облыс орталықтарының сұрықсыз көрінісін, террористердің жан түршігерлік істерін көргенде, не істерімді білмей жан-жақта қызмет бабымен жүрген балаларымды, оқып жатқан немере-шөберелерімді іздеп әртүрлі ойларға қамалып қиналғанымды сөзбен жеткізу қиын-ақ. Менің басымнан өткен мұндай жағдайлар еліміздеегі барлық ата-аналар, әжелердің бастарында болғаны сөзсіз.
Неге біз осындай жағдайға жеттік? Неге біз осының болатынын сезбедік?
Сезсекте мән бермедік?
Біздің басшылар қайда қараған?
Ел қауіпсіздігін неге қамтамассыз етпеген?
«Сенгенім сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» — дегендей, Кәрім мәсімовтың сатқындығында естіп жатырмыз. Сұрақ көп!
Қадірлі де ардақты Іле тұрғындары, жерлестерім, іні-сіңлі, бауырларым, замандастарым, ерен ардагерлер төралқасының атынан талап етемін:
Ендігі мәселе қайткенде де қазақтың мемлекеттігін, егемендігімізді, еліміздің тұтастығын сақтау жолында аянбай еңбек етелік. Оның жолы тұтастық, ынтымақтастық, сабырлық.
Құқық қорғау тәртібін бұзушылармен күресті барынша қатайту және жауапкершілікті арттыру жолында мейілінше әділетті болалық.
Алып қашпа түрлі әңгімелерге, арандатушылыққа сеніп алданып қалған жастар көп болды. Бұл деген біздің ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керек екендігінің айғағы. Сондықтанда, ұрпақ тәрбиесі тек мектеп пен балабақшалар ісі емес, біздің ата-аналардың ең негізгі істеріңіздің бірі болуы тиіс.
Сөйтіп, қолдан келген іс-шаралардың бәріне аянбай ат салысып, еліміздің болашағын қызғыштай қорғап жатқандарға толық қосыламыз. Жаңа бетбұрыс жасалды деп сенеміз. Президентіміз Қасымжомарт Тоқаевты қолдаймыз. Ел мәселесін дұрыс жолмен шеше білетін, адал да еңбекқор азаматтар мен азаматшылар басшылық жұмыстарға тартылсын.
Қазақстан болашағын зор, экономикалық қуатты, әлемде өз орны бар мемлекет едік қой. Сол дәрежеміздің сақталуын тілейміз. Елімз аман, жұртымыз тыныш, Отанымыз қарыштап өсе беруін тілейміз. Бұл өмір талабы.
Төрткен Кененқызы,
Іле, Қордай аудандарының құрметті азаматы. Ардагер ұстаз.