Без рубрики

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҰСТАТҚАН – «ОҚУ ҚҰРАЛЫ»!

Қазақ педагогикасындағы алғашқы «Әліппе»  «Оқу құралы» деп аталғанын білесіз бе?

Қазақ графикасын жасауды 1910 жылы қолға алған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда қазақ тарихында, қазақ педагогикасында алғаш қолымызға дәл осындай «Оқу құралы» атауымен 1912 жылы өз ұлтының қолына алғашқы «Әліппені» ұсынады.

Педагог-сарапшы ретінде Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесімен жасалған оқу құралы «Әліппенің» білім жолын бастаудағы ең дұрыс жолы деп есептеймін.

Осы орайда ақпанның үшінші жұлдызында №45 орта мектебімізде дәстүрлі үлкен мереке «Әліппемен қоштасу» іс-шарасы өткізілді. 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз қолдарына ұстаған «Әліппе» кітабын аяқтап, білім асуының алғашқы белесінен артқа тастады. Бұл біздің оқушыларымыз үшін үлкен қуаныш. Бүлдіршіндеріміз өз-дерінің зеректілігімен, дарындылығымен, өнерпаздығымен ерекшеленді. «Білім негізі – бастауышта» екені хақ. Бастауыш сынып мұғалімдерінің ерен еңбегі ерекше. Әсіресе, әріп танымай келіп, аз уақыт ішінде Әліппені оқып, ән айтып, би билеп, тақпақты жатқа айтқызу – еңбектің нәтижесі. Әрине, №45 орта мектебі  ұжымның ынтымақтасып жұмыс істеуінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік.

Адам баласы талай замандар бойы жасаған, жинаған білімнің асыл қазынасына алғаш жол ашатын оқу құралы деп Әліппені үлкен де, кіші де сүйіп қастерлейді. Барлық мұғалім үшін басты ең қуанышты жаңалық – Әліппе оқулығының қайта оралғандығы болды. Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесін жаңғырту бастамасымен «Әліппе» оқулығы әзірленіп, ортамызға оралғанына, міне, 2 жыл өтті. Бұл оқулық балаларды оқу-жазуға үйрету қызметімен ғана емес, ғасырдан астам тарихымен де қымбат. Сондықтан, «Әліппенің» оралуы – бүкіл еліміз үшін ұлттық рухтың жаңғыруы деп санаймын. Білім әлемінің табалдырығын аттаған мыңдаған баланы, олардың ата-аналарын, ұстаздарды қуанту бақытына ие болып отыр. Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесінің негізінде  ұлттық табиғи логикамен жазылған «Әліппе» ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлғаның қалыптасуына негіз бола алады деп сенемін.  

Білім ордамызда ұстаздар білім берумен ғана шектелмей, баланың жан-жақты дамуына өз үлестерін қосуда.  Оқушылар сабақтан тыс бос уақыттарында шахмат үйірмесіне, спорт секцияларына барады. Сонымен қатар, оқушыларымыз түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Баланың бойындағы өнерді ары қарай жандандыру мақсатында «Ұшқын» ұйымы белсене жұмыс атқарып жатыр. Аталмыш ұйымның мүшелері мектепшілік іс-шараларда өз өнерлерін көрсетіп, белсенділік танытуда.

Жас ұрпақты заман талабына сай қабілетті, сауатты, зейіні мен зердесі қалыптасқан тұлға етіп шығару – біздің міндетіміз. Осы орайда ұстаздарымыз аянбай еңбек етуде. Мектеп мұғалімдері оқушыны білім мен ғылымға үйретіп қана қоймай, өз бетімен білім алуға, талдау жасауға, сыни тұрғыда ойлауға, рухани бай, шыншыл, белсенді болуға үйрететінін сеніммен айта аламын. Рухы биік, бәсекеге қабілетті, еліміздің өркендеуі мен дамуына құлшына қатысуға бейім көшбасшыларды дайындауға қабілетті барлық жағдайлар біздің мектепте бар десем, артық айтқандық емес. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, шәкірттеріміздің аудандық, облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі орын-дармен оралуы, мұғалімдердің үмітінің ақталуы деп білемін. Биылғы оқу жылын аяқтайтын  46 түлектің 9-ы «Алтын белгі», 13-і «Үздік атестат» үміткерлері. Оқушыларымыз үмітімізді ақтайды деп сенемін. Бұл да мектеп үшін үлкен мәртебе. Осы жолда еңбек етіп жатқан  мектебіміздегі ұстаздарымыздың еңбегі ерен. Білімді ұрпақ тәрбиелеудегі атқарып жатқан ісіміз нәтижелі болғай!

Сәкен Жансаров,

№45 орта мектеп директоры, магистрант

Басқа жаңалықтар

Back to top button