«Amanat» партиясы өз кандидатын ұсынды
Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Съезге еліміздің астанасы мен әр өңірінен делегаттар қатысты. Съезде сөйлеген партия төрағасы Ерлан Қошанов қараша айында өтетін Қазақстан Республикасының Президенттігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Ол туралы: «Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді Тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс.
Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек.
Сондықтан, Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын», – деді Ерлан Қошанов.
«Amanat», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы» партиялары және 20-ға жуық республикалық қоғамдық ұйым қатысқан кездесу барысында Президент партиялар мен халық коалициясына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, жақын арада сайлауалды тұғырнаманы ұсынуға уәде берді. Онда елді трансформациялау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралар қамтылатын болады.
«Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан, ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шара барысында бірқатар партия мүшелері, еліміздің зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер сөз сөйледі. Мысалы, Қазақстанның тұңғыш Еңбек ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау қажеттігін айтса, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Президенттің әрбір іс-әрекеті мен реформаларының негізінде тек қана халық мүддесі тұрғанын жеткізді. Ал, айтыскер ақын, партияның Саяси кеңесінің мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы, Қостанайдағы өрт мысал бола алады. Кәсіпкер, көру қабілетін қалпына келтіру және алдын алу мектебінің негізін қалаушы Анна Яковлева «Әділетті Қазақстан» барша азаматтардың адал еңбегі арқылы ғана құрылады деп санаса, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай өз сөзінде, Президент қолға алған өзгерістер заң үстемдігіне негізделген демократиялық қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. жастардың атынан сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев мемлекет үшін осындай жауапты сәтте жастар белсенді азаматтық ұстаным танытуы тиіс екеніне сенімді.
Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатарында партия отырысына біздің ауданымыздан Іле аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова, «Amanat» партиясы Іле аудандық филиалының бірінші хатшысы А. Сатибаев және Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Е. Сапаров, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Н.Орынбасаров қатысып, саяси оқиғаның басықасында болды. Ауданымыздың беделін көтеріп жүрген халық қалаулылары да Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын бірауыздан қолдап, Қ. К. Тоқаевты ел болып ұйысу үшін, «Жаңа Қазақстанды» құрып, болашаққа көш бастау үшін саяси тұлға ретінде танитындықтарын білдірді.
Е. АХМЕТ