ҚУАН АТАНЫҢ МЕРЕКЕСІ
«Отан отбасынан басталады» деп жатамыз. Отбасы әр адамның тіршілік бастауы ғой. Сондықтан бізде 15 мамыр — халықаралық отбасы күнін атап өту үлкен дәстүрге айналып келеді. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті. Біз алдыңғы нөмірімізде таныстырып кеткен Ақши ауылының тұрғыны Қуан Нұрышұлын сіздерге тағы бір қырынан көрсетпекпіз. Ол кісі ауылға танымал түйеші ғана емес. Өзінің сүйген жарына адал азамат екенінде дәлелдей білді. Қуан ата 1963 жылы Барша анамызбен отбасын құрды.
Еліне елеулі халқына қалаулы Ақши ауылының ардақты ақсақалы Қуан атамыз 1933-ші жылдың 15-ші сәуірінде Түркіменстан Республикасында қарапайым отбасында дүниеге келген. О баста тоғыз ағайынды болған. Содан сегізі о дүниелік болып Қуан атамыз атадан жалғыз қалған. Әкесі – Нұрыш тоғыз жасында дүниеден озған. Анасы Түймешпен жалғыз қалады. Әулеттің ең кенжесі қиын қыстау кезде нағашыларын жағалап, балалық кезін сол нағашылармен бірге өткізді. Нағашылары өз ұлдарынан бөліп жармай, әкесін жоқтатпай тәрбиелеп жеткізді. Сол бала кезінен бері мал шаруашылығымен айналысып, мал шаруашылығының қыр-сырын сол кезден бойына сіңіріп өсті.
1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында анасына қолқанат болып, қиын күндерді басынан өткізді. Солай ержетіп, отанасы Барша апамызбен шаңырақ құрып, үш ұл, он қызды дүниеге әкелді. Жаратушының сынағы болар бір қыз, бір ұл кішкентай кезінде шетінеп кетеді. Қалған он бір құрсағын аман есен жеткізіп, ұлдарды ұяға қыздарды қияға қондырды. Сол ұл-қыздарынан қазір Аллаға шүкір 45 немере, 49 шөбере сүйіп отыр. Қуан атамыз, өз кәсібі мал шарушылығын ұлдарына немерелеріне үйретті. Өзі бір кездері колхозда шофер болып қызмет етті. Ең үлкен немересі Ерболат 1993 жылы Ақши ауылында туған. Ерболат атасының кәсібін жалғастырып келеді. Малдың қыр-сырын атасынан үйреніп, өз ұлдарының бойына сіңіруде. Атамыздың өз қолындағы екінші ұлынан болған немересі Нұрсұлтан да мал жанды. Қуан атамыз барлық немерелерін өзінің ата кәсібіне баулуда.
Атамыздың ең кенже шөбересі Әл-Қасым 2021-жылы Жаңаөзен қаласында дүниеге келді. Алла қаласа шөберелері де Қуан атамыздың жолын қуатынына сенімдіміз. Өмір жолында көргендері мен көңіліне түйгендері ізгі ұрпақтарға сабақ боларына кәміл сенеміз.
Қазір үйіндегі алтын алқа иегері Барша әжемізбен бірге 15 түйе ұстайды. Ақши ауылы алға тартып, алдынан кесе өтпейтін абыз ата мен ардақты әжеміз ауылдың ұйыған тыныштығын жалғыз Жаратушыдан сұрап отыр. Қазіргі жастарға Қуан атаның ғұмыры үлгі. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында да қала жағалап кетпей-ақ ауылда жүріп өз ісін дөңгелетіп отырды. Шұбаттан түскен азын-аулақ пайдамен өз отбасын бағып жетілдірді. Ауылдың қазақ баласы үшін қадірін білсе пайдалы да киелі жер екенін ісімен дәлелдеді. Осы өмір соқпағынан сабақ алар ұрпақ болса екен дейміз.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни, кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі деп білеміз.
Сондықтан да бүгінгі мерекеде бір-біріңізге әдемі де әсерлі сөздер арнап, ерекше сыйластық көрсете біліңіздер! Тек қана бүгін емес, жылдың әрбір минутында, әрбір сағатында, жанұяңызды ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей жүріңіз!
Бағдат ЧОЙБАСОВ