Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

ҰЛЫ МҰРАТҚА БІРГЕ ЖЕТЕЙІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз халқына жолдаған кезекті Жолдауын үлкен ықыласпен тыңдадым. Елімізде орын алғалы тұрған үлкен өзгерістер көңілімізден шықты. Президентіміздің айтуы бойынша біз ескі құндылықтарымызды сақтай отырып, жаңа бастамаларға бет бұрамыз. Мақсатымыз – ұлттық болмысымызды, қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында еңбегі ерең тұлғаларымызды құрметтей отырып, ата-бабамыз аңсаған, армандаған тәуелсіз, бейбіт ел болу.

Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы бар, шежіресі анықталған, шекарасы шегенделген ел ретіндегі жаңа қадам басуға соны серпін жасау үшін бірқатар нақты қадамдар айтылды.

Қазақ даласында ұлттық құндылықтардың сақталуын, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруды да тілге тиек етті. Еліміздің жаңа стратегиялық мақсатқа жетудегі 10 негізгі бастамасын ұсынды. Оның ішінде маңызды саяси құжатқа енгізілетін өзгерістер, елеулі сипатқа ие болатын жаңа заң жобаларын қабылдау әкімшілік-аумақтық құрылымдарға өзгеріс енгізілуінің өзі – ауқымды жұмысты қажет ететін бастама.

Жолдауда ата-бабаларымыздың тәуелсіздік үшін күрескерлік жолын жалғап, Қазақстанның үш облысына тарихи атаулар берілетіні сөз болды. Атап айтқанда, Ұлытау, Жетісу жер атаулары мен қазақтың ұлы тұлғалары Абай Құнанбаев, Дінмұхаммед Қонаев есімдері берілетін болды. Себебі, бұл бүгінгі таңға дейін халық аузында жүрген, көптің қалауы еді. Бұл бастама алдағы уақыттарда да жалғасын табады деп ойлаймын.

Жолдаудың тақырыбының өзінен жаңа леп, жаңа көзқарас, жаңа қадам, жаңа кезең, тың мазмұнға ие жаңа бағыт, сенімді көзқарас, нақты мүмкіндіктердің бары аңғарылады. Біздің қоғамның келешек мүмкіндіктері мен мемлекеттің ұлық мұратын айқындауға бағытталған саяси салмағы басым құжат деп қарағанымыз ләзім. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынғалы отырған әр жұмысқа азаматтық үнімізді қосып, Жаңа Қазақстанды жаңғырта отырып жаңарту жолында бірлігімізді көрсету бабалар аманатын ұлықтау деп білемін.

Ел Президентінің «Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік… Елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда жұртымызға ең алдымен ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр істі байыппен жасауға тиіспіз. …Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген сөздерінен еліміздің жарқын болашағын, нық қадамдарын, қарышты дамуын көруге болады.

Сол ұлы мұратқа жетуде мемлекетімізге Жаратқан ие жар болсын!

Зохида Тұрсынбекқызы ТУРЕХОДЖАЕВА,

№7 орта мектептің директоры

Басқа жаңалықтар

Back to top button