Әдепті келін – ауылдың көркі
Наурыздың үші күні Ақши ауылдық және балалар кітапханасының, және ауылдық аналар кеңесімен бірлесіп ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында «Әдепті келін–ауылдың көркі» атты келіндер сайысы өтті. Іс-шараға ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым қызметкерлері, «Ақниет» әжелер ансамблі мүшелері қатысты.
Іс шараны округ әкімі Т.А. Омаров ашып, арнайы құрылған қазылар алқасында Аналар кеңесінің төрайымы Ж.Мұңайтбасова, Ақши ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы А.Битманов, ҚР Мәдениет қайраткері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Г.Ахметбаева, Ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Н.Кемербаева болды.
Сайысқа отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген ауыл келіндері қатысып, бақ сынады. Қазақ келіні қай кезден де отбасының берекесін келтіріп, татулығын бекемдей білген. Әр үйдің өнерлі келіндері өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырған болса, өнер сайысында өздерінің өнерлерін ортаға салып, қазақы дастарқанын жайнатып, қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді.
Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты.
Сайыс қорытындысы бойынша «Супер келін» номинациясын № 8 орта мектептің ұстазы Бексұлу Әбілқасым иеленіп, «Парасатты келін» номинациясын Т.Бокин атындағы №41 орта мектептің ұстазы Мақпал Мырзатай және «Инабатты келін» номинациясын ауылдық аурухана қызметкері Жанарай Жиенбаева, «Өнерпаз келін» номинациясын Әкімшіліктен заңгер Жансая Байжуманова, «Шебер келін» номинациясын кітапхананың тұрақты оқырманы Айжан Шауманова иеленді. Қатысушы келіндер ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Шара барысында кітапханашы Қ.Амантаева «Әйел-ана, әйел-жар, әйел-бақыт» атты кітап көрмесімен таныстырып, көпшілік көңілді күймен тарқасты.