Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымЗнай нашихҚоғамТұлға

Ұлттың сақталуы қуатты тілінде

Қазақ даласының бостандығын аңсап, Тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш ардақтысы, түркі -танушы, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Ахмет Байтұрсынұлы – Қазақ тiл бiлiмiнiң негiзiн қалаушы ғалым, Ыбырай Алтынсариннен кейiнгi еңбегi ерекше ағартушы-педагог, тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, сөз құдiретiн танытқан жаңаша ақын, қазақ баспасөз тiлiнiң ұлттық үлгiсiн көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесiн көрсетуге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткерi. Бір басында сансалалы өнер тоғысқан телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа бастаудан асқан бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі. Ардақты ұстаз қазақ тілінің жанашыры, алғашқы қазақ әліпбиінің авторы, өз заманында болмаса да кейінгі ұрпаққа үлгі болып Қазақстан тарихында ойып орын алған тұлға. Ұлт Ұстазы, қазақ зиялыларының қолдауымен, өлшеусіз еңбек сіңірген. Өзі үлгі бола тұра халқына қызмет етуге бар ғұмырын арнап, кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Бүгінде Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда ғылымды дамыту мәселесі біздің мектепте де бастау алып жатыр. Тарих пен қазақ тілі пәнін оқытушылар құрамы сабақ барысында ұлт зиялыларының еңбектеріне тоқталып, атаулы даталарға, мерейтойы атап өтілетін тұлғалардың өмір жолы, қызметі, егеменді елді қалыптастыру мақсатында артынан қалдырып кеткен мұрасын жаңғырту негізінде конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды қолға алды. Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлы жол – тарих беттерін парақтап, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалардан үлгі алу – мемлекеттілігімізді нығайтудың өткір нышаны екені сөзсіз. Ұлы тұлғаның еңбегін бағалай отырып, елге деген сый құрметті арттырып, адал қызмет ету бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы деп санаймын. 2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне ауыстырылды.

 А. КАТАРБАЕВА,

 №21 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button