Шын жүректен мың алғыс
«Шын жүректен мың алғыс». Осындай атаумен аудандық кітапхана ұжымы 1 наурыз — «Алғыс айту күніне» орай этномәдени бірлестік мүшелерімен мерекелік кездесу өткізді.
Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауырпалықты қайыспай бірге көтеріп, бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Көктемнің алғашқы мерекесі саналатын атаулы күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың достығы мен ыстық ықыласының жарқын символы. Айта кетейік, бұл мереке 2016 жылдан бастап атап өтілуде. Сол жылдың 14 қаңтарында Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойды. Елбасы бұл күн туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Сан ұлт өкілдері саялаған Іле ауданында осындай түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақтастықта өмір сүруі арқылы одан сайын гүлдене бермек. Татулықты насихаттау мақсатында аудандық кітапхана ұжымы көктемнің алғашқы мерекесінде этномәдени бірлестік мүшелерімен кездесу ұйымдастырды. Аталмыш шараға әртүрлі ұлт өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысты. Іс-шара барысында «Қазақ еліне мың тағзым!» атты кітап көрмесі көпшілік оқырманға таныстырылып, «Бір халық – бір тағдыр» атты бейнеролик көрсетілді. Кездесу кешінде этномәдени бірлестік мүшелері өз ұлттарының тарихы мен салт-дәстүрі туралы айтып, би билеп, ән шырқады. Ата-бабалары қиын кезеңдерге тап болғанда, төрден орын беріп, қонақжайлылық танытқаны үшін, бүгінде бір шаңырақ пен көк тудың астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқандары үшін, әуелі Аллаға, одан кейін дархан көңіл қазақ халқына алғысы шексіз екендіктерін жеткізді. Кеш соңында қатысушылар кішкентай жүрекше арқылы бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, «Рахмет» ойынын ойнады. Татулық пен бірлігі жарасқан ұлт өкілдері бір-біріне алғыс айтып, керемет көңіл-күймен тарқасты.
Айдын ТОҚСАНОВ