Қазақстан Республикасы — егемен және тәуелсіз мемлекет
«Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман» — демекші, біз жанымызға қымбат, ғажап елдің қайратты ұрпағымыз. Себебі, біз көгінде байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның азаматтарымыз. «Қазақ» деген ұлы халық перзентіміз. Сондықтан да, біз Қазақстанда туғанымызды мақтан етеміз.
Жер бетіндегі кез келген елдің мәңгілік болып, мәртебесі асқақтай беруі үшін – «Тәуелсіздіктің» алар орны ерекше. Оған дәлел ретінде «Тәуелсіздің тынысы тарылмайды, тәуелдінің ырысы жарымайды», — деген дана халық мақалын келтіре аламыз. Әлем мойындаған, Азияның кіндігінде орын тепкен, картадан ойып тұрып орын алған, ұлан-байтақ жердің иесі – Қазақстан жайлы айтқанда кеудемізді қуаныш сезімі билейді. аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезеңі, ащы термен келген тәтті жеңіс, төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Сондықтан да ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады деп ойлаймыз. Қазақ елі осы жолда талай белестерді бағындырды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, мәдени және саяси қатынастар да үдей түсті. Мемлекеттің абыройын асқақтатып әншілеріміз, күйшілеріміз, спортшыларымыз мемлекетке үлкен жүлделермен оралып, әлемге қайсар, еңбекқор халық екенімізді дәлелдейтін дәрежеге жетті. Еліміздің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды.
Еліміздің тәуелсіз әрі егеменді мемлекет болып қалыптасуы оңай жолмен келген жоқ. Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда 1986 жылы өзіміз білетіндей ызғарлы Желтоқсан оқиғасын атап өтпеу мүмкін емес, себебі қайта құру мен жариялылық кезеңдеріндегі еліміздің егемендікке деген ұмтылысы мен жігер-қайратының дәлелі осы болды. 1990 жылдан бастап КСРО-да президент ұғымы енгізілді, сол кезеңде Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы болып Н. Назарбаев сайланды. Осы оқиғадан кейін осы жылдың қазанында еліміздің мемлекеттік егемендігі жарияланды.
1991 жыл 1 желтоқсанда президент сайлау өтті. Қазақстан Республикасы Президенттік-парламенттік нысанға ие унитарлы мемлекет ретінде қалыптасты. Тұңғыш президентіміздің бастамасымен мемлекетімізде халықаралық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, сыртқы саясат дамыды, яғни 100-ден астам мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар орнады, елордамыз Астана қаласына көшірілді. 2019 жылы қазіргі Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болуға ант қабылдады.
Еліміз тәуелсіздік жолында көптеген қиыншылықтарды бастан өткергенмен, одан кейін тәуелсіз даму жылдарында үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінде біз өз туы мен әнұраны бар, ұлттық рәміздері бар, кең байтақ жерге ие демократиялық-егеменді мемлекетпіз. Мемлекеттік іс-шаралардан бөлек қазақтың ұлттық құндылықтары қалыптасты, әлемдік сахнадан елеулі орынға ие болды. Қазірде мемлекетіміз дамуын тоқтатқан жоқ еліміздің ары қарай да дамуы үшін әртүрлі стратегиялар мен даму бағдарламалары да жүзеге асырылуда.
Демек, еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағымыз жарасқан мемлекетпіз. Ең бастысы тілімізді қадір тұтып, іргемізді берік ұстасақ біз қазақ елі талай белестерді бағындырамыз. Тамырын тереңге жайған тарихымыз және шыңын мәңгі қар басқан биік тауларды, сарқырай аққан өзендерді, мөлдір сулы көлдерді, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далаларды, қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлкені, таңғажайып табиғатты сақтап, келесі ұрпаққа қалдыру үшін, тәуелсіздіктен айырылмауға бар күш жігерімізді салуымыз қажет.
Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, тәуелсіздікке ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз Еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда.
Еліміздің мәртебесі биіктеп, әлемге шарықтай беруіне деген ыстық ықыласымызды жеткіземіз.
Еліміздің дәулеті, жеріміздің сәулеті жолындағы игілікті істеріңіз табысты болсын!
Барша Қазақстандықтарды Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймыз!
№5 «ОПМПК» КММ ұжымы
Өтеген батыр ауылы