Денсаулық

ДОНОР БОЛ ДА, ӨМІР СЫЙЛА

Іле аудандық орталық ауруханасында  қан тапсыруға еріктілерді тарта отырып, қан тапсыруға шақыру мақсатында «Донор бол!» облыстық қан тапсыру акциясы өтті. Жалпыұлттық жоба шеңберінде ұйымдастырылған игі іске ауданымыздың тұрғындары  қан орталығына барып ерікті, өтеусіз түрде донор болып, жалпы 200-ге жуық адам қан тапсырды.

Қан орталығына келген донорлардың ең алдымен денсаулықтары толық тексеруден өткізілді. Олардың қант мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғы зертханалық жолмен анықталып, содан кейін ғана донор болуға мүмкіндік берілді.

Айта кетейік, донор болуға салмағы кемінде 55 келі жасы 21 мен 60  жас аралығындағы азаматтар қабылданды. Донациялау күндері қан және оның компоненттерін тапсыру күнінен бір күн бұрын донорлар майлы, қуырылған, ащы, сүрленген тағамдар, сүт өнімдерін жемеу, процедураға дейін екі тәулік бұрын ішімдік ішпеу, процедурадан үш тәулік бұрын аспирин, анальгин, құрамында анальгетиктер бар басқа да препараттарды қабылдамау және процедураға дейін кемінде бір сағат бұрын темекі шекпеу керек.

Аурухананың транфузиолог дәрігері Әділхан Бақбергенұлы: «Іле ауданы бойынша донорларды алмастыру, ауруханамызда жатқан рецепиентерге қан құю, қан топтарын анықтау менің қызметіме кіреді. «Донор бол!» акциясы бес жылдан кейін өз жалғасын тауып тұр. Өйткені, елімізде ковид-19 кезінде, карантиндік шаралар салдарынан донорлық акция тоқтап қалған еді, бүгін жалғасты» — деді.

Донор болу, екінші адамның өмірін сақтап қалу қағидасымен акцияға жиналғандар қарасы көп болды. Бір адамнан шамамен 15-20 минуттың ішінде 350-500 грамм қан алынады екен. Мамандар алдағы уақытта да «Донор бол!» акциясын жиі ұйымдастырамыз деп отыр. Мамандардың айтуы бойынша акцияға қатысуға шақыру барлық әлеуметтік желі-лер бойынша таралған. Ал, алынған қан гемопатиялық, геникологиялық оталарда, жол апаттарына ұшырағандарға құйылады екен. Қан сақтау камерасында қор жеткілікті көрінеді.

Донор болу бақыты бәріне бірдей бұйыра бермейді екен. Мысалы, сары аурумен ауырғандар (Боткина), жалпы қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар (әйелдерде – 110 г/л, ерлерде – 120 г/л) донор бола алмайды. Мұнан бөлек, ота жасатқандарға, тісін емдетіп, жұлдыртқандарға, дәрі-дәрмек тұтынғандарға, екпе салдырғандарға донор болуға шектеу қойылған. Қан тапсырудың пайдасы мол. Белгілі мөлшердегі қан өткізілгеннен кейін қан жасушалары жаңарып, жаңа қан пайда болады. Атресклероз, қан қысымы ауруы, жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларының және инсульттің алдын алады дейді мамандар.

Арнайы жүргізілген есеп бойынша ауданда бір жылда 18000-ға жуық адамның қан тобы, резусфакторын анықтаса, маман-дар бір жылда 2000-нан аса рецепиент-терге 3000-нан аса трансфузия жүргізіледі екен. Яғни, Іле аудандық ауруханасындағы қан құю орталығы бір жылда 2000-нан аса адамға қан, плазма, альбумин сынды қанның компоненттерін рецепиенттерге құйылады. Бұл өте ауқымды жұмысты дәл осы акцияны ұйымдастырушы трансфузилогтары өткізеді екен.

 Б. ЧОЙБАСОВ

Суретте: Іле аудандық аурухананың транфузиолог дәрігері Әділхан Бақбергенұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button