ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ ТІЛІ: АБАЙ ЖӘНЕ АХМЕТ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімен бірлесіп Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың ұлттық әдеби тілі» атты республикалық форум өткізді. Форум аясында «Медицина қызметкерінің бір күні», «Ахмет Байтұрсынұлының әлемі», «Үздік поэтикалық шығарма», «Үздік публицистикалық шығарма» сынды төрт аталым бойынша байқау ұйымдастырылды. Осы байқауға Іле ауданында орналасқан «Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы» ШЖҚ МКК-нің мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі жауапты маманы, филология ғылымдарының кандидаты Кенжеғараев Ноябрь Жанатұлы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ауылдасымыз Ноябрь Жанатұлын жүлдесімен құттықтай отырып, Н. Кенжеғараевтың мақаласын көзі қарақты оқырманның назарына ұсынамыз.
Редакциядан
Қазақ әдеби тілі тарихын зерттеушілер қазақ ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалаушы – Абай деген тұжырымдаманың болғанын өте жақсы біледі. Академик Р.Сыздық «Қазақ әдеби тілін де біз қазақ халқының ұлт болып қалыптаса бастағанға дейінгі түрі және ұлттық түрі деп бөліп қараймыз» дейді де, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қалыптасты деген ғылыми тұжырым айтады. Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуші аяулы ғалымдарымыздың үркердей шоғыры ұлттық жазба әдеби тілге дейін ауызша тараған әдеби тілмен қатар, көне түркі ескерткіштерінен бері келе жатқан орта азиялық түркі әдеби дәстүріне негізделген жазба әдеби тіл болғандығын зерттеп танытқан болатын. Патшалық Ресей қазақ жерін отарлауға қатысты бірнеше заңдар қабылдап, оны жүзеге асыру барысында қазақтың ежелгі қоғамдық-саяси сипаты, әкімшілік-басқару құрылымы, тұрмыс-тіршілігі өзгерумен қатар санасы этнодеформацияға ұшырай бастаған тұста, талай жыл ел басқару ісіне араласқан Абай 37 жасына қарай шығармашылыққа ден қояды. Абайдың шығармашылыққа ден қоюына сол кездегі Семей жерінде айдауда жүрген орыс зиялыларының болғандығы туралы зерттеулерден белгілі. Абай бір күннің ішінде данышпан ақынға айналып, салған жерден бүгінгі жазба әдеби тіл нормаларына толық жауап беретін жазба әдеби тілді ешқандай дайындықсыз, ізденіссіз, еңбексіз тудыра салған жоқ. Абайтанудың алыбы, академик М.Әуезов Абай шығармашылығын зерттеуде Абайдың ақын ретіндегі қалыптасу, өсу, даму жолдарындағы негізгі қайнар көздер: өзі туып өскен қазақ топырағында Абайға дейін жеткен бай фольклорлық мұралар, ауызша туған ақын-жыраулардың туындылары, көне түркі жәдігерлері, орта азиядағы орта ғасырлардағы әдеби мұралар, шығыс ақындары мен ойшылдарының еңбектері, ислам діні мен мәдениетіне, философиясына қатысты кең тараған еңбектер, орыс және батыс еуропа ақын-жазушылары мен ойшыл, ғалымдарының туындыларын атап көрсетуі, яғни қазақ, шығыс, батыс қайнар көздеріне ерекше тоқталуы көп жәйттің мәнін аңғартады.
