Тәуелсіздік иісін аңсаған ел
Қазақстан Республикасы дербестігін алып, тәуелсіз мемлекет болғанымызды мақтана айтар 31 жыл толып отыр. Сонау 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бері еңсемізді тік ұстап, рухымызға адал, иманымызға берік, бірлігі жарасқан елдер қатарында дамып келе жатырмыз. Бостандық алып, егемен ел болу сонау Керей мен Жәнібек хандардан бастау алғаны бәрімізге мәлім. Осы сәтті ғасырлар бойы күткен дүбірлі қазағымның дүркіреген сәті КСРО дан бөлектеніп бас әріппен Қазақстан Республикасы деп жарияланып, өз мемлекеттік рәміздерін тайға таңба басқандай айшықтаған сәттен бастау алды. Халқымыз бөркін аспанға лақтырып, көздерінен қуаныштың ыстық лебі төгілгенді. Азат болған мемлекетім осылайша өмір жолындағы тарихын жаңа беттермен бастаған болатын. Міне ендігі көзді ашып жұмғанша зымырап 31 жыл да өте шығыпты. Еліміз белестерден көрініп халқымыз еселеніп дамыған елдер қатарына біртіндеп аяқ басуда. Тәуелсіздік деген сөзді саналы түрде ұғынып осы жолда еңбек ету біздің борышымыз.
Бұл сөзді елемей айта салу – оның құндылығын түсінбеумен тең. Сындарлы тарихи сәтте бір-бірімізді ауыздың ұшымен мереке құтты болсын деп құттықтай салар мейрам емес. Тәуелсіздік – бұл біздің көзімізге көрінбеген рухтың тірілуі. Кешегі ата-бабаларымыз аңсап кеткен, қанша тырысса да қолдары жетпеген бостандықтың жемісін, рахатын көрмей бейнет кешіп, жарқырай түскен шуақты күнді ұрпақтарына тілегені анық. Осы сәтті бізге аманат етіп қалдырған ата-бабаларымыз аспаны ашық күнге жету үшін қаншама сұрапыл майдан ашқандарымен Тәуелсіздік маңдайға жазбапты.
Тәуелсіздік иісін аңсап өткен халқым самұрық құс секілді бәйтеректің басына қонақтап бізге мейіріммен көз қырын салып қалықтап еркіндікте ұшатындай. Ел есіндегі еңбекті ұғынып ел тарихын өркендету, халқымыздың тілін құлдыратпай керегедей берік ұстап, отан деген шаңырақты шайқалтпау – ендігі біздің, жастардың міндеті.
Елімізде 31 жылда адам ойламаған талай оң өзерістер болды. Көрші елдермен терезесі тең болу әр ұлттың мақсаты. 31 жылдық серпілісте талай мақтан тұтар жетістіктеріміз де жетерлік. Ұлтымыздың ұлы тарихы түгенделіп сананы жаңғырту үрдісі, ұлттық мәдени құндылықтарымызды дамытып, ел мұрасы жаңғырды. Нарықтық-экономика дамып түрлі бағдарламалар қолға алынды. Өркениеті мен әлеуметтік жағдайын түзеп жастарға үлкен жол ашылды десем артық емес. Еліміз көркейіп, жоғарғы инновациялық технологиялар игерілді. Шетелдерге танылып, іргелі мемлекет құрудамыз. Бұл уақыт сонша ұзақ болмаса да осындай мақтан тұтар жетістіктерге жетіп жатқанымызға қуанамын. Өзіміздің білімдарлығымыз бен рухымызды өрге көтеріп елімізді дамыта берсек біздің елден артық ел болмас. Бостандық үшін әрқашанда еңбек пен күрес қажет, біз тәуелсіздігімізбен ғана қуатты, кері шегінбес мемлекет құра аламыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуы тиіс деп тілге тиек еткенді. Осы сөздерді ұмытпай тек алға жылжып мәңгі жасай берейік. Гүлдену үстіндегі елім-ді көрген сайын өне бойыма жылулық ұялап, болашағыма сеніммен қараймын.
Қазақстан Республикасын 31 жылдық тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отыра еліміз аман, жұртымыз тыныш, ұрпағымыз саналы болсын дегім келеді. Жалпы халқымыздың азаттығы мәңгілік болу – ол саналы ұрпақтың қолында. Артта бой түзеген жастарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, рухани-патриоттық сезімін тілге тиек ете жүру жөн. Осы уақыт ішінде еліміз үш бірдей қаржылық дағдарысты бастан кешірсе де сағын сындырған емес. Аталған қиын қыстау кездер еліміздің шыдамдылығы мен төзімділігін қайрап, қиып түсер қылышқа да төтеп беруге дайын екенін айқындап отыр. Осы жолдан тайма деймін, Тәуелсіз Қазақстан!
Жазира Сейсенбаева,
тарих пәні мұғалімі,№34 орта мектеп МКМ