Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамТұлға

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерді

Кеше Қонаев қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқауының жеңімпаздары марпатталды.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» — деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ел іші мен шетелдегі оқиғалардан хабар беріп, қоғам мен үкіметті байланыстыратын, билік пен бұқара халықтың ортасындағы алтын көпірге айналған бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі де айрықша. Биыл конкурсқа облыс бойынша 22 өтінім қабылданып, «Үздік мақала» байқауына 18 мақала, «Үздік сайт мақаласы» байқауына 2 мақала және «Үздік телерадиобағдарлама» номинациясына 2 бейнеролик ұсынылған. Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау. 22 қатысушының ішінен арнайы комиссияның шешіміне сәйкес, «Үздік мақала» номинациясы бойынша «Іле таңы» аудандық қоғамдық-саяси апталық газетінің тілшісі Ержанов Алмат Ергешбайұлы жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Оған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасынан диплом табыс етілді. Жеңімпаздар қатарынан көрінген әріптесіміз Алмат Ергешбайұлы: «Биылғы Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінің халқымыздың жазу мәдениетін жаңа деңгейге көтерген, қазақ әліпбиінің негізін салушы, ұлт ұстазы, еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өтуі ұлт рухын көтеретін рухани серпіліс болды. Себебі, кезінде кемеңгер Мұхтар Әуезов «Оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деп бағалаған Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы асыл мұрасы ғылымның сара жолын ашып, мәдениетімізді жаңа биіктерге көтерсе, Сіздер бүгін сол Алаш зиялылары бастаған ұлт баспасөзінің дәстүрін сәтті жалғастырып, рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі мемлекеттік тілімізді насихаттауға, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосып келесіздер. Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға арналған көптеген шаралар атқарылып жатқанымен, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер шаш-етектен. Жаңа Қазақстанға аяқ басып отырған елімізде тіл саясаты жолға қойылып, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің мерейі үстем болып, Ұлы Отанымыз өсіп-өркендеп, озық елдердің қатарынан көрінейік» – деп ағынан жарылды.

Ахаңның аяулы есімін ұлықтап, ана тіліміздің абыройын асқақтатудағы бұл байқаудың да маңызы жылдан жылға артып келеді. 15 жыл бойы қаламгерлер арасында байқау өткізіп келе жатқан Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік тілдің дамуына, қазақ тілінің биік тұғырдан көрінуіне айрықша үлесін қосуда. Жүлделі оралған әріптесімізге «Қаламың мұқалмасын» дей келе, журналистер қауымына жазарымыз таусылмасын деген тілек білдіреміз.

Ербол АХМЕТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button