#Qazaqstan30Басты ақпаратЗаң және бізҚазақстан жаңалықтары

СҰЛТАН ДҮЙСЕМБИНОВ: «КОНСТИТУЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕРДІ РЕФЕРЕНДУМ АРҚЫЛЫ ЕНГІЗУ – ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ»

ҚР Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Hoffmann aluminium» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына 5 маусым күні болатын республикалық  референдумға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қайтты.

Депутат конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, азаматтардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, бұл жиында Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мән-маңызы жайлы сөз еткен аудандық мәслихаттың хатшысы — Роза Абилова, аудандық референдум өткізу штабының төрағасы – Ерболат Сапарұлы және «Hoffmann aluminium» зауытының қаржы директоры Елдос Тұрысбекұлы болды.

 –  «Мемлекет басшысы жақында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Негізгі Заңымыз – Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жалпыхалықтық референдумда қабылданатынын айтты. Ал бұл еліміздің болашағына алаңдаушылықтан жасалған қадам. Әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде ұлттық тұтастық, мемлекеттік бірлік, әсіресе, халқымыздың қолдауы ауадай қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы осындай маңызды шешімді референдум арқылы қабылдауды ұсынды. Еліміздің болашағына араласу, келешекке деген жол таңдауға халықтың қатысуы және халықтың орны ерекше болады деп ойлаймын. Өйткені, Ата Заңға өзгеріс енгізу деген өте үлкен жағдай. Ол әрбір мемлекетте бола қоймайды. Халықтың араласуымен болған іс өте орынды болады деп ойлаймын.

Референдум әр қазақстандыққа жеке таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайды. Маңыздылығы сонда жатыр. Дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешеді. Әдетте референдумдар көбінесе маңызды заң актісін, құжатты, Конституцияға түзетулерді қабылдау үшін өткізіледі. Конституцияға бұл түзетулер іргелі сипатқа ие және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер. Өз басым бұл ұсынысты құптарлық деп көрем, себебі бұл референдум Президентіміздің «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының жалғасы сияқты.

Онда мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара әрекеттесе отырып, азаматтардың шешім қабылдау және олардың бақылау процесіне тартылуына мүмкіндік беретін кедергісіз мемлекет құру деп білемін. Конституцияға түзетулерді референдум өткізу арқылы енгізу, бұл халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі. Себебі, әрбір азамат «Жаңа Қазақстанның» құрылысына қатыса алады», — деді сенатор.

Сондай-ақ, ол Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Президенттің өкілеттігі қысқартылатынын, парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейтілетінін, құқық қорғау саласы жүйелі түрде күшейтілетінін, құқық қорғау тетігінің нығайтылатынын айтты.

Сөз соңында сенатор мәслихат депутаттары мен мемлекеттік мекемелер өз тарапынан Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумға қатысты халыққа тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

Айдын МЕЙРАМҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button