Абай жаққан от, Абай жүрегінің оты сол тұстағы қазақтың көкірек көзі ашық жастарының жүректеріндегі ұшқынды оятып, елшілдік жалыны алаулап, ұлттық мұрат жолында біріге әрекет ету істері басталды. Абайды қазақтың бас ақыны деп таныған А.Байтұрсынұлы өзінің Абай шығармаларымен 1903 жылы танысқандығын айтады. Абайдың шығармалары көзі тірісінде қолжазбалар арқылы тарағаны белгілі, сондай қолжазбаның бірі Ахметтің қолына түседі. М.Дулатов «Абай» атты мақаласында Абай шығармаларымен 19 жасында, 1904 жылы танысқандығын, Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Омбыға барғанда А.Байтұрсынұлынан көргендігін айтады. Сонда Ақаң Абай туралы былай деген екен: «Естуімше, Абай өз өлеңінін басылып шығуын тілемейді hәм бастыруға рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып Абайға сәлем беремін, танысамын hәм өлендерін бастыру жайымен сөйлесемін…». Ақаңның бұл ойы орындалмайды. Абай сол жылы 23 маусымда дүние салады. «Қазақтың бас ақыны» мақаласынан А.Байтұрсынұлына Абай шығармаларының терең әсер еткендігі көрінеді. «Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақыт» деген пікірінен Абай шығармаларының құндылығы, мазмұны, айтар ойы, идеясы – жаңа, халықты оятуға бағытталған азаматтық күрескерлігі, ағартушылығы, рухани және адами болмысын кемелдендіріп, надандықтың қамытынан арылып, адамдығының жетілуі, моральдық-этикалық келбеті, адамдық сапалары, қандай рухани құндылықтарды негізге алу керектігі, ел болып ұйысудың, қоғам болып бірігудің тетіктерін көрсеткен, өркениет пен кәсіпке үндеген ойлары қазақ қоғамы дертінің емі, мүшкіл хәлінен шығудың жолы екендігі аңғарылады. Абай шығармаларын меңгеруі Ахмет сынды білімді азаматтың тынысын кеңейтіп, құлашын сермеуіне, идеялық тұғырының бекемдей түсіп, күрескерлігімен қатар ғылыми-шығармашылық жолға ден қоюына әсер еткені сөзсіз. Абайдың шығармашылық, қайраткерлік, күрескерлік келбеттері қандай құнды әрі іргелі болса, Абайды таныған алаш зиялыларының да шығармашылық, қайраткерлік, күрескерлік келбеттері орасан зор болды. «Әдебиет танытқыш» еңбегінде «Қазақ әдебиетінің асылдануына әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен, олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ» деп қазақ әдебиетінің дамуы мен түрленуіне, жаңа тыныс алып, жаңа сапаға, жаңа деңгейге шығуына Абай шығармашылығының қосқан үлесі туралы ғылыми баға береді. Әдебиеттің асылдануы дегенде Ақаң мазмұн және түрдегі жаңалығы, көркемдігі, өлең құрылымы, өлшемі, ұйқасы, тілінде орын алған сапалық өзгерістерді айтып отырса керекті. Әдебиетке сөз өнері, асыл сөз деген ғылыми атау берген ғалым асыл сөзге жаңа сипат берген Абай шығармашылығы екендігін ерекше көрсетіп отыр. Академик Р.Сыздық «Ұлы Абайдың есімін қазақ әдеби тіліне жанастыра сөз еткенде, мәселені үш қырынан қарау керек болар. Бірінші – Абайдың қазақ әдеби тілі тарихында алатын орны, екінші – ұлы суреткер мұрасының көркемдік кестесі, үшінші – өзінен кейінгілерге, яғни қазақтың бүгінгі ұлттық жазба тілінің даму бағдарына ұсынған үлгісі» — деп, Абайдың шығармаларының әлеуметтік қызметін, оның ішінде қазақ әдеби тілін өркендетудегі алатын орнын ғылыми бағамдау барысында басты бағдар болатын қағидаттарды айқындап береді. Қазақ әдеби тілінің қолдану аясын мүмкіндігінше кеңейтіп, функционалдық өрісінің қанатын кеңге жайған да Абай мен Ахмет болғандығын толық айтуға болады. Абай ақын ретінде қазақ поэзия тілін әлемдік жауһарлардың қатарына қосып қана қоймай, қазақ тілінің әлеуметтік қызмет түрлерін публицистикалық, ғылыми, көркем проза тілдерінің, стильдерінің қалыптасуына сара жол салып берді. Абай қара сөздерінің тілі қазақтың қоғамдық өмірінде, ғылымы мен мәдениетінде функционалдық стильдің қалыптасуына, дамуына жол ашты. Ғалымдар қара сөздер қоғамдық-публицистикалық, ғылыми баяндау стилінде жазылғандығын, олардың бірсыпырасын мақала, эссе, очерк деп тануға болатындығын айтады. Ал Абайдың 38 қарасөзін, яки «Ғақлият тасдиқатты» академик Р.