Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

«Омикрон» өршелене түсуде

Әлемде коронавирустың жаңа түрі «омикрон» тарап жатыр. Эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Алматы облысында да карантиндік шектеулер күшейтілді. Мәселен, ауданымызда оқушылар саны алты жүзден асатын мектептер осы айдың соңына дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Өйткені, дәрігер мамандар «Омикрон» балалар үшін аса қауіпті дегенді алға тартып отыр. Оның үстіне күрт жылынып, ауасы ылғалданған қыстың күні вирустың өршелене түсуіне септігін тигізіп  отыр.

Ауданымыздың бас дәрігері Б. Ысқақ коронавирустың жылдам тарайтын «омикрон» штаммы әсіресе вакцина алмағандар үшін қауіпті екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңа штаммның таралу жылдамдығы тез әрі жұғу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл вирус екпе алғандарға аса қауіпті болмағанымен бетперде киіп, ревакцинация қабылдауы керек екенін ескертті. Санитарлық ережелер сақталуы тиіс. Өйткені, бұл вирус жағдайды қас-қағым сәтте ушықтырып жіберуі мүмкін.

Аудандық орталық ауру-хана иммунологы Б.Асанқызы «омикрон» штаммы бір түшкіргенде бір мезетте жүздеген адамға жұғуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, дәрігер бұл вирус әсіресе балалар үшін аса қауіпті дейді.

Ауданымызда  соңғы екі аптада күніне орта есеппен 8 адам жұқпалы індетті жұқтырған. Дәрігерлер бұған адамдардың сақтық шараларын қатаң сақтамауы мен көпшілік орындарға жиі баруы себеп екенін айтады. «Омикрон» штаммының негізгі белгілері қандай? Мамандардың айтуынша, алдымен тамақ ауырып басталса, кейін дене қызуы көтеріледі, әлсіреу, сондай-ақ бұлшық еттер мен буындардың ауырсынуы пайда болады. Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, жаңа штаммның басты симптомы – бас ауырсынуы, нақтырақ айтқанда маңдай бөлімі мен самай бөлімінің ауырсынуы көбірек болады екен. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын сақтауға шақырады.

Бүгінгі таңда эпидемиологиялық ахуал матрицасы бойынша Алматы облысы қызыл аймақта тұр. Апта басында  жаңа штаммның елде таралу қаупін азайту шаралары күшейтіліп, құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелген болатын.

«Коронавирустың жаңа түрі «омикрон» алғаш рет Оңтүстік Африка Республикасынан өткен жылдың қарашасында алынған сынамадан анықталған. Кейін сол елдің үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вирустың жаңа түрі жайында мәлімдеді. Осылайша ДДС ұйымының өкілдері бұл жұқпалы дерттің алғаш рет тіркелгенін әлемге жария етті.

Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын медицина мен күш құрылымдары және білім беру саласының қызметкерлері салдырып жатыр. Олардың көбі «QazVak», «Синофарм» «Pfizer» вакцинасымен ревакцинациядан өтіп жатыр. Балалар бұл ауруды оңай өткереді. Бірақ  вирустың кейінгі салдары қандай боларын білмейміз. Коронавирусқа қарсы вакцинация бүгінгі таңда ең тиімді алдын алу шараларының бірі болып саналады.

Ауданда қараша айынан бастап 12-18 жас аралығында балалар мен жасөсіпірімдерге вакцинация жүргізілуде.  Бүгінгі таңда аудан бойынша — 12-18 жас аралығында 3608 балалар мен жасөсіпірімдер «Pfizer» вакцинасын алды.

Ауданда коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Пандемия басталғаннан бері ағымдағы жылдың 19 қаңтарына дейін ауданымызда коронавирустық ин-фекцияның 4386 зертханалық расталған жағдайы тіркелді.     Қаңтар айының 19 күніне 94 жағдай тіркелді. Ауданда 12 жастан бастап короновирустық инфекцияға қарсы (СОVID — 19)  халықты тегін вакцинациялау жалғасуда.

Халықты вакцинациялау үшін 16 медициналық ұйымда санитарлық-эпи-демиологиялық талаптарға сәйкес егу пункттері ұйымдастырылды. 19 қаңтардағы жағдай бойынша ауданда 1 компонентпен — 105329 адам, екінші компонентпен — 96527 адам егілді.

Вакцинацияға рұқсат алу үшін өзіңіздің тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік дәрігеріңізге, мейірбикеңізге жүгіну немесе eGov mobile қосымшасындағы eGov.kz  порталымен электрондық өтінімді жіберу арқылы алдын ала жазылу қажет.

Айта кетейік өткендегі Үкімет отырысында жаңадан тағайындалған Денсаулық министрі А. Ғиният еліміздің осал топтары яғни 60 жастан асқан азаматтар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, 12 жасқа дейінгі балалар ревакциналауда Pfizer вакцинасын ақысыз салдыра алатынын жеткізді.

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button