Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

Тұрғын үйді басқарудың тиімді жолы — бірлестік құру

Өздеріңізге белгілі 2020 жылғы 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Заңда тұрғын үй шаруашылығын басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған. Ең басты қағида: «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» Әрбір көппәтерлі үйдің тұрғындары арнайы жиналыста бірлестік немесе қарапайым серіктестік құру туралы шешім қабылдайды. Меншік иелерінің бірлестігі – заңды тұлға ретінде коммерциялық емес ұйым.

Ол тұрғындардың өз ішінен құрылады. Тұрғындар жиналысында үш жыл мерзімге көппәтерлі тұрғын үй кеңесі және ревизиялық комиссия сайланады. Сондай-ақ бір жыл мерзімге бірлестік төрағасы белгіленеді.

Энергетик ауылдық округі, Өтеген батыр ауылы аумағында 2021 жылдың 16 маусымында «Қарлығаш 6», «Рахымбаев 29» атауымен алғашқы «Меншік иелері бірлестігі» (МИБ) тіркелді. «Рахымбаев 29» меншік иелері бірлестігінің төрайымы Асылжан Белгібаева бұл туралы: «Қазіргі меншік иелері бірлестігі өте тиімді жоба. Бұрынғы КСК-ға қарағанда анағұрлым пайдалы. Мысалы, КСК 4-5 тұрғын үйдің басын қосып, ортадағы жиналған қаржыны әр үйдің құрылысына, кәріз құбырларына жөнелтетін. Яғни, 1 үйдің ақшасы 4 үйдің қабырғасын жөндеуге жұмсалатын. Ол дұрыс емес. Біреудің еңбегімен тапқан қаржысына екінші біреудің үйін сылайтын еді. Ал, қазір мүлдем басқаша. «Бір үй – бір бірлестік немесе жай серіктестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейміз. Маған жиналған қаржыны Рахымбаев 29 үйдің ғана жөндеу жұмыстарына жұмсаймыз. Қазірше үйіміз жаңадан салынғандықтан, жөндеу жұмыстарын атқаруға әлі ертерек. Оның орнына жылу мен жарықтың төлемдерін төлеп келеміз. Көктем шыққанда үйдің айналасын аббаттандыру жұмыстарына дайындалып жатырмыз» — деп өз пікірін білдірді.    

Айта кетейік, егер пәтерлердің, көппәтерлі тұрғын үйдің иелері 2019 жылғы 26 желтоқсандағы қабылданған Заң күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде МИБ немесе қарапайым серіктестік құрмаса, онда жергілікті атқарушы органдар сайлауға арналған үйге кеңес беру және кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдау үшін пәтерлердің, көппәтерлі тұрғын үй-жайлардың меншік иелерінің жиналысының өткізілуін қамтамасыз етуге міндетті.

Қазіргі таңда ауданда 4 МИБ бар. Меншік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестіктерді тіркеу бойынша кеңес алу үшін «Энергетикалық ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-не немесе 8 (727) 52-2-18-77 телефоны бойынша хабарласуға болады.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button