Сыздық «теологиялық әдебиеттің қазақ тіліндегі алғашқы үлгілерінің бірі» деп атайды да, «Абайдың тілдің функционалдық стильдерін, яғни әдебиеттің әрбір жанрына лайық қолданылу мәнерін аңғарған шеберлігін танимыз» деп баға береді. Абайдың қазақ әдеби тілінде фукнционалдық стильді дамытуда сіңірген еңбектерін айтқанда, ресми іс-қағаздар стилінің қалыптасуына қосылған үлес ретінде «Қарамола ережесін» атаймыз. 1885 жылы жазылып, 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында басылып шыққан бұл құқықтық құжаттан Абайдың қазақтың ерте замандардан келе жатқан жарғы-заңдарын жетік меңгергендігі, ресми іс-қағаздары стиліне қойылатын нормаларды білгендігі, ықшамдылық, нақтылық, дәлдікті талап ететін құқықтық терминологияны қазақтың жалпы тілдік нормаларына сәйкестендіріп қолданғандығын көреміз.
Дана Абайдың шығармашылығы қазіргі қазақ ұлттық әдеби тілінің барлық салаларының қалыптасып, дамуына мол әсерін тигізіп отырды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ даласында шыға бастаған газеттерде, нақтырақ айтсақ «Дала уалаяты» газетінде Абайдың көзі тірісінде 1889 жылы «Жазды күн шілде болғанда», «Күлембайға» («Болыс болдым мінекей») өлеңдері басылып шығады. Зерттеуші Қ.Бекхожин: «Абайдың нағыз халықтық асыл сөздері бұл газеттің стилі мен тіліне ықпалын да тигізді. Газет бастапқы кезде татаршылап сөйлесе, кейін Абай тіліне шамасынша бейімдеп сөйлеуге тырысты» деп, Абай өлеңдерінің тілінің қазақ жеріндегі алғашқы газеттердің тіліне тигізген ықпалын атап көрсетеді. Абай шығармашылықпен айналысумен қатар, сол дәуірде қазақ қоғамына жаңалық болып ене бастаған газет, оны жаздырып оқу, газетпен кері байланыс жасап, газетке шығармасын жариялау, ел басқару ісіндегі кәнігі белді қайраткер ретінде «құрметті қазақ», «төбе би» лауазымында мейлінше қазақ халқының мүддесін қорғап, құқықтық тұрғыдан адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуді ұйымдастыруы, қоғамдық өмірде қазақтың көшінің түзелуіне еңбек етуі, Абайдан кейінгі қазақ азаматтарына темірқазық іспетті жол сілтеп отырды. А.Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетін шығаруды қолға алып, қазақты халық ретінде ұйыстырып, ел мүддесіндегі іргелі мәселелерді көтеріп, халыққа ағартушылықты насихаттай отырып, елдік қоғамдық-саяси түйткілдерді ортаға салумен қатар, қазақтың ұлттық публицистикасын қалыптастырады. Ұлттық баспасөзбен қатар публицистикалық стильді, тілді орнықтырады. А.Байтұрсынұлының өз қолымен жазылған «Өмірбаянында» (1929, наурыз) мынадай мәлімет айтылады: «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен, екіншіден қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен, ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты». Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы өз өмірбаянында өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінің хронологиясын дәл береді. Ұстаздық қызметпен айналысқан алғашқы жылдары Ақаң педагогикалық қажеттіліктерден туындаған қазақ тілін оқытуға қатысты оқу-әдістемелік құралдардың жоқтың қасы екендігін терең сезініп, «Оқу құралы» (1912, Орынбор), «Тіл-құрал» (1914, Орынбор) оқулықтарын жазады. Бұл оқулықтарды жазу барысында Ақаң өзі атап көрсеткендей тіл тазалығын сақтау, тіл ұстарту, басқа тілдердің ықпалынан арылтумен қатар қазақ сөздерінен термин жасап, халықтың жалпы тілдік нормасымен етене қабысқан, халықтың өзінің тілдік қорындағы жанды тілін пайдаланғандығы ғалым еңбектерінің өміршеңдігін көрсетеді. Қазіргі тілші-ғалымдар Ақаң жасаған лингвистикалық терминдердің жалпы саны – 310, оның ішінде бүгінге дейін қолданылып келе жатқаны – 118, қолданылмайтыны – 192 деп көрсетеді. Өзіне дейінгі қазақ тіліне қатысты еңбектерді зерттеп меңгеріп, қоғам қажеттілігі үшін атан түйеге жүк болатын шаруаны қолға алады және Ахаңның бұл еңбегі жемісті болды.
