Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауы – Жаңа Қазақстандағы саяси оқиғалардың ең маңыздысы ретінде қабылданатын тарихи құжат. Әр кездегі Жолдаудан еліміз үлкен үміт, жақсылыққа деген ұмтылыс, соны жаңалық күтетіні де рас. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, медициналық әл-ауқатын көтеруге, білім сапасын жақсартуға бағытталған биылғы Жолдау өзгеше пішінде өтуімен ел назарын аударды. Мемлекет басшысы Қазақстанның әрбір тұрғыны үшін, тұтас халқы үшін, өскелең буын жас ұрпақтары үшін алаңдайтынын, сәт сайын қамқорлық жасалу керегін айтты. Әсіресе, нақты секторларды дамытып, кәсіпкерлерді, оның ішінде жас кәсіпкерлерді қолдау мәселесін көтеріп, әрбір жас қазақстандықтарға 18  жасқа дейін инвестиция құюдың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық саласы – бұл халықтың күн сайын бетпе-бет, қоян-қолтық араласып отырған жері. Білім саласы жайлы «педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдап, мұғалімдердің құзыреттілік шеңберін әзірлеу қажет. Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, орта мектепте жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды күшейту маңызды», – дей келе, әділетті Қазақстанды құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді.

Қ. Тоқаев өз Жолдауында орта білімнің сапасын жақсарту, мектеп оқушыларына лайықты білім алуына мүмкіндік туғызу үшін, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек екенін де тілге тиек етті. «Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. Президентіміз білім жайлы айтқан сөзінде мектептегі өзекті мәселенің бірі – мектеп формасы туралы да ой қозғап, мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды екенін, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. Ол үшін мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн екен. Сондай-ақ, педагогтардың мәртебесін көтеруге осы уақытқа дейінгі жасалған игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, өз ісіне адал ұстаздардың абырой-беделін арттыру үшін біршама шаралар кешені қолға алынғанын атап өтті. Ел Президентінің білім саласын жақсартуға ерекше ден қойғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Динара ТОЛЫМБЕКОВА,

№7 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button