Жас келсе іске!
Боралдай кенті әкімінің бастамасымен Боралдай кентінде Жастар кеңесі құрылды. Жастар кеңесінің алғашқы отырысы кенттік кітапханада өтті. Кездесуге кенттің жалынды, патриот жастары мен Боралдай кентінің әкімі Қоңырбаев Данияр Төлеуханұлы, Іле ауданының Құрметті азаматы, Боралдай кенті Аналар кеңесінің төрайымы Қаламбаева Мархаба, Ауған соғысының ардагері Баймолдинов Серікбай Кеңесбайұлы, запастағы подполковник Шорманов Нұрлан Амангелдіұлы, Облыстық мәслихат депутаты, С.Нұрмағамбетов атындағы джи-джитсу спорт клубының негізін қалаушы және басшысы Орынбасаров Нұрсұлтан Жұмабайұлы қатысты. Жастар кеңесінің құрылғанына өз ризашылығын білдіріп келген Мархаба апамыз шашуын шашып, жастарға ақ батасын берді. Жаңадан құрылған Боралдай кенті Жастар кенесіне кент әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскері Ж.Бұзауқызы жетекшілік етеді.
Жастар кеңесінің мақсаты — жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, дастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың барлық салада белсенді болуына ықпал ету, кент жастарын қолдау, жастардың барлық саладағы мәселелерін шешуге дәнекер болу және Боралдай кентінде болашақта елдің көшін бастайтын, ел тізгінін ұстайтын ұлтын сүйетін, нағыз патриот, білімді, білікті жастар легін қалыптастыру.
Алғашқы кездесуде жастар мен аға буын ойларын ортаға салып, ағалар ақылын айтып, жастар алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жастар кеңесінің ең басты ұстанымы — жалған популизмнен аулақ болып, нағыз іске жұмылу. Елім маған не береді деп емес, мен еліме не берем дейтін білімді, білікті, патриот жастар санын арттыру. Жас келсе іске!