#Qazaqstan30Заң және бізҚазақстан жаңалықтарыМерекелерРуханият

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – БОЙТҰМАРЫМЫЗ

Әр халықтың айбынын асқақтатып, жанына рух беретін, елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік рәміз – халқымыздың тарихынан сыр шертіп, ғасырлар қойнауынан белгі беріп, өткеніңнен тағылым танытатын тәуелсіздіктің тұмары емес пе? Себебі, Рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Гимн – тәуелсіз еліміздің дербестігін әлемге танытып қана қоймай, өткені мен бүгінін жалғастырып, болашағымен сабақтастырады. Демек, Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

Кемел келешекке керуен түзеп, болашаққа батыл қадам жасаған Отанымыздың ғұмырнамасында дамуы мен демократиялық құндылықтарының қалыптасуы қатар жүріп, мемлекеттік рәміздеріміз тұғырына нық орнап, мәртебесі артты. Елбасының тарихи бастамасымен, Мемлекет басшысының тың идеясымен елімізде жүзеге асып жатқан реформа – мемлекетіміздің іргетасын нықтай отырып, жыл санап әлемдік қауымдастықтар алдында беделін нығайтумен қатар танымалдығының артуына негіз болды. Теңдіктің тірегі, елдің жүрегі болған рәміздеріміз әрбір қазақстандықтың мақтанына, ардақтап, қастер тұтар құндылығына айналды.

Мемлекеттік рәміздеріміз – қазақ елінің өзіндік өмір салтын, тарихы мен тағдырын, болмысындағы ерекшелігін, ұлы мақсатқа ұмтылысын, өзгелермен қарым-қатынас орнатудағы бейбіт мұратын айқын бейнелейтін құнды құжаты.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс. Осы ретте, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аясындағы іс-шаралардың мазмұны мен өткізілу форматтары жаңа бағыттарда болуы қажет. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын бейнелейтін ерекше құнды белгілерді құрметтеу, насихаттау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті! Осы ретте, жас ұрпақтың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз екенін естен шығармасақ деймін. Олай дейтін себебім, қазіргі таңда рәміздерге құрметсіздік танытып, оларды қорлап жүрген жастарымыз да жетерлік. Сөзімізге тұздық ретінде нақты мысалдар келтіретін болсақ, мемлекеттік Туды қоқыс жәшігіне тастағандар, Көк байрағымызбен қоқыс тасығандар, тіпті Мемлекеттік Туды ілген тутұғырдың маңына дәрет сындырып, былғап кеткендер жайлы ресми сайттарда және әлеуметтік парақшаларда кеңінен жарияланған болатын. Одан бөлек, жуырда ғана Алматы қаласында орналасқан Балуан Шолақ атындағы сарайда ән кешін өткізген Ирина Қайратовна атты әнші мен оның шашбауын көтерген топ өкілдері де мемлекеттік Туымызды қорлайтын әрекет жасады. Бірақ, өздері «Туды көрермендердің біріне сыйға бермекші болғанбыз» — деп, жалтарып, өз әрекеттерін жуып-шайды.

Алайда, мен әлгі «Shiza» деген әншінің орнында болсам, Туды алақаныма салып ұстап, көрермендер арасында ойын ойнатып, не болмаса бір көрерменді шақырып, бірге ән айтып, соған ризашылығым ретінде қолына тапсырып, «Біздің ел болып қалыптасып, мемлекет боп жасауымыздың бір белгісі – Туымыз. Қазақтың Туы төмен түспесін, көзіңіздің қарашығындай сақтаңыз» — деп, құрметпен сыйлар едім. Бірақ, бұл мемлекеттік рәміздерге түк қатысы жоқ ән кеші болғандықтан, әншінің мемлекеттік Туды көрермендерге лақтырып, хан талапай жасамақ болғанының өзі Туды қорлау болып саналады. Себебі, мемлекеттік Ту – әншінің жеке мүлкі емес, не кей әншілер көрерменіне сый етіп беріп жатқандай киімі емес, аты айтып тұрғандай мемлекеттің белгілі бір нышаны болғандықтан, мемлекеттік рәмізді қорлауға жол бермеуіміз керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздері» туралы Заңының 4-бабында мемлекеттік Туды пайдаланатын орындар мен қолдану жолдары жазылған. Ал, осы мемлекеттік рәміздерді дайындау мен оларды пайдалануды реттейтін ҚР заңнамасын бұзған азаматтар осы заңның 15-бабына сәйкес жауапқа тартылады екен. Осы заңнамаға сәйкес, рәміздерімізге немқұрайлы қарап, тіпті оларды қорлап, мазаққа айналдырып жүргендерді халық алдында жауапқа тартып, мемлекеттік арналардан, баспасөз беттерінен елдік мұратымыз бен құндылығымызды сақтаудың бір жолы – рәміздерге деген құрмет екендігі түсіндірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бәріміз бір Тудың астына жиналып, Қазақстан атты ұлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, мемлекет ортақ болғандықтан, мемлекеттік тіл мен мемлекеттік рәміздер де Қазақстанды мекендеген әрбір ұлтқа ортақ болуы керек. Себебі, Қазақстанның рәміздері мен мемлекеттік нышандары ұлтқа бөлінбейді, барлық ұлтқа ортақ белгілер. Сондықтан, сіз мейлі қазақ болыңыз, мейлі орыс, түрік не неміс болыңыз, қай ұлт өкілі болсаңыз да, Қазақстан азаматысыз. Демек, мемлекет мүддесін қорғау, оны қорлауға жол бермеу – әрбір азаматтың айнымас борышы. Әр ел мемлекеттік рәміздерін құрметтеп, онымен мақтана білуі керек. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін! Қазақстан Туымен тұғырлы,  Елтаңбасымен еңселі,  Әнұранымен айбарлы!

Биыл мемлекеттік рәміздерімізді қабылдағанымызға ордалы 30 жыл толып отыр. Рәміздеріміздің мерекесі құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, Елтаңбамыз төрімізде жарқырап, Әнұранымыз шарықтап, Туымыздың мәртебесі биік болсын.

Алмат ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button