Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелерТұлға

Шертетін тарихтан сыр зиялы абыз жетпіс жасқа толыпты би-апамыз

Сақ қыздарының сарқыты жетпіс жаста

Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз, «ҚР Ағарту ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Биғайша Медеудің 70 жылдық мерейтойы туған жерінде тойланды. Тағылымға толы шаралар кешені Алматы облысы, Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында өтті.

Тарихқа шегініс жасасақ, Биғайша Бесірқызы Медеу 1952 жылы 14 желтоқсанда Алматы облысы Нарынқол ауданы Қаратоған ауылында дүниеге келген. Ол Қаратоған ауылында орналасқан Нұрбапа Өмірзақұлы атындағы мектепте білім алып, орта мектепті бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. 1976 жылы жоғары білім алып, еңбек жолын өзінің туған ауылы Қаратоған орта мектебінде ұстаздық жолдан бастайды. Биғайша Бесірқызы Нарынқол, Талғар, Іле аудандарындағы мектептерде ұлағатты ұстаз болып еңбек етіп, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін де қоса атқарған. 1990 жылдан бері Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы М.Мақатаев атындағы №13 орта мектепте ұстаздық қызмет етіп, қазіргі таңда зейнетке шыққан ұлағатты ұстаздар қатарында. Өзінің білімділігімен, біліктілігімен көзге түсіп, жас ұрпақты білім жолына жетелеудегі еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі» белгісімен және «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталған. Республика мұғалімдерінің V съезіне делегат болып қатысқан.

Биғайша апамыз тек ұлағатты ұстаз ғана емес, жүрегі жырға, жаны нұрға толы, қаламы қарымды ақын, азуын ашса, көмейінен жыр төгілетін айтыскер. Ол сонау сексенінші жылдары қазақ даласына, өнер сахнасына айтыс қайта оралған сәттегі айтыстың алғашқы қарлығаштарының бірі. Биғайша Бесірқызы республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысып, өзінің ой орамдары ерекше, тау мінезді асқақ ақын екенін сан мәрте дәлелдеген. Ақынның өлеңдері алғаш рет 1987 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жанымның жапырақтары» атты ұжымдық жинаққа енген. 2003 жылы «Үш қиян» баспасынан «Ұларсарын» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Сондай-ақ, «Әсемқоңыр», «Аламан қыздардың ақырғы шайқасы», «Ақ боз атты арулар» жыр кітаптарының авторы, өзіндік соқпағы қалыптасқан, рухты ақынның есімі «Мәңгі көктем» айтыс антологиясына енген.

Қазақ әдебиетінің жауынгерлері қатарына домбыраның сазды үнімен, назды жырымен қосылған Биғайша Медеудің мерейтойы Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы мәдениет сарайында өтті. Салтанатты шараны белгілі ақын Бақыт Жағыпар жүргізді. Ақынның тойына Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, көрнекті жазушы Мереке Құлкен, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасының орынбасары, академик Бауыржан Жақып, көрнекті сыншы Әлия Бөпежанова, белгілі ақындар Батық Мәжитұлы, Қуат Қайранбаев, Жарас Сәрсек, Қалмаханбет Мұқаметқали, ҚР Мәжілісінің депутаты,  ақын Мақпал Мыса, Сәлім Жусанбай, Алмат Исаділ, Есей Жеңісұлы, Шәмшия Жұбатова, Айгүл Жұмаділ тәрізді ақындар мен журналистер қатысып, тойдың жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлестерін қоса білді.

 Мерейтойды Қазақстан Жастар Одағы және халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қасымхан Бегманов ашып, өз сөзінде ақын Биғайша Медеудің поэзиясына байланысты ізгі ниеті мен ақжарма тілегін айтты. Шара барысында қазақтың күміс көмей әншісі Нұрлан Албан да мерейтой иесін мерейлі күнімен құттықтап, қазақы салтпен шапан жауып, ән шашуын тарту етті.

Мерекелік шара өнер жолын айтыстан бастаған Биғайша апамыздың құрметіне ақындар айтысымен басталды. Ақындар айтысында  ақын Қасымхан Бегманов, ақын Нұрлан Әбдібек пен белгілі қаламгер Дүйсен Мүсірәліден құралған қазылар алқасы сегіз ақынның өнеріне баға беріп, айтысына төрелік етті. Дүбірлі дода Даубай Әбдісаев пен Биғайша Медеу екеуінің айтысымен басталды.

Бауырларым бармысың?

Інілерім армысың!

Қонақтарым қош келдің,

Барлығыңа алғысым – деп сөз бастаған Б. Бесірқызы «Нарынқол – өлең-жырдың Меккесі» деп, туған жерге тағзым ете тіл қатып, жыр қонған өлкенің дара тұлғалары жайлы тебірене жырлады. Әзілі жарасқан қайын іні мен жеңгенің айтысы тартысты өтті. Көпті көрген көнекөздер жастарға бір-бірінің шымбайына бататын сөз айтпай, оралымды ой мен кестелі сөзді өрнектеудің, зілсіз әзіл айтудың шеберлік үлгісін көрсетті десек те болады.

Айтыстың соңында Даубай ақын Биғайша Медеуге қайын інілік ізетпен:

Тойың тойға ұлассын, асыл жеңгем,

Құлатпасын Құдайым тасыңды өрден.

Желкеніне жетпістің мінседағы,

Менің жеңгем сұлу ғой қасын керген – дей келе, жүз жасыңда жолығайық деп ізгі тілегін арнады.

Ақындар айтысын белгілі ақын Бақыт Жағыпар қызықты әрі әсерлі жүргізді. Ақындар ортаға жеребе тастау арқылы жұптарын анықтап, сөз додасына түсті.

Жеребе бойынша алғашқы жұп Райымбек ауданының тумасы Айдын Жәнели мен қарасайлық Шынарбек Тұрсын жыр көкпарын тартып, замандас, құрдастардың жарасымды әзілімен көрерменнің көңілінен шыға білді. Әсіресе, «Акушерге бара бермей, бір уақыт окулистке де бармайсың ба?» деп қағытып, көз жанарының нашар көретінін тілге тиек еткен Айдынға  Шынарбек «Үйленбеген бала акушердің қадірін қайдан білсін?» — дей келе, жанары солғын көзімен шекараны күзетіп жауға бермеген, ұл мен қызын дауға бермеген ерді, картоп егіп терлеген, жерін қорып ерлеген елді көргенін, ұлттық рухта тәрбие алған ұлды, анадан тәлім көрген қызды көргенін айтып ұтымды жауап берді. Сондай-ақ, Райымбек ауданында дүниеге келіп, қазіргі таңда Алматыда қызмет етіп жүрген Айдынға «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Өз ауылыңның өркендеуіне неге үлесіңді қоспайсың? Ауылыңнан жырақ кеткенің, туған еліңнен сырт айналғаның» — деп, өткір сөзбен түйреп өтті. Айдын да өз кезегінде халық үшін жанын беріп, терін төккен тұлғалар туралы ой толғап, олардың барлығы ауылда туып, қалада еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етіп жүргенін, өзі де сол дарындардың жолымен жүргенін айта келіп, нар ұлдарды туғызған Нарынқол өңірінің гүлденуіне, өркендеуіне тілектестік білдірді.  

Алғашқы жұптан кейін додаға түскен Алтынбек Ибрагимов пен Қазыбек Жеңісхан, үшінші болып сөз майданында күш сынасқан Аят Жәнібек пен Жақсылық Орынбасар, сондай-ақ, «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, соңғы жұп болып өнер көрсеткен Бүркітқазы Әділбек пен Жалғас Садырұлы да оралымды оймен, қазақы қалжыңмен, өрелі сөз жүйесімен жырсүйер қауымды жауһар жырмен сусындатты.

Ақын деген өз заманының, өз қоғамының хабаршысы, дәуірінің сұрқылтайы емес пе? Жыр бәйгесіне түскен жас тұлпарлар өзара сөз қақтығысып қана қоймай, мерейтой иесін айтулы мерекесімен құттықтап, оның өнегелі өмірін, үлгілі істерін жас ұрпаққа үлгі етуді ұмытпады. Сонымен бірге, қоғамның өзекті мәселелері де ақындардың назарынан тыс қалмады. Бірі Нарынқолдың жолын тілге тиек етсе, бірі тіл мен дін мәселесін көтерді.  Кей ақындар Райымбек ауданында айтыс осыдан он жылдай бұрын болғанын, осылай жиі өткізіп тұрса, халықты жырға қандырып, рухани кемелденуге бастар бірден-бір жол болатынын сөз етті. Айтыс кезінде ақындар шетелдегі қандастарды Отанға әкелу мәселесі мен ресейліктердің Қазақстанда жаппай ағылуын айтуды да ұмытпады.  Айтыс тартысты өтті. Халық сілтідей тынып тыңдады. Айтыс ақындарының тапқырлықтарына, ұтымды сөзді тар жерде тауып айтқан шеберліктеріне тәнті болдық. Нағыз айтыс ақындары, жастар өсіп келеді екен. Қазылар алқасының шешімі бойынша  Жамбыл ауданынан келген жыр жампозы Жалғас Садырұлы жүлделі І орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінсе, Қазыбек Жеңісхан ІІ орынға табан тіреді. Ал, Райымбек ауданының тумасы, Оразалыдай жыр тарландарының жалғасы Айдын Жәнәли ІІІ орыннан көрінді. Барлық жүлдегерлерге мерейтой иесінің отбасы атынан ақшалай сыйлық табысталды.

Марапат кезінде сөз сөйлеген қазылар алқасының төрағасы, ақын Қасымхан Бегманов: «Аламанда шашаларына шаң жұқпаған тұлпар талант-айтыскер жастардың сөздері керемет төгіліп, Бердібек пен Мұқағали, Сағат ағалары дүниеге келген қасиетті топырақты тебіренбей, толқымай басу мүмкін емес екендігін айтып, тыңдармандардың мейірін қандырып, баурап алды. Біз Ораздай оғландардың жолын жалғап, тұлпарлар дүбірлеп өткен дала жүйріксіз қалмағанына куә болдық. Ақындарымыз жас та болса, бас болып, өздерінің толысып, кемелденген жан екендіктерін көрсете білді. Жас жүйріктерге дән риза болдым» — деп, жарыста кіл жүйрікте шын жүйрік бәйге алатынын айтып өтті.

Екі күндік мерейтой ертеңіне Биғайша Бесірқызы туып-өскен, оқып, білім алған «ҚАРАТОҒАН» ауылында жалғасын тапты. Ақын білім алған Нұрбапа Өмірзақов атындағы мектепте «Биғайша Медеу» атындағы сынып ашылып, лентасы қиылды. Ақын атындағы сынып толыққанды жабдықталып, Б. Медеудің өз тәжірибесі мен әдістемесі негізінде жасалған еліміздің археологиялық-антропологиялық тарихынан сыр шертетін 25 плакаттан тұратын қабырға стендтері ілініп, бір қабырғада Б. Бесірқызының әдістемелік, ақындық мол мұрасы кітап сөрелерінде орналастырылған. Ашылу салтанатында Батиқан есіміді ауыл тұрғыны шашу шашып, қазақы салтпен Биғайша апамыздың иығына шапан жауып, орамал тақты.

Шара барысында жастарға үлгі болар аналық кеңесі мен өмір тағылымдарынан сыр шерткен ақын Биғайша Медеу көрермендерге жыр оқып, балалық шақтан естеліктер айтты. Ақын ананы мерекесімен құттықтап мектеп оқушылары да ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқып, Б. Бесірқызының «Жансая» атты тарихи поэмасынан көрініс қойып, әсем ән шырқады. Сөз арасында Биғайша Медеу поэманың шығу тарихы туралы, басты кейіпкері Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Жансая Сәбитовамен қалай танысқаны жайлы тебірене сөз қозғады.

Осы кеште ақын Бақыт Жағыпар сөз алып, мерейтой алдында Райымбек ауданында «Биғайша Медеу оқулары» өткенін оқушылар ақын апаларының өлең-жырларын жатқа оқып, Биғайша Бесірқызына еліктеп өлең шығарғанын айтып, жеңімпаздарды марапаттады. Б. Соқпақбаев атындағы орта мектептің оқушысы Асқар Мұқағали Алғашқы «Б. Медеу атындағы оқудың» жеңімпазы атанып, ақшалай (30 мың теңге) сыйлыққа ие болды.  Қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІ орынды О. Жандосов атындағы орта мектептің оқушысы Қали Аңсар, Шорманов атынағы орта мектептің оқушысы Қадір Аяна иеленді.  Жүлделі ІІІ орынды Шорманов атындағы орта мектептің оқушысы Алтай Шұғыла, Өмірзақов атындағы орта мектептің оқушысы Оразай Жайна және Қостөбе орта мектебінің оқушысы Асыл Ақбота бөлісті. Сондай-ақ, мектептің үздік оқитын білім алушысына оқу жылы бойына Б. Медеу атындағы стипендия тағайындалды. Шара барысында мектеп директоры Қоқабаева Құралай Нұрмұханбетқызы сөз сөйлеп, «Б. Медеу атындағы сыныптың ашылуына түрткі болған – Биғайша апайымыздың қыздары Мақпал мен Тоғжан. Олар бізге идея тастап, біз оны қуана қабылдап, тарих кабинетін ашып отырмыз. Тарих кабинетіне қажетті құрал-жабдықтардан бөлек, көрнекі құралдарын да, Б. Бесірқызының жеке кітаптары мен әдістемелеік құралдарын әкеліп берді. Сонымен қатар, ауылымызда жазушылар үйін ашпақ ойлары бар екен. Биғайша апамыздың атында сынып ашылған соң өзге де ауылымыздан шыққан дара тұлғалардың ұрпақтары өз ата-бабаларының атындағы кабинеттерді ашуды көздеп отыр» — деп, жан-жақты ақпарат берді.

Биғайша Бесірқызы атындағы тарих кабинетінің ашылу салтанатынан кейін Райымбек ауданынан шыққан дара талант, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етіп, Аспантаудың тау тұлғалы ұлдарын еске алды.

Мерейтой аудандық Мәдениет үйінде ақын Биғайша Медеудің «Күнге қол созған қалалар» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімімен жалғасын тауып, ақынның оқырмандары мен тойға келген қонақтарға, жерлестеріне сиясы кеппеген жаңа жыр жинағы таратылды.   

Мерекелік кештің ресми бөлімінде Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, көрнекті жазушы Мереке Құлкен, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, академик Бауыржан Жақып, көрнекті сыншы Әлия Бөпежанова, ҚР Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса Биғайша Бесірқызына жүрекжарды тілектерін айтып, құттықтау хаттарын табыстады. Сондай-ақ, қазақтың қабырғалы ақындары Иран-Ғайып Оразбаев және Ғалым Жайлыбай өздерінің бейнеқұттықтауларын жолдапты.

Екі күнге созылған мерейтой жоғары деңгейде өтіп, ауыл тұрғындары бір жасап, алыс-жақыннан тойға келген қонақтар рухани бір серпіліп қалды. Біз де редакция ұжымы атынан Іле ауданының ағарту ісіне, білім саласына айтарлықтай үлес қосып, жас ұрпақты білімге, өнерге баулып, ізгілікке жетелеген ұстаз, арқалы айтыскер, қаламы қарымды ақын, білікті тарихшы-әдіскер Биғайша Бесірқызы Медеу апамызды мерейлі күнімен құттықтап, «Жетпісте желкеніңіз жығылмай, сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанда торқалы тойыңызды тойлауға жазсын» деген игі тілегімізді жолдаймыз.

Құрметті Биғайша Бесірқызы, сіз қазақ әдебиетіне кең тыныс беріп, ұлттық поэзияның, оның ішінде азаматтық рухтағы өлең-жырдың дамуына үлкен үлес қосып, сақ қыздарының сарынын танытып, көне түркіден тамыр тартып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген Алаштың айбынды ақындарының бірісіз. «Сен поэзияға сарбаз қыздардың тақырыбын әкелдің» деп Фариза Оңғарсынова айтқандай, жауынгерлік рухтағы өлең-жырларыңыз қазақ әдебиетінде өзіндік соқпағын салып, жаңа әдеби сарынның сүрлеуін бастадыңыз. Қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз таусылмасын, ақын апа!

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ.

Сурет: Б. ЧОЙБАСОВтікі.

 Нарынқол сапарынан

Басқа жаңалықтар

Back to top button