Оқушыларды шығармашылыққа ынталандырудың жаңаша жолдары
Заман мен қоғам, ғылым мен техника тоқтаусыз дамып, өсіп-жетілу үстінде. Осы көштің соңында қалмайтын, қоғамнан өз орнын таба алатын, бәсекеге қабілетті оқушыны — тәрбиелеу әр ұстаздың алдына қойған мақсаты. Ал бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін, әлем елдерінде пайда болып жатырған көптеген жаңа мамандықтар секілді жаңа қабілеттерді бойымызға сіңіру керек Сол қажетті дағдылардың бірі — шығармашылық қабілет.
Шығармашылық қабілет кәсіби өнер мамандарына ғана керек деген ұғым – біздің заманымызда ескірген, қолданыстан шығып бара жатқан түсінік десек те жөн. Себебі, әртүрлі мамандықтар, өзін иегеретін феномен тұлғаларды іздестіреді. Қоғамның сұранысы да айтар ойын анық жеткізе білетін, креативті ойлайтын, ізденімпаз, рамкадан тыс шешімдерге бара алатын жандарда болып отыр.
Ендеше, ендігі жерде біздің ұстаздық міндет-мұратымызда – шығармашылық қабілеті дамыған шәкірт тәрбиелеу де бір маңызды дүние болмақ. Жалпы, «Творчество – дело желании» демекші, шығармашылыққа баулуу үшін қазіргі сәтте тек оқушының қызығушылығын арттырып, мотивациясын дамыту арқылы қол жеткізе аламыз.
Енді, оқушының шығармашылыққа деген қызығушылығын оятудың негізгі жолдарын іздестіріп көрсек:
А) Адамның түпсанасына әсер ететін негізігі фактор, ол – қоғам. Қоғамның қызығушылығы неде болса, ондағы адамдар да соған ұмтылары ақиқат. Егер біз қоғамның қызығушылығын шығармашылыққа қарай бұра алсақ, онда шығармашылық қабілеттерді игерсем деген сұраныс шәкірттер тарапынан артар еді.
Ә) Бәсекелестік. Егер замандастар арасында өзара достастық бәсеке болса, ол өзара эксперимент алаңына айналып, көп баланың еңбектенуіне себебін тигізер еді. Ізденімпаз оқушының саны өсер еді. Ал сан бар жерде сапа бар емес пе?!
Б) Ақпараттың, білімнің ұсынылу тәсілінің қолжетімділігі мен қызықтылығы. Жалпы, ақпарат пен білімді ұсынар тұста ұстаз бірінші кезекте аудиторияның жас ерекшелігіне, қызығушылығына қарай жоспар құрады ғой. Біздің алдымызға келген ұрпақ – ғасыр мен ғасыр ауысқан, екі дәуірдің ортасындағы, санасы күрт дамуға ұшыраған ұрпақ десек, артық емес. Ендеше баланың қызығушылығы басқа арнаға ауысып жатқан уақытта біз, сол бала қызығатын ортаға білім беру, шығармашылық қабілетті дамыту сияқты контенттерді ұсынуымыз керек деп санаймын.
Осы орайда, заманауи оқушының биік талғамы мен кірпияз сұранысын қанағаттандыру, қоғамдағы қызығушылықты шығармашылық бағытқа аудару мақсатында ауданымызда Ақмарал Құрманжановнаның бастамасымен «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы құрылған. Қауымдастықты таныстыру бейнетаспасында, аудан әдіскері Ақмарал Молдагулова «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында тұсауы кесілгелі отырған «Жаңа толқын» қауымдастығының негізгі мақсаттары — оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Яғни, бұл қауымдастық 3 бағытта жұмыс жүргізеді: бірінші, оқушылардың ақындық шеберліктерін шыңдау, екінші, көркемсөз өнеріне дағдыландыру, үшінші, актерлық шеберлікке баулуу» деп атап көрсеткен. Бұл қауымдастық құрылған сәттен бастап, қоғам арасында, ұстаз бен шәкірт ортасында шығармашылық атмосфера жасауға тырысқан пилоттық жоба деп айтсақ болады.
Қауымдастық, оқушылар арасында өзара бәсекелестікті дамытып, шығармашылыққа қызығушылығын арттыруда көптеген байқаулар өткізіп, көп балаларға мотивация беріп келеді. Қазіргі таңда қауымдастықтың дәстүрлі байқауларына оқушылар қызыға қатысып, түрлі ізденістерге барып жатыр. Сонымен бірге, көп танымал тұлғалармен өткен онлайн-кездесулер, сыр-сұхбаттар да оқушылар үшін өнеге көзі болып отыр.
Соңғы жылдардағы карантин жағдайындағы онлайн оқу жаңа көкжиектерге жол ашты десек те болады. Бұл жерде қауымдастық мүшелері оқушыларға дәстүрлі форматпен бірге өздерін көбірек қызықтыратын, оқушыларға қолжетімді әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып, қызықты әрі жаңашыл шараларын инстаграм әлеуметік желісінде іске асырып отыр. Қазіргі таңда қауымдастық парақшасына 4 500 ден астам оқырман тіркеліп, парақша белсенді түрде жұмыс жасап отыр.
Оған қоса, қауымдастық мүшелері онлайн бағытта жүргізіп отырған «Муздрама» жас артистер труппасы, ақындық өнер, көркемсөз оқу бағыттары да оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауда өз үлестерін қосу үстінде.
Осылардың бәрін қорыта келе, «Жаңа толқын» шығармашылық қабілеттерді дамытуға жаңа көзқарас танытқан жастар шығармашылық алаңы, пилоттық жоба деп бек сеніммен айта аламыз.
Нұрбек Серикбойұлы Жангабоев
Іле аудандық «Жаңа толқын»
жас ұстаздар қауымдастығының мүшесі
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік Мектебінің кураторы