Биыл еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік, қазыналы қарияларды бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толды. Бүгінде қоғамда өзіндік орны бар іргелі ұйым өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді.
Аталмыш датаға орай Өтеген батыр ауылында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды және Чапаев ауылында аудандық Мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімі Б. Қарасаев қатысып, ақсақалдарды құттықтады. Мәдени шараға Жетісу облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Е. Келімсейіт, Жетісу облысы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Р.Серғазинова, Алматы облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Е.Тұрымбетов, Жетісу облысы аналар кеңесінің төрайымы Д. Нұрғалиева, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ә. Исаев және кеңес мүшелері қатысты.
Ауданға ат басын тіреген құрметті қонақтар алдымен аудан орталығы Өтеген батыр ауылындағы ардагерлер үйінде Алматы облысы бойынша атқарылатын жұмыс жоспарларын кеңінен талқылады. Онда аудандарда ардагерлер ұйымының бастауымен қоғамдық кеңес құрып, облыс тұрғындарының қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігін арттыру мәселесі көтерілді. Сол сияқты бірқатар аудандардағы ардагерлер ұйымының жұмыстарын жандандыруды қолға алуды ұсынды. «Ауданда ардагерлер ұйымы 1988 жылы құрылған болатын. Қазір үш жүз мыңға жуық халқы бар ауданда 22700 зейнеткер, 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 440 тыл еңбеккері тұрады. Осы үлкен «армияны» аудандық ардагерлер ұйымы, аналар кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері сияқты ұйымдар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауызбіршілікпен басқарып келеді», – деді жиын барысында аудан әкімі Б. Қарасаев.
Дөңгелек үстелден кейін ардагерлер аудан орталығындағы «Үш буын» ескерткішіне гүл шоғын қойып, өткендерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Мәдени шара Чапаев ауылындағы Мәдениет үйінде концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан көлеміндегі ардагерлер кеңесінің мүшелері дайындаған шағын концерттік бағдарламада КазЦИК, Междуреченск, Өтеген батыр ауылдарының, Боралдай кентінен арнайы келген ардагерлер өз өнерлерін ортаға салды. Сахна төрінде шалқып ән шырқалып, өлең оқылды, шабыттанып биде биленді. Концертте ауданда ардагерлер кеңесі бойынша округтерде өткізілген «Өнерім – өмірім» атты өнер фестивалінің қорытындысына сай Ақши ауылы бас жүлдені жеңіп алды.
«Бұдан 35 жыл бұрын Республика көлемінде 80 бастауыш ұйым 35 мыңға жуық мүше болса, күні бүгін 264 бастауыш ұйымда 62 мыңға жуық мүше бар екен. Біздің ауданда 23 мыңнан аса мүшеміз бар. Жылдан жылға саны артып келеді. Біз жыл сайын түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, ауыл ақсақалдарының ауызбіршілігін арттырып келеміз. Биылдың өзінде 19 ірі шара өткіздік. Оның барлығы қазақтың салт-дәстүрі мен өнерін, тұрмыс салтын дәріптеуге арналды», – деді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ә.Исаев.
Ардаргерлер кеңесінің құрылуы мен өркендеуіне жергілікті ардагерлердің сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл күні олардың еңбегі елеусіз қалмай, түрлі марапаттарға бөленді.
Өздеріне көңіл бөліп, сый-сыяпат көрсеткені үшін ардагерлер ұйымдастырушыларға, аудан әкімдігіне, ауыл азаматтарына, мәдениет қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Бағдат ЧОЙБАСОВ