Тіл мәртебесі – ел мерейі
Халқымыздың маңдайына біткен шырағы, ел қамқоршысы, тіл жанашыры – Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл! Оның қайталанбас мұрасы бүгінгі күн ел игілігіне жарап, сүрінгенге соқпақ, мұңайғанға жұбаныш, қуанғанға жігер сыйлап отыр. Ыбырай бала оқыту ісіне «Қойға шапқан аш қасқырдай» қызу кіріскен болса, Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық әліпбидің негізін қалап, бастауыш білім мен тіл тағдырына білек сыбана кіріскен ағартушы. Осыншама қыруар қызмет қылған Ахмет Байтұрсынұлының ойға алғаны не, ол көздеген нысанаға жетті ме? Тарихтан белгілі, тіліміздің тағдыры сонау патшалық отарлау саясаты кезінен-ақ таласқа түсті. Осыншама мол қиындықты басынан кешіріп, өшпей, өлмей келуі – ұлтымыздың біртуарлығы мен тіл жанашырларының қажырлы еңбегінен деп ұғамын. Тіл жанашырларының ішінде шоқтығы биік тұрған Ахмет Байтұрсынұлының көксегені қараңғы қазақ халқының көзін ашып, сауаттандыру болатын. Әрине, талай қиындықтан өтіп, тәуелсіздік заманында тілге қиянат етіп, оны ұлықтамау — қазақ еліне үлкен сын! «Игі істің ерте, кеші жоқ» демекші, бүгінгі ұрпақ Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін бағалап, мұрасын қастерлеп, аманаттап кеткен тіл ғылымына терең қызығушылық танытуда. Оған дәлел Іле аудандық №20 орта мектебінің бір топ оқушылары Тіл мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл: бүгіні мен келешегі» атты тақырыпта дөңгелек үстел үстінде пікірталас өткізді. Пікірталас барысында байқағаным, бүгінгі жастың ойы озық, қиялы ұшқыр еді. Нағыз Ахмет Байтұрсынұлы армандаған тіл жанашырлары болғандығына бір қуанып, бір жыладым. Ерекше толқытқан сезім жан дүниемді шарпыды, балаша қуантып, шат-шадыман етті. Мемлекеттік тіл тағдыры осындай жастар тұрғанда тек мәртебесі арта бермек. Әрине, қоғам болған соң әртүрлі пікір мен ойға алғанымызды көлеңкеде қалдырғысы келетіндер бар. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» – деп Ахмет Байтұрсынұлы өзі айтқандай, осы «мықты қару» тілімізге сақ болайық, асылымыздай қастерлеп, болашаққа аманаттайық дегім келеді!
Құралай АЛДАМЖАРОВА,
№20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі