Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМәдениетТұлға

АЙТЫСКЕР АҚЫН АЙТУҒАН ШӘЙІМҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

БАЛАЛАР.  ҰЛТТЫҚ ӨНЕР

Кез келген халықты ұйыстырып, топтастыратын оның өнері, салт-дәстүрі, тілі екені бәрімізге мәлім. Осы бір ұғымның негізінде қазақ даласында кең танымал ғасырлардан ғасырларға шынжырласып, қалмай келе жатқан ұлы өнердің бірі – жыршылық, термешілік өнері.

Смартфонмен, түрлі гаджеттер жайлаған  мына замануи сұрқия уақытта қолына қасиетті қара домбыраны алып құлақ күйін бұрап, қоңыр дауысқа салатын бала кемде-кем. Нәтижесінде талдауды талғаммен жасайтын қазақ баласы өлеңмен жырды, жырмен термені шатастыра бастады.

Міне, бұл қазақтың термеші өнеріне келген нәубеттің мұз құрсанған мұзтауға ұқсас мәселелердің ұшы ғана. Осы олқылықтың алдын алуда биыл Алматы облысы мәдениет спорт және туризм басқармасы өзіне тиесілі  9 аудан, бір қалада жыршы-термешілер мектептерін ашып, әр мектепке екі штаттан бөліп отыр. Облыс басшыларының бұл ниеттерін ұлттық өнерді дәріптеудегі алғашқы құнды қадамдары деп білдік. Әсіресе, ауыл жұрты бөріктерін аспанға атып қуануда. Өйткені, олар үшін балаларын оқытатын көкірек көзін ашып, патриоттық сезімдерін оятатын нағыз өнер ордалары аудан орталықтарынан ашылып жатыр. Өнерсүйгіш қарадомалақтар екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл бос бұрап, жыр мен теремені үйренетін болды.

Осындай қуаныштың бірі «2022 жыл – Балалар жылына» орай Алматы облысы, Іле ауданы, Чапай ауылында да айтыскер ақын, термеші, журналист Айтуған Шәйімұлының атындағы жыршы-термешілер мектебі өз есігін айқара ашты. Іс-шараға арнайы Алматы облысы ардагерлер алқасының төрағасы Е. С. Тұрымбетов, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, профессор, «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» атты кітаптың авторы Б. Ә. Әділбек, Алматы облысы халық шығармашылығы орталығының басшысы Е. М. Жебегенов, белгілі жыршы Р. Батырбаев, аудандық мәдениет спорт және туризм бөлімінің басшысы Б. Көкенұлы, сазгер Айтуған Шайымұлының қарындасы Шәйімова Аятхан қатысты.

Шарада аудандық кітапхана бөлімі арнайы Айтуған Шәйімұлына арналған кітап көрмесін ұсынды. Онда ақынның жазған мақалалары, фотосуреттері, қолтаңбалары қойылған екен. Ат басын бұрып келгендерге кеңінен таныстырылды.

«Айтуған Шәйімұлы» атындағы жыршы-термешілер мектебінің ашылуына айтыскер ақынның шәкірті, жерлесі ауданымызға танымал актриса, аудандық Мәдениет үйінің директоры Қ. Ахметбаева өзі бастама көтеріп, ақынның атын берігізді. Мектептің одан әрі дамуына өз жоспары да бар.

Жалпы айтыскер ақын Айтуған Шәйімұлы туралы баяндай кетсек, өмірін өнерімен өрнектеген айтулы ақын Айтуған Шәйімұлы 1947 жылы 29 желтоқсанда Райымбек ауданы Жылысай ауылында дүниеге келген. Қазақстан Журналистер, Жазушылар Одағының мүшесі. Ақынның жазған туындыларын, өлеңдерін мәдени іс-шараларда әлі күнге дейін қолданып келеді.

1980 жылдардың бас кезінде, алқалы топтың алдында ақ алмастай жарқылдап, шабыты шалқып келгенде тау суындай тасқындаған, ақпа-төкпе айтыстың құлагері жыр-жампозы атанған, исі қазаққа танымал айтыстың ақберені  Айтуған  сал туралы айтылатын әңгімеде көп-ақ. Қай іске кіріссе де  қара  қазағының алдында абыройдан  айыра көрме деп құлшынатын  ақын, Күрті  ауданына  қоныс аударып, қызмет етті. Өзі қоныс аудырған өлкенің тарихында тасында, суында әнге де, жырға да бөледі. Киелі құт мекенді әруағымен қолдап жатқан өз заманының  қол бастаған батыры, емші қасиет дарыған Ұлы жүздің Сарыүйсінінен шыққан Белағаш Ақұлы баба туралы біраз тың деректер жазып, айтып жүрді. Ұрпақтармен сабақтас болып, ғұмыр кешті. Ақын мақпал түнді маужыратып, той тізгінін қолын алғанда Күртінің тасын да, суын да жырға бөлейтін.  Киелі мекен Күртінің суын әнге қосып, «Күртінің бойын жағалай» әнін дүниеге әкелді. Ақши  ауылы жақсылар мен жайсандардың мекені екені белгілі ғой. Сондықтан да болар, ырыстарының тайқазандары ортайған емес. Сайын даланың төсінде Бәйге төбеде ат шаптырып, бәйге беретін. Ауылдың қариялары аттарын баптап, бәйгеге тұлпарларын қосатын еді. Күй ке-руенінің көшін бастаған ақын дүбірлі тойдың тізгінін қолына алатын. Күмбірлетіп күй нөсерін төккенде, бәйгеде оза шапқан тұлпарлар бауырын жазатын ед.

Бәйгенің қызығына түскен дүйім жұрт анау Шәйім ақсалдың қасқа аты, Азғанбайдың жирен аты, Адай атаның Ақсарбас аты деп у-шу мен мәз-мейрамға бөленіп тұратын еді.   Қаламы жүйрік, ойы ұтқыр тума талант журналист Айтуған  Шәйімұлы Осыдан  29 жыл бұрын «Жетісу» газетінде жариялаған «Қара ошақтың қасиеті» атты мақаласы шыққалы Жетісу өңіріндегі Әлмерек бабаның ұрпақтарын бей-жай қалдырмады. Әлмерек бабаны  тіріліткен азамат еді. Ақынның бойынан  адамдығынан адалдығы, адалдығынан имандылығы сезі-летін тұлға еді.  М. Мақатаев  айтқандай, «Бүтінделмей кеткен ер тұрманы»  демекші, аудан үшін, ауыл үшін, аянбай қызмет етті, өмірінің  соңғы жылдары №41 орта мектепте  Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берді.  Ұлт пен ұрпақтың сабақтасығынан  шет қалмады.

Ақын туралы сөз қозғағандар тек қана ғибратты ғұмырын тізбектеп айтып жатады. Солардың бірі ізін басқан інісі жыршы-термеші Р.Батырбаев «Мен ол кісіні көрген жоқпын. Бірақ артына қалдырған мұрасы әні, өнері сайрап жатты. Жақсылық ерте ме, кеш пе, өз орнын табады ғой. Мен немересіне домбыра үйреттім. Айтуған ағамыз Мәдениет үйінің директоры болды. «Күрті вальсі» әнін жазып шықты.  Ауылдың мәдениетіне көп еңбек сіңірді. Сол кісінің тұсында мәдениет қызметкерлері   Германияға гастрольге шыққан уақыттары да болған екен. Айта берсек, ағаның еңбегі зор. Мына жыршы-термешілер мектебінің Айтуған ағамыздың атына берілуі еңбегін бағалауы деп түсінемін» — деді жыршы.

Мәдениет үйінің директоры Қ. Ахметбаева: «Айтуған аға аузын ашса, көмекейі көрінетін, аңқылдақ, ашық адам еді. Талай келіннің бетін ашып, ақ батасын беріп еді. Жеке өз  басым бірнеше өлеңдерін өз аузынан магнитофонға басып алып, кейін сахнада шырқадық қой. Енді мына жыршы-термешілер мектебінің тұсауы кесіліп жатыр ғой. Ғұмырлы болсын! Әлі талай Айтуған ағамыздай дүлдүлдерді баптап шығарамыз деген ойдамын», — деп ағынан жарылды.

Мәдени іс-шарада Мәдениет үйінің қыз-меткерлері шағын концерт қойып, қойылым қойды. Жиылған жұрт шынайы ықыласпен тыңдады. «Айтуған Шәйімұлы» атындағы жыршы-термешілер мектебіне Іле ауданының түкпір-түкпірінен талантты оқушылар  қабылдануда. 

Жас жеткіншектер жыр-терме жаттап қана қоймай, күй тартып, екі ішекті аспаптың құлағында емін-еркін ойнауды үйренетін болады.

Б.ЧОЙБАСОВ.

(Кейбір деректер ақынның қызы Ақерке Айтуғаннан және жақындарынан алынды).

Басқа жаңалықтар

Back to top button