Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Алаштың арда азаматының бұл жолғы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, әрине, алдымен Қазақ елінде кең ауқыммен тойланды. 2021 жылы 9 қарашада Үкімет арнайы қаулы шығарып, осы мерейтойды ұйымдастырып өткізуге төрағасы ҚР Премьер – Министрінің орынбасары басқарған жауапты комиссияның құрамын бекіткен болатын. Осы комиссия А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар әзірлеген. Аталған жоспардың жобасында 63 пункттен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылған. Оның ішінде А. Байтұрсынұлының 150 жылдығы кескінделген пошта маркалары мен Ұлттық банк монеталарын шығарудан бастап, жол жөндеуге дейінгі нақты шаралар бар. Олар: – ғылыми конференция, симпозиум, форум түріндегі, онлайн және офлайн форматтағы жиындар; – ғалымның еңбектерін әлемнің танымал тілдерінде басып шығарып, халыққа таратуға бағытталған 8 шара; – Ахмет мұрасын сахналық қойылым, кино, спектакль арқылы дәріптеуге арналған шаралар; – Халықаралық деңгейдегі 7 ауқымды шара; Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы атындағы ғылым с а л а с ы н д а ғ ы мемлекеттік сыйлық тағайындау ұсынылып отыр. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларға келсек, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Стамбул қаласында дөңгелек үстел мен фото-көрме ұйымдастыру көзделген. Ал, басты шараның діңгегі – ЮНЕСКО ұйымының штаб пәтері орналасқан Париж қаласында өткізілмек. Сонымен қатар, Әзірбайжан астанасында «Баку конгресі және А.Байтұрсынұлы» атты конференция өткізу жоспарланған. Мерейтойға орай 5 қыркүйек күні №8 орта мектепке ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен конференция өтті. Конференциямызды ұлты үшін өзінің қамшы сабындай ғұмырын қиған ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж. Сүлейман арнауымен бастадық. Конференцияны ашқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Сүлейман – А.Байтұрсынұлы мұрасы қазақ халқының рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатынын, ол қазіргі қазақ тілінің дамуына зор ықпал еткенін, қазақ жазуын араб графикасы негізінде реформалағанын, отандық лингвистиканың негізін қалаушы және алғашқы қазақ оқулықтарының авторы болғанын еске салды. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының қарлығашы «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды. Ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына үлес қосты. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол «Қазақ тіл білімінің атасы», «Ұлт ұстазы» атанды. Шара барысында қатысушылар көрнекті тұлғамыздың өмірбаянынан қызықты деректермен бөлісті, оның өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты деректі фильм тамашалады, өлеңдерінен үзінді оқыды. Олардың пайымдауынша ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялылары қиын да ауыр жағдайда қыруар істер атқара білді және ондаған жылдардан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болатынын болжай алды. Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек деген А. Байтұрсынұлының биыл осылайша ұлықталатыны қуанарлық жағдай. Бұлда азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының аттарын атаудың өзі қылмыс саналды. Ендеше туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайтаркерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек. Ал, ғылым мен мәдениетімізге қалтқысыз еңбегі сіңген терең ойлы А. Байтұрсынұлы ұрпағының жадында зерделі тұлға боп мәңгілік сақтала бермек.
Еркінай КЕНЖЕБАЕВА,
«№8 орта мектеп» МКМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі