Ардақты ұстаз тоқсанда
Ұстаздық еңбегінде бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Ахметова Оңласын апайымыз торқалы 90 жасқа толды.
Оңалсын апа 1932 жылы 16 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. Әкесі Ахмет Оразалиев партия қызметкері болған. Ол кісі 1930-1941 жылдары Қаскелең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Оңласын апа Алматыдағы 12 метеп-интернатты бітіріп, қыздар мемлекеттік педагогика институтын тәмамдайды. Еңбек жолын Талдықорған облысы, Қаратал ауданындағы Ж.Жабаев атындағы орта мектепте ұстаздықтан бастайды. 1972 жылдан бері Іле ауданында тұрады. Аудандық оқу бөлімінде әдіскер, №8 кешкі орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болды.
Бала бағбаны болған Оңалсын апаның 90 жылдығын Өтеген батыр ауылдық округінің белсенді азаматтары, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ә. Исаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы М. Жәбиева, аудандық мәслихат депутаты меценат Н. Түймелиев апамыздың туған күнін елеусіз қалдырмады. Өтеген ауылындағы «Гүлдер» кафесінде үлкен дастархан жайып, ауыл ақсақалдары мен апаның әріптестерін қонақ етіп, атап өтті.
Көп жылдар бойы ұстаздық мамандықты кәсіп етіп, абыройлы еңбегінің арқасында Оңалсын апа құрметпен зейнеткерлік демалысқа шықты. Ол өзінің ұстаздық еңбегі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесін мақтаныш етеді. Ол өзінің ұстаздық мамандықты таңдағанына өте разы.
Біз білетін, бала бағбаны – ардагер ұстаз Оңалсын Ахметқызы құда-жекжатқа сыйлы, көпшіл, жолдас-жораға, достыққа адал, қайырымы мол, иман жүзді, ибалы жан.
Оңалсын апаға тілеріміз ғұмыры ұзақ болсын!
Ана бақытын тілейміз!
Өз тілшіміз