Знай наших

ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖ ШАҚЫРАДЫ

«Батыр туса, ел ырысы, Жаңбыр жауса, жер ырысы» — дейді дана қазақ. Өмірі жаугершілікте өтіп, ел іргесін сыртқы жаудан қорғау үшін қаншама арыстар мен боздақтар ұлты үшін шаһит кешті. Атадан ер болып туып, елдің намысы мен жоғын жоқтап, етігімен су кешіп, аламандап атқа қонған қанша батыр бабаларымыздың аты тарихта тасқа қашалып жазылды. Елдің егемендігі мен азаттығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, атүсті ұйықтап, ер жастанса да, жауына найза сілтеп, өзі де жер жастанса да еліне қорған болған батырлардың жалғасы, тәуелсіз елдің әскері желдің өтінде, шекараның шебінде ел іргесін күзетіп, тыныштығымыздың кепілі болып тұр. Иә, қай кезде де әскер – елдің қорғаны, айбыны. Әскерге барып ел қорғау, азаматтық борышын өтеу – әрбір ердің қасиетті парызы. Осы орайда, Өтеген батыр ауылында орналасқан №7 орта мектептің акт залында Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжінің оқытушылары штаб сержант Даурен Мырзабаев пен екінші сынып сержанты Олжас Мусабеков келіп, ауданымыздың 10-11 сынып оқушыларына үгіт-насихат жүргізді.

Әскери колледждің штаб сержанты Д.Мырзабаев: «Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледждің тарихына қысқаша шолу жасап өтсек, ол 1996 жылы 1 шілдеде ҚР Тұңғыш Президентінің №3049 жарлығымен ашылды. Ал 2001 жылы оған қазақтың ғалым ұлы, ағартушы, этнограф Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілді», — дей келе, оқушыларға колледждің ашылу тарихы мен ондағы мамандықтар жайлы кеңінен ақпарат берді. Олардың айтуынша, бұл әскери колледжге оқу түссе, тегін білім алып, арнайы жатақхана беріледі екен. Сонымен қатар үш мезгіл тамақ беріліп, қыстық-жаздық киіммен, төсек орынмен мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Білім алушылар 11 сыныптан кейін оқуға түсіп, 1 жыл 10 ай қазақ және орыс тілдерінде білім алып, кәсіби сержант болып ел алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанады.

Оқу орнының өзге әскери оқу орындарынан ерекшелігі мұнда түлектерге кіші сержант әскери шені беріліп, сержанттық құрам қатарында әскери бөлімшелерде келісім шарт бойынша әскери қызметші болып жұмысқа орналасады. Бітіруші түлек жұмысты өзі іздеп те әуре болмайды. Үгіт жүргізуші сержанттар оқу орны түлектерін 100 пайыз жұмыспен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орнына барғанда 500 000 теңге көлемінде сауықтыру өтемақы төленетінін де атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан баспанамен қамтамасыз етіліп, «В», «С» деңгейлі жүргізуші куәлігі және 3 санатты жаяу ұрыс машинасының жүргізушісі куәлігі берілетінін, азаматтық жоғары оқу орнынан сырттай тапсыратын болса, мемлекет оқу ақысының жартысын төлеп беретінін де тілге тиек етті.

Д. Махамметович колледждің тыныс-тіршілігінен хабар беретін бейнероликтер көрсетіп, оқушыларға әскери қызметтің маңыздылығы мен жауапкершілігі жайлы, ұтымды тұстары туралы жан-жақты мәлімет беріп, «Отаныма адал қызмет етемін, батыр бабалардың жолын қуып, ел іргесін жауға бермей қорғаймын» дейтін батыл, ержүрек ұландарды әскери колледжге оқуға тапсырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жолында қызмет ететін жаужүрек әскери қызметші болуға шақырды. Әскери коллеждге түсу үшін ҰБТ тапсырмайды, тек орта мектепті бітіру аттестаты немесе колледж дипломының ортақ ұпайы 3.0-ден төмен болмау керек. Аттестатты қолға алып, дене жаттығуларынан арнайы нормативтерді тапсыру үшін психологиялық және физиологиялық тұрғыда дені сау болса жеткілікті. Жоғарыда аталған колледжге оқуға тапсыру үшін талапкер өз ауданымыздағы әскери бөлімге барып өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинап, медициналық бақылаудан өтеді. Сонда ғана әскери оқу орнына тапсыруға мүмкіндік алады.

Қазақ халқы өзінің өр рухының арқасында ғасырлар бойы көз алартқан дұшпанына жұтылып кетпей, дәуірлермен бірге жасасып келе жатқаны – ел қорғаған ерлердің арқасы. Алдағы уақытта ел іргесін күзетіп, парызын өтеуге бел буып, қорғаныс саласында қызмет еткісі келген ұландарға айтарымыз біреу ғана. Ол – «Отан үшін отқа түс, күймейсің, арың үшін алыссаң, өлмейсің».

А. ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button