От пен судан тайсалмас қайсар жандар
Биыл Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғау органдарының халыққа қызмет еткеніне 27 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Сол кезден бері Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары.
Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Әр өңірдегі департаментте жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Сондықтан, ерік-жігері мол, тегеуріні темірдей, жүрегі мейірім мен нұрға толы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын.
Жас ұрпақты азаматтық рухта тәрбиелеу мақсатында 2019-2020 және 2020-2021 оқу жылдарында Қазақстан Республикасында тұңғыш рет Өтеген батыр ауылында орналасқан №7 орта мектебінде Іле аудандық Білім бөлімінің басшысының бұйрығымен және Алматы облысының Төтенше Жағдайлар Департаменті бастығының қолдаумен «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбы ашылды. Біздің жас кадеттеріміз де өздерінің алдыңғы буын ағалары секілді қайсар, жігерлі болып өсіп келеді.
«Құтқарушылар күні» мерекесіне орай №7 орта мектепте кадет сыныптарының ұйымдастыруымен «От пен судан тайынбас қайсар жандар» атты аймақтық мерекелік кеш өтті. Салтанатты шараға Энергетический ауылдық округінің әкімі Рахимов Қанат Қасымханұлы, Алматы облыс-тық Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кенжехан Самат Кенжеханұлы, Іле ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Канин Константин Леонидович, Іле ауданы алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің және «Жас сарбаз» қозғалысының әдіскері Жантлеуов Сеитжан Салимханович, Іле аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, №12 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары, аудандық, округтік ардагерлер кеңесінің төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері, мектеп әкімшілігі, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Іс-шараны Энергетический ауылдық округінің әкімі Рахымов Қанат Қасымханұлы ашып, барша Төтенше жағдайлар бөлмінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. «Құтқарушы мамандығының басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары, сіздерге мың алғыс!» — дей келе, округіміздің, ауданымыздың тілсіз жаудан аман сақталуы – өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерен еңбегі екенін баса айтты. Округ әкімі өз сөзінде қазіргі уақытта округіміздегі №7 және №13 орта мектептерде «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбында 82 оқушы білім алып, алдыңғы буын ағаларынан жақсы үлгі алып, өскенде сіздердей құтқарушы болуды арман етіп жүргенін айта келіп, «Қандай қайғылы қасіретті оқиға болмасын, бар күш жігерін салып құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген еліміздің Құтқарушылары – осы мереке күні барлық қызметкерлерге жұмыстарына табыс, жанұяларына амандық және зор денсаулық тілейміз. Сіздердің ауыр еңбектеріңіз Сіздер құтқарған адамдардың алғыстарымен бағаланып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлдену болашағына өз үлесін қоссын дей отырып, Сіздерді тағы да шын жүректен «Құтқарушылар күні» кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!» деп, Төтенше жағдайлар бөлімінің, №12 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, №7 орта мектептің және М.Мақатаев атындағы №13 орта мектептің кадет сыныптары, олардың әскери жетекшілері мен сыныпжетекшілері де жас ұрпақты отаншылдыққа, адамгершілікке, елжандылыққа баулу, азаматтық қорғау саласында қызмет етіп жүрген бейбіт күннің батырларына құрмет таныту, олардың ерлік істерін үлгі ету мақсатында өткен «19 қазан – Азаматтық қорғау» күніне арналған округтік іс-шараны ұйымдастырғаны үшін округ әкімінің арнайы алғыс хатына ие болды.
Қанат Қасымханұлынан кейін сөз алған Алматы облыстық Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кенжехан Самат Кенжеханұлы «Бейбіт күннің батырлары, әр күнін адам өмірін қорғауға арнап жүрген кең жүректі, құрыш білекті азаматтар қандай құрметке болса да лайық. Сол себепті еліміздің тыныштығын күзеткен, тілсіз жаумен күресіп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген әрбір құтқарушы, өрт сөндіруші азаматтарды, барша әріптестерімді мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, қызметте табыс тілмейміз. Халқымызды тілсіз жаудан – өрт, апат пен зілзаладан сақтап, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын» — дей келе, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі А.Тойшыбековтің арнайы алғыс хатын өрт сөндіру, құтқару ісінде ерен ерлік көрсеткен Ілелік төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жас ұрпаққа патриоттық тәрбиеге баулып, төтенше жағдайлардың алдын алуда сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп жүрген №7 орта мектеп директорының Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж. Қ. Толегенова мен бірқатар ұстаздарына табыстады.
Шара барысында №7 орта мектептің 7 «А» және 8 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының тәрбиеленушілері Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлеріне арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Сонымен қатар, кадет сыныбында үйренген әскери машықтарын да ортаға салып, 8 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушылары қарумен әскери дефиле көрсетсе, 7 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының кадеттері қоян-қолтық шайқас жаттығуын көрсетті. Кадет сыныбының өнерлі жастары жалынды жыр шумақтарын оқып, күмбірлете күй төкті, тамылжыта ән шырқады. Ақынжанды шәкірттер болса жүрекжарды туындыларын оқып, батыр ағаларының ерліктерін ұлықтап, ізгі тілектерін өлең жолдарымен жеткізді. Мерекелік шара соңында 7-8 «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныптары Төтенше жағдайлар министрлігінің Гимнін, яғни, «Құтқарушылар әнін» орындады.
А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