М. Әуезов ұлт ұстазының оқу-ағарту саласындағы ғылыми-педагогикалық еңбегін «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі» деп бағаласа, С.Сейфуллин «қазаққа «Оқу һәм тіл құралдарымен» қылған қызметі таудай», Т.Шонанов «Ахметтен кейін көптеген адамдар ана тілінде жазуды үйренді және төл әдебиетіне құрметпен қарайтын болды» деген баға береді. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ақаңның қазақ тіл біліміне қатысты еңбектері, мектерге арналған оқулықтары мұғалімдердің «құрандай қолтықтап» жүріп пайдаланатын құралдары еді. А.Байтұрсынұлының көп жылғы ғылыми-педагогикалық қызметінің мойындалуын оның 1922 жылы Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, кейін Халық ағарту комиссары (бүгінгі Оқу-ағарту министрі) болып тағайындалуы көрсетсе керек. Өмірбаянында көрсеткен қазақ әдеби тілін, оның ішінде публицистика стилін, ресми іс-қағаздар стилін, ғылыми жазба тілді «Қазақ» газетіне бас редактор әрі оның тұрақты белсенді авторы ретінде еңбектенген тұсында бар білімі мен ынта-жігерін, күш-қуатын сол жолға арнағандығын көреміз. «Қазақ» газетінің саяси-идеологиялық мазмұны өз алдына, оның тілдік сипаты да ерек болды. М.Әуезов сол тұстағы «Қазақ» газетінің оқырмандарға тигізген әсері, экстралингвистикалық сипатын «Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын…. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жігіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп нақты көрсетеді. Дана Абайдың сүрлеуімен Ахмет те қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерін кеңейтті, дамытты. А.Байтұрсынұлының функционалдық стильдері туралы айтқанда Абай дәнін сепкен ғылыми стильді қалыптастырып, өркендетуі туралы ерекше тоқталуымыз керек. Ол 1926 жылы жарыққа шыққан шоқтығы биік «Әдебиет танытқыш» еңбегі. Қазақтың әдебиет тарихы мен әдебиет теориясы туралы жазылған тұңғыш әдебиеттанушылық іргелі еңбек. Көрнекті тілтанушы ғалым А.Ысқақовтың «Қазақтың қазіргі ұлттық әдеби тілі – байырғы төл әдеби тілдің әрі табиғи, әрі тарихи жалғасы» деп А.Байтұрсынұлының тұжырымдарымен үндес айтылған пікірінен, «Әдебиет танытқыштың» тілі бүгінгі қазақ филология ғылымында, оның ішінде әдебиеттануда, әдебиет теориясында, әдебиет теориясының салалары поэзия теориясында, лирикатануда, сын теориясы мен тарихында, өнер теориясында, тіл теориясында қолданыстағы тұжырымдар мен терминдердің қайнар көзі екендігін анық көреміз. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» ұзақ жылдар бойындағы үздіксіз, тынымсыз ізденістің, еңбектің жемісі. Әдебиет, өнер, тіл теориясына қатысты ғылыми еңбекті тақыр жерде тудыру мүмкін емес, Ахаңның ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасырдың басындағы сол тұстағы Ресей мен Батыс Еуропаның ғалымдарының, антикалық грек ойшылдарының еңбектерін оқығандығы, игергендігі анық көрінеді (Д.Қамзабек). Әдебиеттану, өнертану ғылымындағы ғылыми әдебиеттердің типологиялық ұқсастығы дейміз бе, не «надтекст» дейміз бе, «Әдебиет танытқыш» еңбегінің ХІХ ғасырдың аяғындағы, ХХ басырдың басындағы орыс әдебиеттанушыларының, филологтарының еңбектерімен идеялық, концептуалдық үндестігі көрінеді, бұл тұрғыда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары тұшымды еңбектер жариялаған болатын (А.Ісімақова, Ұ.Еркінбек, А.Ойсылбай, т.б.).
