«Көрісу күні» Боралдайда аталып өтті
Көрісу – қыстан аман-есен шыққан жұрттың аманшылық сұрасып, хал жағдай білісіп, саулық сұрасатын қауышу дәстүрі. Бұл күні барша халық көріскен адамына жақсы тілектерін арнап, араларындағы реніштерін ұмытып, кешірім сұрасады. Сондықтан да көрісу күнінің маңызы өте жоғары болып табылады.
Наурыз мерекесі қарсаңында жасалатын ізгі амалдардың бірі — көрісу күнінде бас қосып, амандық сұрасу-басты парыз.
Барша мұсылман елдері мен түркі тілдес халықтардың жаңа жылы болып табылатын бұл мереке біз үшін ұлы күн! Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған халқымыз — Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп бағалап, ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы амалдарды Көрісуден бастаған.
Осы дәстүрді боралдайлықтар да ұлықтап, ақ жаулықты аналарымыз төрден орын алып, ақ батасымен басталған шара ерекше аталып өтті. Іле ауданының құрметті азаматы, Боралдай кенттік аналар кеңесінің төрайымы Қаламбаева Мархаба алғашқы сөз кезегін алып, Көрісу күнінің тарихы туралы мағлұмат беріп, салт-дәстүр туралы сұрақтар қойып, қатысушыларды бір ширатып алды. Кент әкімінің орынбасары Айнұр Таңатарқызы осындай игі шаралар келешек ұрпаққа үлгі екенін және салт-дәстүрімізді дәріптеу басты міндетіміз деп атап өтті. Күнделікті өмірде мән бере бермейтін, тіпті ұмытылып бара жатқан дәстүрді жаңғырту (адамның 12 мүшесі, қамшының қасиеті т.б) туралы біліп қайттық. Сонымен қатар кітапханашылар тарапынан арнайы көрме қойылып, әсем ән айтылып, оқушылардың жыр-шумақтарымен жалғасын тапты.
Ардақ Ахметжанқызы,
Боралдай кентінің бас маманы