БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
«28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні» қарсаңында «Іле таңы» аудандық қоғамдық-саяси апталық газетінің ұжымы аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаевтың қабылдауында болды. Іс-шараға аудан әкімі Б. Қарасаев, «Іле таңы» ЖШС директоры Б.Рымжанов, газетіміздің бас редакторы Е. Ахмет, газет ұжымы және ауданымыздың ақпарат саласына, баспасөз ісіне өз үлестерін қосқан ардагер қаламгерлер Р. Айдарбекова, Б. Қырбасова, А. Елешова қатысты.
Шараны аудан әкімі ашып, ауданымыздың қаламгерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бағдат Әбілмәжінұлы өз сөзінде: «Құрметті «Іле таңы» газетінің ұжымы, ардагер журналистер, сіздерді бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жас ұрпақты патриоттыққа баулып, өңірімізде болып жатқан игі істер мен тың жаңалықтарды халыққа жеткізуде баспасөздің атқаратын рөлі зор. Мереке қарсаңында қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, шабыттарыңыздың шыңына ұшқан құс жетпесін дей келе, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әрдайым жақсылықтың хабаршысы бола беріңіздер.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген болатын. Ахметше айтқанда, «Іле таңы» – Іле ауданының көзі, құлағы, жаңалықтарын халыққа айтушы тілі десек, еш қателеспейміз. Себебі, сіздер арқылы аудан тұрғындары аймағымызда болып жатқан жаңаша бастамалардан хабардар болып отыр», — дей келе, журналист мақаланы жазғанымен, оны өңдеп, емлелік, стилдік қатесін түзеп, оны газет бетіне орналастыру керектігін, сондықтан, редакция ұжымында қызмет етіп жүрген әрбір қызметкер: ол редактор болсын, корректор болсын, тілші не дизайнер болсын – барлығы да газет жұмысын алға бастыруда өзіндік орны бар тұлғалар екенін баса айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі болашақта «Іле таңы» газетінің өз қара шаңырағы болып, жеке ғимаратта орналасып, өзінің жеке көлігі мен жеке баспаханасы болуына тілектестік білдіріп, осы мәселені қолға алатынын жеткізді.
Аудан әкімінен кейін сөз алған ардагер журналист, «Еңбек ері», «Іле таңы» газетінде 40 жылдай еңбек етіп, 22 жыл бас редактор қызметін атқарған Р. Айдарбекова газет тарихына шолу жасап, аға буын журналистер туралы естеліктерімен бөлісті. Ал, Б. Рымжанов болса «Журналист – Шерхан Мұртазаның сөзімен айтсақ, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» болған, атадан қалған киелі сөздің тұтқасын ұстаған, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір іспетті, сөз құдыретін терең түсінген қалам иесі. Журналистика – қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Осы салада қызмет етіп жүрген барлық әріптестерімді мерекесімен құттықтаймын» — дей келе, «Іле таңы» мемлекеттік мәртебесінен айрылып, жекеменшікке өткен кезде, қиын-қыстау кезеңде газетімізге қолдау білдіріп, аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдем еткен аудан әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ, редакциядағы кейбір қажетті жарақтарды жаңартып, материалдық-техникалық базасының қайта жабдықталуына әкімшілік тарапынан көмек болса деген тілегін де жеткізді. Аудан әкімі де өз кезегінде ауданымыздың айнасы болатын, ақпарат жаршысына айналған «Іле таңы» газетіне барынша қолдау білдіретінін сеніммен айтты.
Іс-шарада газетіміздің бас редакторы Е. Ахмет, аға тілшісі Р. Елешов, тілші Б. Чойбасов, хатшы Ж. Нуркаскаева және тілші-корректор А. Ержанов аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталса, дизайнер Г. Құрманбаева, бухгалтер Е. Құсайын, жүргізуші-экспедитор Е. Мухамедов және жарнама менеджері А. Отарбаева аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының алғыс хатымен марапатталды.
А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