«Әдебиет танытқыш» арқылы А. Байтұрсынұлы қазақ тілін – жазба ғылыми-теориялық зерттеудің тіліне айналдарды. Өнер, тіл теориясына қатысты қаншалықты күрделі тұжырымдарды баяндап отырса да, Ахаң өзінің алдына қойған тіл тазалығы, оны бөтен сөздермен шұбарламау қағидатына адалдығын танытып, әдебиет, өнер теориясына қатысты терминдерге қазақша шапан кигізіп, ұлттық қалыптан, ұлттық топырақтан атаулар іздеп табады. Ол туралы 1926 жылы Москвада жарияланған «23 жоқтау» жинағына жазған алғысөзінде былай деген: «Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап пісіп, дүниеге келеді. Сонан соң ғана шешендер, «тіл көсемдері» тілді безеп, жолға-жөнге салып, жүйесін асырып өсіреді. Сондықтан әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек; енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда, мұны естен шығармау керек. Ел аузындағы тіл дегенімізде, нені үлгі-өрнек аламыз? Әрине, осындай жоқтауларды, мақалдарды, жұмбақтарды, ертегілерді, өлеңдерді, тағы-тағы осындайларды!». «Әдебиет танытқыштағы» Ақаңның тарихи еңбегін ғалым Ш.Құрманбайұлы «терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін жүздеген әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән функциясын да (ғылыми анықтамасын) берген. Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның өзіне ғана тән белгілерін айқын көрсетумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын көрсету деген сөз» деп зерделейді.
Ахаң өз өмірбаянында көрсеткен қазақ тілі мен қазақ әдеби тілі мәселелеріне қатысты ғылыми-шығармашылық еңбектерімен қатар, қазақтың ұлттық әдеби тілін қалыптастырудағы «Қырық мысал» (1909 ж), «Маса» (1911 ж) жинақтарының орны ерекше. Абай шығармаларының тұңғыш жинағы да 1909 жылы жарияланғанын ескерсек, Ахмет өлеңдері де халыққа Абай өлеңдерінің қатар тарап, халықты ояту, өнер-білімге шақыру, елдікке ұмтылу сынды идеяларымен қатар қазақ тілінің жазба әдеби тілі болып қалыптасып қана қоймай, дамыған жаңа сапаға ұласуына мол еңбек сіңірді. Ахметтің ақындығы да ғалымдығынан, қайраткерлігінен осал түсіп жатқан жәйі жоқ. Ұлы жазушы М.Әуезов Ахметтің ақындығын «жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің көшбасшысы санайды» деп қабылдауы көп жәйтті аңғартса керек. Академик Р.Нұрғали «Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» — қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болды» деп Ақаңның бұл жинақтарының идеялық мазмұны мен қызметінің қаншалықты маңыздылығын айқын көрсетсе, ал бұл жинақтардың поэтикалық тілінің қазақ әдеби тілін дамытудағы орны да орасан. Ахмет те Абай сынды мысал жанрын фнкуционалдық стиль тұрғысынан қазақтың ауызша әдеби тіл байлығын, поэтикалық өрнектерін, поэтикалық образдарын кеңінен қолдана отырып барынша дамытты.
