АНАЛАР – ӨМІР ШУАҒЫ
Құрметті аяулы ақ жаулықты аналар, гүлдей құлпырған қыздар, күллі арулар қауымы!
Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге «8 наурыз – халықаралық әйелдер күні» мерекесі де келіп жетті. Бұл – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзікжанды қыздар қауымының төл мерекесі. Бүкіл дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген шұғылалы көктеммен қатар келген «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен» баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді әрбір күнде қасымызда болып, ардақты ана, жанашыр әпке-қарындас, аяулы жар, сүйікті қыздарымыз болғандарыңыз үшін жыл он екі ай қуанышқа бөлеп, аяласақ та артық емес.
Өңіріміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы асыл аналарымыз, аяулы аруларымыз екені белгілі. Жаратылысынан жандары жылуға, жүректері сезім мен сырға толы, тіршілігіміздің сәні болған әйелдер қауымына аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те тән.
Әр шаңыраққа шырақ, еріне қуат, бала-шағасына шуақ болып отырған арулар қауымынсыз денсаулық сақтау, білім, мәдениет, журналистика, қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру сынды халқымыз үшін ең маңызды салаларды елестету тіпті мүмкін емес. Бүгінгі біздің қоғамда «ұстаз ана», «саясаткер әйел», «қайраткер әйел», «кәсіпкер әйел» секілді ұғымдардың әбден орнығуы нәзікжандардың қай салада болмасын ерлермен иық тіресе жұмыс істей алатындығын көрсетсе керек. Қар астынан гүл ашқан бәйшешектей өздеріңіздің нәзік иықтарыңызбен жауапкершілігі мол, өмірлік маңызы зор қызметтерді атқарып жүрсіздер.
Анасын асылым деп санайтын, әпке-жеңгелерін қымбатына балайтын, қарындасын қарлығашым деп қадірлейтін, өмірінің қосағы сүйікті жары мен тәтті сезімінің жемісі өз қызын жанындай жақсы көретін ерлер қауымының сіздерге деген құрметі мен ілтипаты ерекше.
Ел тәуелсіздігін нығайту жолында отбасы мен қоғам жүгін қатар арқалап, қайыспай көтеріп жүрген барлық нәзікжандарымызға айтар алғысымыз шексіз! Шуақты мереке сіздерге жылылығы мен жақсылығын, берекесі мен молшылығын, ырысы мен қуанышын ала келсін, аяулы арулар!
Бүгінгі мерейлі мерекелеріңізде Сіздердің дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, береке-бірлік пен қуаныш тілеймін!
Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, құрметті арулар!
Бағдат ҚАРАСАЕВ,
Іле ауданының әкімі