Аудан жаңалықтарыБілім және ғылымМәдениетРуханият

АҚЫН – ҰЛТТЫҢ ЖҮРЕГІ

М. Мақатаев атындағы №13 орта мектептің «Мұқағали» мұражайында Қазақтан Жазушылар Одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың, «Серпер» жастар сыйлығы мен Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші  орынбасары, ақын Ақберен Елгезекпен  «Ақын — ұлттың жүрегі» атты кездесу кеші өтті.

Сыйлы қонақты мектеп ұжымы күмбірлеген күймен күтіп алды. Білім ордасының кіре берісінде Мұқағали аталарының өлеңдерін жатқа оқыған дарынды бүлдіршіндер мейманның ақ батасын алды.  Одан кейін, мектеп директоры Аяулым Жакашбаевна Ақберен ақынды білім ордасымен таныстырып, кездесу өтетін орынға, яғни, «Мұқағали» мұражайына алып келді. Ондағы оқушылармен ұстаздардың ақынға деген құрметі ерекше екені көрініп-ақ тұрды. Аталмыш шараға мектеп ұжымынан бөлек, аудандық білім бөлімінің аға әдіскері Сақыпжамал Сапакова қатысты. Кездесу барысында шәкірттер Ақберен Елгезектің өлеңдерін жатқа оқып, бар шеберліктерін паш етті. Өлеңге құштар жастар ақын ағаларына көңілдерінде жүрген сан түрлі сұрақтарын қойып, ұйып тыңдады. Іле ауданы Ақберен аға үшін таңсық емес екен. Өзінің айтуынша, өмірінің белгілі бір кезеңін осы аймақта өткізіп, 11 сыныпты да осы ауданнан тәмамдапты. «Ұлы Абай қазақтың бас ақыны екені даусыз, ал Мұқағали қазіргі қазақ ақындарының ұстазы, тіпті, өлеңге әуес жастар осы Мұқағалиға еліктеп өлең жазып бастайтындары да жасырын емес. Солардың ішінде өзім де бармын»,- деді Ақберен аға. Әуезді ән де, отты өлең де оқылған кездесу кешінен оқушылар керемет әсер алғандары анық.

«1990 жылы Алматы облысы, Іле ауданының орталығы бүгінгі Өтеген батыр ауылының ұлтын сүйетін жанашыр тұрғындары бас қосып, алғашқы қазақ мектебін ашты. Аудан орталығындағы алғашқы қазақ мектебі Хан Тәңірінің мұзбалағы, Аспантаудың алдаспан ақыны Мұқағали Мақатаевтың  есімін иеленді. Мәртебелі есімнің шарапаты шығар, бұл күнде аудан, облыстан дара тұрған мектебіміз, республикаға танымал. Ақын атын ардақтау үшін жыл сайын туған күнінің құрметіне, айтары бар ұлт зиялыларымен кездесуді дәстүрге айналдырғанбыз.  Бүгінгі кеш соның бір дәлелі. Келгеніңізге рахмет, қаламыңыз мұқалмай, ұлттың жүрегі болып жүре беріңіз»,  — деді Аяулым Керімқұлова.

Кештің қорытынды сөзін сөйлеген мектеп директоры арынды ақынға ұжым атынан алғысын білдіріп, шапан жапты. Қонақ та құр қол келмегенін айтып, өмір жолындағы өткелдерімен олардан қалай өткендері жайлы сыр шертетін «Болмаған балалық шақ» атты кітабы мен «Шаһар кезген» өлеңдер жинағын  мектеп кітапханасына сыйға тартты.

Айдын ТОҚСАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button