Қазақ өлеңінің архитектоникасының өзгертіп, тың жаңалықтар әкеліп, қазақ поэзиясын жоғары сатыдағы жазба әдебиет қатарына қосқан (Р.Сыздық) Абайдың ақындық дәстүрінің жалғастырушы ретінде Ахмет «Маса» жинағында «Жиған-терген» өлеңінде «Сегізаяқ» өлең құрылымын қолданады.
Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!
Көрнекті ғалым Р.Сыздық сегізаяқ үлгісімен жазылған бұл өлең туралы «Бұл идея Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл ақындық, ағартушылық қызметінің лейт-мотиві болса, оны білдірудегі ең бір ұтымды деп тапқаны – осы ойын айтатын өлеңін сегізаяқтың үлгісімен жазу. Мұнда ақын ұстаз тұтқан Абайдың үлгісімен алғашқы екі жұпты алты тармақта айтылмақ идеяның тезисін (баяндауды) береді де, соңғы екі тармақта сол тезистен шығаратын түйінді, яғни антитезисті ұсынады. Түйін-антитезис көбінесе ақыл сөз, өнеге сөз (сентенция) болып келеді» — деп, Ахметтің қазақ әдебиетіндегі азаматтық сарынды жетілдіріп, азаттық рухының оянуын дәріптегенін, поэтикалық тіл өрнектерін айтады.
Абай мен Ахмет аудармалары арқылы да қазақ әдеби тілін байытқан реформатор тұлғалар. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ жерінде орыс әдебиетінен аудармалар сол кездегі қазақ газеттерінде жарияланып, дәстүр қалыптаса бастаған еді. Ыбырайдан бастаған мысал аудармаларының жанрлық қызметіне қазақ контексінде зор маңыз жүктеле бастады. Абай мен Ахмет те мысалдарды, оның ішінде Крылов мысалдарын аударып қана қоймай, оған қосымша идеялық мән жүктеулері мысалдың ағартушылық, этикалық-моральдық, философиялық, педогогикалық мағына-маңызын арттыра түсті. Абайдың да, Ахметтің де мысалдарының, аудармаларының тілін зерттеген ғалымдар «төл тума поэзия үлігісіндегі қазақтың халық тілінің қаймағымен жазылған дүниелік. Бағзы заманнан қазақ жұртымен егіздің сыңарындай бірге жасасып, атадан балаға мұра боп селбескен тіл қазынамызды Абай қалай түлетіп, қалай көктеткен болса, Ахмет Байтұрсынұлы да дәл солай қызмет етті» (С.Омарбекұлы) деп бағалайды. Ал М.Әуезов, З.Ахметов сынды ғалымдар айтқан Абай лирикасының тууы мен қалыптасуына орыс классикалық әдебиетінің әсері мен ықпалы, Абай поэзиясының әлемдік әдебиеттің жауһарына айналуына алып келген бірден бір фактор деген тұжырымдары ешқандай дау туғызбайды. Абай мен Ақаң орыс әдебиетінен аудармалар жасап та қазақ әдеби тілін байытты, құлашын кеңейтті. Академик Р.Сыздықтың айтуынша Абай аудармалары арқылы қазақ әдеби тіліне калька тәсілі енді, әсіресе калькалау арқылы соны сөз тіркестерін жасау басталды. Мысалы, Абайдағы үміттің нұры (светило надежды), жабырқаңқы жазған сөз (стих унылый), суық ақыл (рассудок холодный), ой қозғау (шевелить ум), қараңғы көңіл (мрачная душа) деген тіркестен аударма өлеңдерінде жасалғандар. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі туралы бірнеше іргелі монографиялық зерттеулерді жазған, әдеби тіл, идиостиль, лингвистикалық поэтика, лингвостилистика, функционалдық стилистика т.