АЙЗАДА РАХЫМБАЕВА: ЕҢБЕКҚОР ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛҒАН МЕМЛЕКЕТ БОЛСА ДЕЙМІН
Газеттің бұл санында біз «Мамандығым – мақтанышым» айдары бойынша «Мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек?», – деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Шындығында мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы, қызметкердің ел алдындағы жауапкершілігі – мұның барлығы билік дәлізіне аяқ басқан адамға қажет-ақ. Сіздерге белгілі болғандай, мемлекеттік қызметкерлер А және Б корпусы деп екіге бөлінеді. Мемлекеттік қызметтің Б корпусына енген (А корпусы туралы әзірге айтпай қоя тұралық) әрбір жас алдымен нені білуі керек? Әрине, олар алдымен арнайы тест тапсырады. Мұның барлығы белгілі. Тесттен өткеннен кейін әрі қарай мойынына міндеттелген істі абырймен алып кете ала ма? Оған не қажет? Үкімет тарапынан қандай мүмкіндіктер қарастырылған жайлы аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттік-құқықтық және кадрлық жұмыс бөлімінің басшысы Рахимбаева Айзада Абайқызынан сұрап білдік. Айзада Абайқызы 10 жылға жуық еңбек жолын мемлекеттік қызметкер болып атқарып келеді. Ол осы саладағы азаматтар өзіне артылған ел сенімін абыроймен ақтаса екен дейді. Сіздерге осы және сұхбат барысында айтылған басқа да ой-пікірлерін бөліспекпіз.
– Айзада Абайқызы, сәлеметсіз бе! Сіз жақын арада біліміңізді жетілдіріп келдіңіз осы жайлы айтып өтсеңіз…
– Иә, осы тамыз айында Өндірістен қол үзбей, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдап, білімімді жетілдіріп келдім. Онда менің жұмыс беруші орган оқуыма қарсы еместігі жайлы және болашақта біздің жұмысымызға қажетті тақырып бойынша зерделеу жұмыстарын жасауға бағыттап отырғаны баяндалады. Менің таңдаған тақырыбым: «Жергілікті өзін-өзі басқарудағы мәслихаттардың рөлін күшейту» Оқу барысында осы бағыт бойынша зерттеу жұмыстары жасалынып, халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, өз магистрлік жобамды қорғап шықтым.
– Жобаңыздың ерекшелігіне тоқтап кетсеңіз? Жалпы мәслихат жұмысының рөлін арттыруда не қажет?
– Жобаның басты ерекшелігі: депутаттардың жұмысын оңтайландыратын смарт қосымша енгізу. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы топ ішінде ең үздік магистрлік жоба деп бағаланды. Смарт қосымша депутаттардың мобильді құрылғыларына жүктеліп, аудан бойынша керек мәліметтер жаңарып отыратын жағдайда болады. Бұл өз кезегінде ұсақ-түйек сұрақтар бойынша депутаттық сауал жазудан босатып, атқарушы органдардың жұмысын азайтады. Себебі: сайлаушылардың сұрақтары азаматтарды қабылдау кезінде шешіліп отырады. Туындап отырған сұраққа жауап алу мүмкіндігі жоғарылайды. Сонымен қатар, депутаттық сауалды мобильді қосымшадан жазуға мүмкіндік жасалады және депутаттық сауалдың орындалу немесе орындалмауын бақылауға мүмкіншілік туады. Егер депутаттық сауал еленбеген жағдайда депутат бұқаралық ақпарат құралдарына немесе өзінің әлеуметтік парақшасында жариялауына болады. Смарт қосымшаның мақсаты- депутаттарды ақпараттық аналитикамен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда депутаттардың тиімді жұмыс атқаруы үшін негізгі кемшілік бұл қолда ақпараттық базаның жоқтығы. Ақпарттық базаның болмауынан туындаған сұрақтарға депутаттық сауал-жазу содан соң жауап алу. Оның бәрі уақытты алады. Жоба барысында детальді егжей-тегжейлі есептер ұсынылды. Жобаның табыстылық критерийлері: сайлаушылардың сенімі; атқарушы органдарға түсетін шағымдардың азаюы, депутаттардың мобильді қосымшаға қанағаттануы. Өз кезегінде бұл мәслихаттардың рөлін көтеруге мүмкіндік туғызады.
– Екі сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметкерде қандай қасиет болуы керек?
– Мемлекеттік қызметкер – өз ісіне адал, потенциалы жоғары, халыққа жақын, абыройлы болуы тиіс.
– Отбасыңыз бен жұмысыңызды қалай ұштастырып жүрсіз?
– Әрине отбасы берекесі – әйелде екенін ешқашан ұмытқан емеспін. Жолдасым екеуміз екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Әйел адам үлгеремін десе, бәріне үлгереді. Алайда, отбасыда мейірім, шапағат, отағаның демеушілігі болмаған жағдайда бұның бәрін үлгеру мүмкін емес. Сол себепті осы сұхбатта біріншіден, оқу барысында демеу мен шыдамдылық танытқан жолдасыма алғысым шексіз.
– Президентіміздің Жолдауын тыңдадыңыз ғой? Қандай бағыттарына басымдық бердіңіз?
– Өзіме қатты ұнаған жерлерін атап өтейін: Әйел адамдардың зейнетке шығу жасы – 63 жастан 61 жасқа қысқартылуы; 01.01.2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша берілетін төлемдер 1,5 жасқа дейін ұзартылуы; 01.01.2024 жылдан бастап 18 жасқа дейін балалардың шотына Ұлттық қордың инвестиция табысынан ақша аударылып отыруы. Жиналған ақшаны 18-ге толған азамат өзінің оқуына немесе үй алуға жұмсауға мүмкіншілігінің тууы; үш ауысымды мектептерді азайту мақсатында жемқор шенеуніктердің тәркіленген барлық қаржысына мектептер салынуды қолға алды, жоғарғы оқу орындарында оқу үшін жылдық пайызы 2-3% болатын несиенің берілуі; Мемлекеттік емес жоғарғы оқу орындарында жатақхана болуы керемет деп ойлаймын. Себебі, Алматы қаласына оқуға келіп жатқан жастар пана іздеумен әлек десек болады. Жалдамалы пәтер құны өте қымбат. Студенттер білім ала ма, әлде жалдамалы пәтер ақы төлеу үшін жұмыс жасай ма? Жолдауда халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға жағдайлар жасап жатқаны қатты қуантады.
– Жаңа Қазақстанды көзіңізге қалай елестетесіз?
– Жаңа Қазақстанды өз ана тілін қастерлейтін, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, өз болашағына сенімді, еңбекқор жастардан құралатынына және мемлекетіміз одан әрі дамып, шарықтап, қуаты артып тұратын деңгейде болады деп елестетемін
– Осы сәтті пайдаланып айтар сөзіңіз бар ма?
– Аллаға шүкір, еңбегім еленбей жатқан жоқ. Жұмыс істеуге мемлекетіміз барлық жағдайлар жасаған. Тіпті оқимын, ізденемін, білімімді шыңдаймын деген мемлекеттік қызметкерлерге арналған гранттар да жетерлік. «Соның бір дәлелі – мен» десем, өтірік айтпаспын. Маған білімімді ұштауға мүмкіндік берген Іле ауданы Мәслихат аппаратына, аудандық мәслихат хатшысы Р. Абиловаға, әр кезде қолдау көрсеткен әріптестеріме, жан жарыма алғысым шексіз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Б.ЧОЙБАСОВ