Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратЗаң және бізҚазақстан жаңалықтарыҚоғамТұлға

ЗАҢДЫ ТҮСІНДІРУ

Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 32-бабы тәртібінде

Қазақстан Республикасы Президентінің №727 Жарлығымен Алматы облысының аумағында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 12:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді.

Осыған байланысты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті, құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Заңның 32-бабын басшылыққа алып,

ТҮСІНДІРЕМІН:

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына сәйкес төтенше жағдай қолданылатын кезеңде Алматы облысының аумағында еркін жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдарының кіруі мен шығуы шектелген. Бейбіт жиындарға, ереуілдерге және басқа да жаппай іс-шараларға тыйым салынған.

Бұл ретте тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру қарастырылған.

Қосымша уақытша шектеу шаралары ретінде сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, этил спиртін және алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған, жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілерді уақытша алып қою көзделген.

Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» Заңының 20-бабына сәйкес коменданттық сағат қағидаларын бұзған жеке тұлғаларды полиция қызметкерлері немесе әскери патрульдер коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге олардың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды – олардың жеке басын анықтағанға дейін ұстауға тиіс (ішкі істер органы бастығының немесе оның орынбасарының шешімі бойынша
48 сағаттан асырмай).

Ұсталған адамдар және олардың алып жүрген заттары мен көлік құралдары тексерілуі мүмкін.

Төтенше жағдай режимінің көрсетілген талаптарын бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Атап айтқанда, билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тыйым салынған ереуілге басшылық ету және ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату ҚК-нің 274-бабына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Төтенше жағдай кезінде қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру 10 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді (ҚК-нің 459-бабы).

Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 476-бабы), төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттері үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) тиісінше 15 және 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соқтырады.

Бұл ретте төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау ауырлататын мән-жай болып табылады (ҚК-нің 54-бабы, ӘҚБтК-нің 57-бабы) және неғұрлым қатаң жауаптылыққа әкеп соғады.

Осы заңнамалық нормалар шеңберінде құқық қорғау органдары төтенше жағдай режімінің кез келген бұзушылықтарының жолын кесетін, сондай-ақ кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдайтын болады.

Алматы облысының прокуроры
3-сыныпты мемлекеттік
әділет кеңесшісі А. Жылқыбаев

Басқа жаңалықтар

Back to top button