б салалар аспектісінде Абай шығармаларының тілін қопарып зерттеген ғалым ақын шығармаларын әдеби тіл тұрғысында зерттегенде мынадай тақырыптарда қарастырудың жөн екендігін айтқан болатын: 1) поэзия тіліне қаламгер қолтаңбасын салу дәстүрі, яғни шығармашылық контекст дегеннің Абайда айқын көрінуі; 2) өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер; 3) айқындық пен дәлдік; 4) фразеология саласындағы жаңалықтар мен өзгерістер; 5) жеке сөздерді таңдап, талғап жұмсау, оларды поэтизмге айналдыру; 6) өлеңнің синтаксистік-композияциялық құрылысына енген өзгерістер. Абай шығармаларының тілін қаузай зерттеген ғалым өз еңбектеріндегі зерттеу әдістемесі мен әдіснамалары арқылы қазақ ақын-жазушыларының шығармаларының тілін зерттеудің үлкен сара жолын қалыптастыра білді. Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының тілі де Р.Сыздық қалыптастырып кеткен тәсілмен монографиялық тұрғыда зерттелініп, оқырмандарға түсіндірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Филология ғылымы, гуманитарлық-қоғамдық ғылымдар, тұтас алғанда мәдениет үшін дәстүршілдік, сабастастық деген теориялардың аса өміршеңдігі айқын. Соңғы жазылған мәтіннен, өзіне дейінгі мәтіндердің жаңғырықтары естіліп тұратындығын мәтінтанушы ғалымдар дәлелдеп көрсеткені белгілі. Осы теория тұрғысынан келетін болсақ, Абай мен Ахмет те қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің өркендеуіне, жаңғыруына, жаңаруына орасан зор әсер еткенімен, олар да өздеріне дейінгі мұралардың жемісі екендігі даусыз. Абай мен Ахмет сынды реформатор алып екі тұлға өз әдеби-ғылыми шығармашылықтары арқылы өздерінен кейінгі қоғамдық дамуда зор серпін туғызды. Абай рухынан нәр алған Ақаңды зерттеуші ғалымдар – ұлттық ғылым тілін жасаушы, ұлттық ғылыми стильді қалыптастырушы (Ш.Біләлов) деп зерделеуі, Ахаңның тұсындағы және одан кейінгі еңбектердің ғалымның әдіснамасы негізінде дамып, қалыптасуларын дәлелдеулері бұл қазақ руханияты мен ғылымында орны ерекше тұлғалардың өлшеусіз еңбектерінің айқын көрінісі. Әлемдік классиктер галереясынан ойып тұрып орын алатын ақын-жазушыларымыз бар десек, олардың көркем шығармаларының үздік болуы, шығарма құрылымындағы өзгермес үштаған «идея-образ-тіл» десек, көркем әдебиеттің әдеби тілінің ұстаруына мәдени қопарылыс жасаған Абай мен Ақаң сынды тұлғалар. Ақаң түлеткен ұлттық ғылыми стильдің жемісі — бүгінгі қазақ ғылымының тілі. Ұлтты ұлт ететін оның тілі, жері, тарихы, мәдениеті десек, осы темірқазықтарды бағамдауда бүгінгі мақаланың тақырыбы болып отырған екі алып тұлға – Абай мен Ахметтің сіңірген еңбегі, атқарған істері ұшан-теңіз. Кейінгі ұрпақ, кейінгі зерттеушілер осы темірқазықты жолбасшы етіп, шығармашылығын барынша қаузай зерттеп, танып білсе, ұлттығымыз да, мемлекеттігіміз де мызғымайды, тәуелсіздігіміз де баянды болмақ.
Ноябрь КЕНЖЕҒАРАЕВ,
Іле ауданында орналасқан
«Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы»
мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі жауапты маманы,
филология ғылымдарының кандидаты